Бизнесті қолдау: шығындарды шегерімге жатқызу
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен жұмыс істейтін компаниялар үшін маңызды ынталандыру тетіктерінің бірі – салықтық шегерімдер. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтармен жасалған мәмілелер бойынша шығындарды корпоративтік табыс салығы (КТС) немесе жеке табыс салығы (ЖТС) бойынша салық салынатын табысты есептеу кезінде шегерімге жатқызуға болады.
Бұл қадам нарықтың ашықтығына ықпал ете отырып, бизнесті өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың қызметін заңды түрде тартуға ынталандыра түседі.
Бекітілген тізім өзіндік жұмыспен қамту саласында ең көп таралған 40 қызмет түрін қамтиды.
Рұқсат етілген қызметтің негізгі санаттары:
– Тұрмыстық және жөндеу қызметтері: компьютерлерді, тұрмыстық техниканы, киім-кешекті, аяқ киімді, жиһазды, зергерлік бұйымдарды жөндеу, сондай-ақ сылақ, сырлау, ағаш ұсталығы және басқа да шеберлік жұмыстары.
– Шығармашылық және зияткерлік қызметтер: көркем және әдеби шығармашылық, фотосурет, ауызша және жазбаша аударма, сондай-ақ спорт, демалыс және мәдениет саласындағы білім беру.
– Жалға беру және көлік қызметтері: такси қызметі, тұрғын үйді жалға беру (субаренда), жеке қолданыстағы заттарды жалға беру.
– Интернет-платформалар арқылы көрсетілетін қызметтер: тек интернет-платформалар арқылы көрсетілетін қосымшаі коммерциялық қызметтер.
Жаңа режим бекітілген тізімге кірмейтін қызмет түрлерімен айналысатын азаматтарға қолданылмайды.
Жаңа АСР-ді енгізу – экономиканың едәуір бөлігін көлеңкеден шығаруда, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды толыққанды әлеуметтік қорғауда және оларды ресми еңбек нарығына интеграциялауда маңызды қадам. Бұл жеңілдету әкімшілік жүктемені азайтып қана қоймай, заңды экономикалық статистиканың қалыптасуына да ықпал етеді.
Жаңа АСР – шағын бизнес пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қолдауға бағытталған революциялық қадам. Бұл тек төмен мөлшерлеме ғана емес, барынша оңайлатылған тетік те болып есептеледі. Адам өз табысынан 4 пайыз мөлшерінде төлемді ыңғайлы қосымша арқылы төлеп, өзінде зейнетақы аударымдары мен медициналық қызметке қолжетімділік бар екеніне сенімді бола алады. Бұл – мемлекет үшін де, өзін-өзі жұмыспен қамтыған әрбір азамат үшін де өзара тиімді шешім.
М.ЖАМБЫЛҰЛЫ