Жастар депозит жинағына ден қоя бастады
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында «Цифрлық гигиена, дипфейктер және қаржылық қауіпсіздіктің аспектілері» тақырыбында ақпараттық дәріс өтті. Іс-шараға облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары, құзырлы орган өкілдері мен студенттер қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне айрықша тоқталып: «Көптеген елде, тіпті кейбір дамыған мемлекеттердің өзінде қылмыс пен тәртіпсіздік өршіп тұрғанына қарамастан, біз соңғы жылдары қауіпсіз қоғам құру жолында едәуір жетістікке жеттік. Көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс пен заңсыздық тыйылып келеді. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды.
Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді» – деді.
Ал биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Жаппай цифрландырудың, соның ішінде банк саласын цифрландыру ісінің пайдасы көп екені сөзсіз. Бірақ оның қауіп-қатері де аз емес. Соңғы жылдары онлайн-алаяқтық мемлекеттің және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне үлкен нұқсан келтіріп жатыр. Сондықтан киберқылмыспен күресу үшін антифрод орталығы құрылды. Биометриялық анықтау жүйесі енгізілді. Банктердің, микроқаржы ұйымдары мен байланыс операторларының жауапкершілігі күшейді. Дегенмен бұл мәселеге үнемі жіті назар аудару қажет. Құзырлы органдардың жұмысын ұдайы жетілдіріп отырған жөн» деп, киберқылмыстардың алдын алуға мүмкіндік беретін барынша интеллектуалды жүйе құруды, қажет болса, тиісті заңға және құқық қорғау органдарының қызметіне өзгерістер енгізуді тапсырды.
Сондай-ақ Президент «Қарызсыз қоғам» жобасын жалғастырудың маңызын атап өтті. Өйткені жоба 2022 жылдан бері халықтың қаржылық сауатын арттыруды, қарызға тәуелділікті азайтуды, жеке қаржыға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Былтыр бұл жоба аясында 845 мың азамат білім алып, заңгерлік көмекке жүгінді. Ал биыл 2 ақпан мен 25 тамыз аралығында 51 мың адам офлайн-оқудан өткен, 111 мың азаматқа заңгерлік кеңес берілген, 174 836 қатысушы онлайн-курстарды аяқтаған. Жыл басынан бері жалпы 770 мыңнан аса отандасымыздың берешегін реттеуге қатысты нақты көмек көрсетілген.
Осылайша Президент тапсырмасына сәйкес атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қоғамда қаржылық мәдениет біртіндеп қалыптасып келеді. Дегенмен әлі де атқаратын жұмыс аз емес. Цифрлық технологиялар дамыған сайын алаяқтардың да әдістері түрленіп, зардап шегушілер саны көбеймесе, азаяр емес.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде өткен жиында осы бір бүгінгі заманның ең өзекті мәселесі кеңінен талқыланып, атқарылған жұмыстар сараланып, қатысушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Басқосуды ашқан университет ректоры Махметғали Сарыбеков жастардың цифрлық қауіпсіздікке қатысты көзқарасын қалыптастыруға және жауапкершілігін арттыруға бағытталған жұмыстар қарқынды түрде жалғастыра беретінін жеткізді.
Ал облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің штаб басшысы, полковник Ержан Кенжебаевтың айтуынша, елімізде интернет-алаяқтық жыл сайын артып келеді.
Сондай-ақ департаменттің криминалистикалық бөлімінің басшысы Мақсат Байдалиев жиі кездесетін алаяқтық схемаларын, әлеуметтік желідегі фейк аккаунттардың алдау тәсілдерін және киберқылмыскерлердің жаңа әдістерін көрсетті. Сондай-ақ, интернеттегі күмәнді ақпаратқа сенбеу, банк картасын қорғау, құпия сөздерді құпия сақтау, бейтаныс сілтемелерден аулақ болу сияқты негізгі қауіпсіздік қағидалары түсіндірілді.
Осы орайда, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының ел жастарының қаржылық сауатына байланысты жүргізген сауалнамасының нәтижесіне де тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз. Анықталғандай, 35-ке дейінгі отандастарымыздың 4/1-інде депозит жинағы бар. Жеке қорына қаржыны әсіресе 24-28 жас аралығындағы азаматтар көбірек жинайды екен.
Ашып айтсақ, 14-18 жас аралығындағы жастардың 9,4 пайызында, 19-23 жас аралығындағы жастардың 22,2 пайызында, 24-28 жас аралығындағы жастардың 28,8 пайызында, ал 28-34 жас аралығындағы жастардың 25,4 пайызында депозит жинағы бар.
Бір қызығы, жас буынның 2,8 пайызында қос-қостан депозит тіркелген. Негізі 43,4 пайыз жастарда тек бір депозит жинағы бар. Демек көпшілігі жас қосылған сайын келешекке қаржы қорын жинауды әдетке айналдырған. Әрі оған мүмкіндігі бар деген сөз.
Ал Қаржылық мониторинг агенттігінің сәуір айындағы есебіне сүйенсек, 2,8 мың оқу орнындағы 567 мың оқушыға қаржылық қауіпсіздік бойынша сабақ өткізілген. Мұндай жұмыс 100 жоғары оқу орнында жүргізіліп, 100 мыңнан аса студентті қамтыған.
Мұқағали ЖАМБЫЛҰЛЫ