Ішімдікті бір жұтамын деп, зарын мың жұтпаңыз
Естіні есінен айырып, ұяңды ұяттан бездіріп, ақылынан адастыратын ащы суды қазақ о бастан ұнатпаған. Бүкіл бәле-жаланың бәрі осы уытта екенін білген.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Швейцарияда жаңа туған нәресте дүйсенбі және бейсенбі күндері аяқ-қолы дірілдеп, талып қала беретін дертке тап болады. Сол дертті емдеу барысында нәрестенің анасын тексерген. Емізулі әйел аптасына екі рет, сәрсенбі және жексенбі күндері жұмысқа бармай, демалатыны белгілі болады. Міне, дәл осы демалыс күндерінде әлгі әйел аздап шарап ұрттайтын көрінеді. Сөйтіп келесі күні ана қанындағы алкоголь сүт арқылы нәрестенің организміне өтіп, оны талма ауруға ұшыратқаны анықталған.
Алла елшісінің (с.а.у.) бір хадисінде «Мына дүниеде ішімдік ішкен адамға ана дүниеде тозақтықтардың денесінен шығатын ірің мен терін ішкіземін деген Алла Тағаланың уәдесі бар» делінген. Одан бөлек Алла елшісі (с.а.у.) «Алла Тағала арақты iшкенді, сатқанды, сатып алғанды, дайындағанды, дайындауға тапсырыс бергенді, тасымалдаушыны лағынеттедi!» – деп, ішімдіктің түрлі күнәнің бастауы екендігін баяндаған. Сондықтан сахабалардың ешбiрi де iшiмдiк iшпеген және ішімдік саудасымен айналыспаған.
Бүгін сайран салған отбасылардың, ертесіне-ақ ойран болған мысалдары қаншама?! Небір ақылдың кеніне айналған ғұламаның өмір бойы жиған ілім-білімін бір жұтым ащы суға айырбастап кете барғаны ше? Ішкені ірің, жегені желімге айналып, итаяқтан ас ішіп, бір бұтаны құшақтап өлім құшқандардың да бар екенін жоққа шығара алмайсың. Талайлардың бақытты шаңырағын шайқалтып, өрімдей ұл-қызының бар екенін есінен шығарып, ұмыттырған ішімдікті бір жұтам деп, зарын мың жұтқандар да баршылық.
Үстіне тағдырындай жырым-жырымы шыққан күртеше киген қырықтың қырқасындағы жігіт қасымнан өте шықты. Сәлден кейін оның қоқыс аралап, шолақ саусағымен шөлмек жинап жүргенінің куәсі болдым. Тағдырының талқанын шығарған ащы суды аңсап тұрғаны көзінен көрініп тұрды. Ұстатқан тиыныма қарап тұрып, сұхбаттасуға келісе кетті.
Ол өзін Марат деп таныстырды. Меркі ауданында дүниеге келіпті. Күн жылыда көшедегі орындықтарға жантая кетеді екен. Ал күн суығанда арнайы орталық іздеп, аласұратынын да жасырмады. Аяқ-қолының саусақтарының тып-типыл екенін, күн суығанда мас күйінде көшеде ұйықтап қалып, үсітіп алғанын айтты.
Келесі сұрақты жасы Марат құралпы әлгі әйелге бағыттадым. Дегенмен екеуі мені естімеді. Әрнәрсені бір айтып, езулері күлкіден тиылмады. Бұл кісілерден өмірдің мәні туралы сұрау қате екенін ұқтым. Ұлтарағы сыртына шығып кеткен қисық етігімен қала ішіндегі біраз қоқыс жәшіктерін шарлап жүріп тапқан-таянғандарын бір-біріне көрсетіп әлек боп жатыр.
«Арақ ақылдың дұшпаны» деген сөздің төркінін енді ұққандаймын. Оларды ешқандай несие, құжат, «бүгін қайда түнеймін» деген сұрақ тұрмақ, тіпті туған баласы да қызықтырмайтынын сездім. Олар түкке қажеті жоқ өз әлеміндегі кеңістікті шарлап жүр. Кенет Марат доғал қолымен мені нұсқап «Журналист екен. Бізден сұхбат алып жатыр» деп кеңк-кеңк күлгенде барып, әйел маған назар аударды.
Ол сүйікті жары, қызы мен ұлы бар екенін айтты. Оларды жақсы көретінін, іздеп жүргенін, өйткені мекенжайын ұмытып қалғанын да қосып қойды. Сәл үнсіздіктен соң, жүзін маған бұрып:
Естісем де естімегендей сыңай танытып:
– Олар қай жылғы?
Көздері шарасынан шығып кетердей болған әйел, жас жуған жанарын тіктеп біраз тұрды да:
«Арақ әулеттің жауы» деген осы. Бүтін бір отбасыны тірідей отанасынан айырып, балаларды анасыз қалдырып отыр. Бір жұтым арақ үшін көше кезіп кеткен әйел өз балаларын сонда бір сәт ойына да алмаған сыңайлы.
Біздің қоғамда алкоголь мен оған тәуелді ететін жол үнемі ашық. Адам неге араққа тез үйреніп кетеді, оның қай тұста қауіпті әдетке айналатынын ешкім байқамайды да. Алғашқы рюмка көбіне көңіл көтеру үшін достар арасында немесе стрессті басу мақсатында ғана алынады. Бірақ осы сәт тәуелділіктің алғашқы баспалдағы екенін ешкім ойына да алмайды.
Мамандардың айтуынша алкоголь миға әсер етіп, өзін жақсы сезіндіретін гормондарды уақытша көбейтеді. Сол «жақсы сезім» адамды қайтадан сол күйге жетуге итермелейді. Осылайша ми алкогольді жеңіл жолдағы жұбаныш ретінде қабылдай бастайды. Бірте-бірте бұрынғы әсерді алу үшін көбірек ішуді талап етеді. Тәуелділіктің күшейген тұсы да осы. Кей жағдайда күнделікті өмірдегі қиындықтар, қоғам қысымы немесе жалғыздық сезімі ішімдікті таңдауға себеп болуы мүмкін. Тіпті кей адамдар үшін арақ уақытша «құтқарушы» рөлін атқарады. Бірақ уақытша жеңілдік ертеңгі ауыр шындыққа айналуы мүмкін екенін ұмытпаған жөн.
Ішуді азайтқан кезде мазасыздық, ашушаңдық немесе дененің дірілі байқалса, ішімдікке тәуелділіктің психологиялық қана емес, физиологиялық деңгейге өткенінің айқын дәлелі болмақ. Сондықтан алкогольге үйрену көзге көрінбейтін, бірақ өте жылдам өрбитін процесс екенін естен шығармаған абзал. Оның басталуы қарапайым көрінгенімен, соңы күрделі мәселелерге әкелуі ғажап емес.
Осы орайда психолог Айару Оңғарбаймен тілдескен едік. Ол маскүнемдіктің құрбанына айналған жандар туралы өз ойын білдірді.
Араққа жоламай, дұрыс таңдау жасау арқылы әр адам өз болашағын және жақындарын қорғауға мүмкіндік алады. Сондықтан алкогольден бас тарту өмірді басқарудың және бақытқа жетудің негізгі шарттарының бірі. Одан аулақ болу тек физикалық және психикалық саулығыңды сақтау ғана емес, сонымен қатар отбасың мен қоғамдағы сенім мен өзіңе деген құрметті сақтаудың биігі. Уытсыз сана жеке адамның ғана емес, тұтас бір қоғамның денсаулығының кепілі, шаттыққа толы ғұмырдың тұтқасын ашуға апарар жол. Ал бұл жол бірінші кезекте алкогольдің әсерін дұрыс түсінуден басталатынын біліп жүрген абзал.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ