Жаңалықтар

Министр: Мұғалімнің біліктілігі тәжірибесіне қарай бағалануы тиіс

Елордада өткен диалог-платформада министр педагогтерді аттестаттаудың жаңа қағидалары пысықталып жатқанын айтты, деп хабарлайды arainfo.kz

Астанада орталық атқарушы органдар мен ауыл әкімдерінің қатысуымен өткен диалог-платформада Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдерді аттестаттау қағидаларын қайта қарау бағытында жұмыстар жүріп жатқанын мәлімдеді.

Талқылау барысында ауыл әкімдері магистратура бітірген педагогтерге біліктілік санатын автоматты түрде беру жөнінде ұсыныс көтерді. Министр бұл мәселе бойынша өз ұстанымын білдіріп, педагогтердің кәсіби деңгейі нақты тәжірибесімен бағалануы керектігін атап өтті.

Кездесуде министр шағын жинақты мектептерді қолдау шаралары күшейтілетінін де жеткізді. Ауылдық білім сапасын арттыру, оқу үдерісінің тиімділігін көтеру мақсатында педагогтерді тарту және оларды қолдау бойынша жаңа бастамалар іске асырылмақ.

Айта кетейік, министрлікке қазіргі уақытта аттестаттау қағидаттарын қайта қарауға қатысты педагогтер тарапынан көптеген ұсыныстар түсіп жатыр. Бүгінде елдегі білім беру саласында 600 мыңға жуық мұғалім еңбек етеді.