Жаңалықтар

Қазақстанда халықаралық есірткі желілері әшкереленді

Бұл туралы ҚР Бас Прокуроры Берік Асылов өзінің Х әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды arainfo.kz

Елімізде есірткі бизнесіне қарсы күрес күшейтілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша прокуратура құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп, интернет арқылы таралатын есірткі желілерін анықтап, оларды жою бойынша ауқымды жұмыстар атқаруда. 

Арнайы прокурорлар Шымкентте Telegram мессенджері арқылы жұмыс істеген халықаралық есірткі таратушы желінің жолын кесті. Тергеу жұмыстарына қазақстандық мамандармен бірге АҚШ-тың есірткіге қарсы күрес агенттігі – DEA өкілдері қатысқан.

Тергеу нәтижесінде:

  • қылмыстық схемаға 300-ден астам адам тартылғаны анықталды;
  • тек екі айыпталушының қаржы айналымы 7 млн АҚШ долларынан асқан;
  • 24 адам ұсталды, оның ішінде Ресей, Өзбекстан және Ауғанстан азаматтары бар;
  • 500 млн теңгеден астам мүлік тәркіленді;
  • ақша «дропперлердің» карталары мен заңсыз криптобиржалар арқылы аударылған.

Сонымен қатар Шымкент аумағынан екі ірі есірткі зертханасы табылып, жойылды. Зертханалардан:

6,1 кг дайын мефедрон,

330 г оралған есірткі,

2,1 тонна прекурсор,

толық зертханалық жабдық алынды.

Қылмыстық желі «Карбон», «DDD_Shym» және басқа Telegram арналарын пайдаланған, олар арқылы есірткі таратылып қана қоймай, сонымен қатар «алғашқы қолданушыларға» оларды өндіру әдістерін үйреткен. Кейбіреулер прекурсорларды жеткізетін және айналымды бақылайтын негізгі желімен байланысын сақтай отырып, өз арналарын ашты. Осындай тәсілдер еліміздің басқа өңірлерінде тергеп-тексеруде қолданылды. Ұлытау мен Маңғыстау облысының арнайы прокурорлары бастаған жедел-тергеу топтары синтетикалық есірткі сатуға әлеуметтік желілерді пайдаланатын есірткі сатушылардың екі таралған желісінің қызметін әшкереледі. Екі істе сотқа жіберілді.

Осылайша, Ұлытау облысында «Kaef Mafia» Telegram арнасы арқылы есірткі сатқан дүкеннің жұмысы тоқтатылды. 6 айыпталушы қамауға алынды, цифрлық активтерді, криптовалюта әмияндарын және басқа да құндылықтарды қосқанда 3,2 миллиардтан астам теңге мемлекет кірісіне айналдырылды. Маңғыстауда «Dune-Operator 24/7» есірткі дүкенінің әрекеттерінің жолы кесілді.

Есірткі сатудан түскен қолма-қол ақшаны банкке тапсыру кезінде арнайы прокурор облыстың ЭТД және ПД қызметкерлерімен бірлесіп, Шымкентке барған кезде 1 миллиард 155 миллион теңге және 176 мың АҚШ долларын тәркілеген. Сонымен қатар сот бір жеке кәсіпкердің банктік шотына есірткі бизнесінен түскен 1 миллиард теңгеге және 734 228 АҚШ доллары (USDT) бар криптоәмиянға тыйым салды.

Берік Асыловтың айтуынша, бұл операциялар Қазақстанның құқық қорғау және арнайы органдарының үйлесімді, жүйелі әрі жанқиярлық еңбегінің нәтижесі.
Жүзеге асырылған шаралар арқылы мыңдаған азамат пен олардың отбасы есірткінің зиянды ықпалынан қорғалды. Құқық қорғау органдары есірткі бизнесіне қарсы күресті күшейтуді әрі ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жалғастыратынын мәлімдеді.