Еңбек адамы

Құрметке лайық құрылысшы

Еңбек нарығында құрыш білекті құрылысшыларға сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Сұраныстың артқанынан болса керек, бүгінде құрылыс саласында ер-азаматтармен иық тірестіріп еңбек етіп жүрген нәзікжандылар да аз емес.

Сондай еңбек адамдарының бәрі – Айнұр Бекманова 1982 жылы Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында дүниеге келген. Құрылыс саласында 2008 жылдан бері еңбек етіп келеді. Заты әйел болса да, өз ісін ер-азаматтардан артық біледі. Нәзікжанды екеніне қарамай, қайнаған құрылыстың ортасында жүр.

Сөйлегенде қандай жылдам болса, ісі де сондай ширақ. Жауапкершілігі жоғары жұмысшы екені түр-тұлғасы, сөйлеген сөзінен-ақ көрініп тұр. Оқыған мамандығы – есепші.

Жеке өміріндегі сынақтарды қайыспай көтере білген ана жұмыстың қиындығына шағымданып, мойыған емес. Қолдау білдіріп, сенім артатын жақын адамдары қасында. Жұмысына ұқыпты, тірлігіне тиянақты, бастысы, адал ниетпен, еселеп еңбек етіп жүр.

Кейіпкеріміздің айтуынша, құрылысшы болу – төзімділік пен ептілікті, жауапкершілікті қажет етеді. Сондай-ақ құрылысшыға қойылатын талаптар да оңай емес екен.

Айнұр мен командасы заман көшінен қалмай, құрылыс саласындағы жаңашылдықтарға, стандарттарға ілесіп отырады.

Сондай-ақ кейіпкеріміз тапсырыс беруішінің жұмысын тиянақты әрі уақытылы аяқтау үшін әріптестеріне де үлкен талаптар қоятынын жеткізді.

Кейіпкеріміздің қапысыз қарым-қабілетіне, жылдар бойғы тәжірибемен келген шеберлігіне тәнті бола отырып, ел айтып жүрген еңбек адамының шынайы бейнесі осындай болса керек деген ой қорыттық.

Сымбат ҚУАНЫШ