Жеңілдетілген салық режимі: тізімге кімдер енді?
Үкімет осы жылдың 21 қарашасындағы Қаулысымен 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жаңа Арнаулы салық режимін (АСР) қолдануға рұқсат етілетін 40 қызмет түрінің тізімін бекітті.
Бұл шешім – азаматтардың экономикалық белсенділігін ынталандыруға, салықтық есептілікті жеңілдетуге және өзін-өзі жұмыспен қамту секторындағы кірістерді заңдастыруға бағытталған ауқымды реформаның бір бөлігі.
Жаңа АСР жеке кәсіпкер (ЖК) мәртебесі жоқ және жалдамалы қызметкері жоқ азаматтардың заңды түрде жұмыс істеуіне барынша қарапайым әрі қолжетімді тетік ретінде әзірленген.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР-дің негізгі артықшылықтары мен ерекшеліктері:
– ЖК ретінде тіркелудің қажеті жоқ;
– Айына 300 АЕК-ке дейінгі шекті табыс;
– Әлеуметтік төлемдерді ғана қамтитын бірыңғай 4 пайыз мөлшерлеме;
– Платформа/қосымша арқылы жұмыс істеу талабы жоқ;
– Жалдамалы қызметкерлерді алуға тыйым салынады;
– Жұмыс істеу тетігі таңдалады: аккредиттелген интернет-платформа арқылы немесе Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетінің мобильді қосымшасы арқылы.
Әлеуметтік төлемдерді 4 пайыздық бірыңғай мөлшерлемеге енгізу өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға әлеуметтік қамсыздандырылуға, зейнетақы жинақтарына және медициналық сақтандыруға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осы арқылы олар бұған дейін негізінен ресми түрде жұмыс істейтін азаматтарға ғана қолжетімді болған әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз етіледі.
М.ЖАМБЫЛҰЛЫ