Еңбек адамы

Қолөнерші Қарлығаш

Қазіргі таңда қоғамда мамандық таңдауға деген көзқарас өзгеріп келеді. Бүгінде жастар білім алу жолында тек университетпен шектелмеуде. Кәсіптік білім мен нақты дағдыға ие болу – табысты кәсіптің кілті. Себебі еңбек нарығында сұранысқа ие маман әрқашан бағалы.

Бүгінгі таңда әлеуметтік желіні ашсақ та, шағын көрмелерге барсақ та гипстан, сабыннан, кейде моншақтан жасалған мүсіндерді жиі көзіміз шалады. Қолдан мүсін, бұйым жасаудың өзі қажырлы еңбек пен төзімділікті талап етеді. Осындай еңбектің бағасын біліп, оны өз кәсібіне айналдырып отырған жандардың бірі – Қарлығаш Тлешева.

Жамбыл ауданы, Жасөркен ауылының тумасы Қарлығаштың мүсін жасау кәсібін қолға алғанына 3 жыл болыпты.

Кез келген кәсіп секілді бұл салада да үйлесім мен өнім сапасы бастапқы орында. Сол себептіде Қарлығаш Тлешева әрбір тұтынушының қалауына сай тауар ұсынуды басты ережесіне айналдырған.

Халқымыз ерте заманнан-ақ «Еңбектің наны тәтті» деп бекер айтпаған. Бұл жұртымыздың еңбекті сол кезден бері жоғары бағалағанының дәлелі. Қазіргі таңда жастар арасында еңбекке деген құштарлықты арттыру да маңызды. Жастар тек оңай жұмыстарға ғана емес, шығармашылықты талап ететін жұмыстарға да қызығушылық танытуы керек. Осы орайда біздің бүгінгі нәзік жанды кейіпкеріміз Қарлығаш Тлешеваның кәсіп жолы мен еңбекқорлығы көпке үлгі болатындығы сөзсіз.

Сымбат ҚУАНЫШ