Ең басты міндет – тәуелсіздікті нығайту
Кеше облыс әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен актив отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауының ел дамуындағы маңызы, айқындалған міндеттерді жүзеге асыру жолдары жан-жақты талқыланды.
Жиынды ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров Президент Жолдауы елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына стратегиялық бағыт сілтейтінін атап өтті.
Мұнан соң сөз алған облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев Жолдаудың саяси реформаларға қатысты тұсына ерекше тоқталды.
Ал білім беру саласының ардагері Дәмеш Өскембаева Жолдауда білім саласына қатысты маңызды бастамалар көтерілгенін жеткізіп, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Кездесу барысында Жуалы ауданы, Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы да сөз сөйледі.
Жиынның негізгі баяндамасын жасаған Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Президент Жолдауы еліміздің келешек даму бағдарын белгілеп, мақсаттарға жетудің жеті стратегиялық бағытын нақты айқындап бергенін атап өтті. Сондай-ақ өңірлерге арналған тапсырмалар мен алдағы реформалардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылу тетіктеріне тоқталды.

Мәлік Нұржанұлы сонымен қатар биылғы Жолдаудың маңызды тұстарының бірі – бір палаталы Парламентке көшу туралы ұсыныс екенін жеткізді. Бұл – ел Президентінің заң шығару процесін тиімді етуге бағытталған батыл реформасы. Конституциялық соттың құрылуы, саяси партияларды тіркеудің жеңілдеуі сияқты бастамалар да осы реформалар тізбегінің жалғасы. Президент ұстанымындағы әділдік, сабақтастық және өрлеу қағидаттары осы өзгерістердің мәнін айқындайды.
Жиынды қортындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров отырыста сөз болған мәселелер назарға алынып, бұл бағыттағы жұмыстардың жедел әрі сапалы түрде ұйымдастырылуына көңіл бөлінетінін жеткізді.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ