Жаңалықтар

Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Байзақ ауданы тұрғындарымен кездесті

ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев облысқа жұмыс сапарымен келіп, Байзақ ауданының тұрғындармен кездесті. Кездесудің негізгі тақырыбы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауының өңірде іске асырылуы болды.

Бас қосуға аудан тұрғындары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйым мүшелері мен жастар қатысты.

Шараны облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев ашып, жүргізіп отырды.

Жиында Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев Жолдауда берілген тапсырмалардың орындалуы туралы баяндама жасады.

Сонымен қатар кездесу барысында Байзақ аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев пен Қостөбе ауылдық округінің әкімі Мұхтар Мамышев атқарылып жатқан жұмыстар туралы қысқаша мәлімет берді.

Мұнан соң Мәлік Отарбаев сөз алып, Президент Жолдауының негізгі бағыттарына кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде цифрландыру, экономиканы дамыту, инновациялар, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат және құқықтық тәртіпті нығайту, «Заң мен тәртіп» қағидатын, «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» бағдарламаларын іске асырудың маңыздылығын, олардың тұрақты әрі әділ қоғам қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті.

Президент кеңесшісі цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың, экономикалық өсудің, басқару тиімділігін, қауіпсіздікті және азаматтардың өмір сапасын жақсартудың негізгі құралдарына айналып отырғанын жеткізді.

Оның айтуынша, бұл процестерде цифрлық дағдыларды тез меңгеретін және инновациялық шешімдер жасай алатын жастардың рөлі айрықша. Сол себепті жаңа буын өкілдері елдің цифрлық трансформациясының қозғаушы күші болуы тиіс.