Әлеумет

«Қазавиақұтқару» қызметі туралы не білеміз?

Кейде азаматтық қорғау саласының қызметкерлері мен дәрігерлер зардап шеккен адамға дер кезінде көмек көрсете алмауы мүмкін. Мәселен, көлік қатынасы қиын, жолы ойқы-шойқы, шалғайда орналасқан ауылдың бір тұрғыны аяқ астынан ауыр жағдайға тап болды делік. Жалғыз дәрігер қолдан келгенін жасап бағуға қанша тырысқанымен, қажетті медициналық құрал-жабдығы болмаған соң толыққанды көмек көрсете алмайды. Ал облыс орталығына жету үшін бірнеше сағат жол жүру қажет. Уақытпен санаспайтын мұндай жағдайда әр минут қымбат.

Осындай қиын сәтте халыққа «Қазавиақұтқару» мамандары үміт сәулесін шашатыны анық. Олар ауа райының қолайсыздығына, арадағы қашықтыққа қарамастан, арнайы авиациялық техникамен жедел жетіп, шұғыл медициналық және құтқару көмегін көрсетеді. Шалғай ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бұл қызметтің маңызы да, жауапкершілігі де орасан.

«Қазавиақұтқару» тарихы 2002 жылдан бастау алады. Сол жылы Төтенше жағдайлар жөніндегі республикалық мемлекеттік кәсіпорынның құрамында авиациялық бөлім құрылып, кейін 2002 жылғы 26 тамыздағы №638 бұйрықпен «Қазақ өрт сөндіру және авариялық-құтқару авиациялық қызметі» ресми түрде ашылды. 2005 жылғы 25 қаңтарда Үкімет қаулысымен «Қазавиақұтқару» мемлекеттік кәсіпорны болған мекеме 2011 жылы акционерлік қоғам ретінде қайта құрылды.

Мекеме қызметінің ауқымы кең. Мұндағы мамандар төтенше жағдай орын алған аймақтарға жолаушылар мен жүктерді жеткізу, эвакуациялау, гуманитарлық көмек тасымалдау, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу сияқты қызметтерді атқарады. Сонымен қатар медициналық көмек көрсету, орман өрттерін сөндіру, құрылыс-монтаждау жұмыстарына ұшулар ұйымдастыру, аэрофототүсірілім және картографиялық жұмыстар жүргізу де қарастырылған. Сонымен бірге ресми тұлғалар мен делегацияларды тасымалдау, чартерлік рейстерді ұйымдастыру, заң талаптарына сәйкес лицензиялауды қажет ететін қызмет түрлерін тиісті рұқсаттар негізінде жүзеге асыру да мекеменің қызметіне кіреді.

Сөзімізге тұздық болсын, таяуда ғана «Қазавиақұтқару» тікұшағы Мойынқұм ауданының бір тұрғынына көмектескен болатын. Сол кезде Тараз қаласы арқылы ұшқан тікұшақ санавиация желісі арқылы ауданға шұғыл жеткен еді. Арнайы бригадаға жаңадан дүние есігін ашқан нәрестеге медициналық көмек көрсету үшін жедел ұшу қажет болған. Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, дәрігерлер шақырту орнына келіп, сәби мен ананың жағдайын анықтап, нәрестені облыс орталығына шұғыл жеткізу қажеттігін анықтапты. Жаңа туған баланың денсаулығына төнген қауіп уақытылы және кәсіби медициналық араласуды талап еткен. Тексеру нәтижесінде дәрігерлер сәби жағдайын тұрақтандырып, оны дереу әуе көлікпен эвакуациялау жөнінде шешім қабылдаған. Пневмония дертіне шалдыққан бала «EC-145» тікұшағымен жедел түрде Тараз қаласына жеткізілген. Жедел ұйымдастырылған тасымалдаудың арқасында нәресте бүгінде мамандандырылған медициналық орталықта қажетті ем-домын алып жатыр. Уақытылы көрсетілген көмек пен құтқарушылардың үйлесімді жұмысы сәби өмірін сақтап қалуға мол мүмкіндік берді.

Ана мен баланың өмірін сақтап қалуға себепші болған тікұшақты тізгіндеген азамат – Рүстем Жұмабаев. 25 жастағы ұшқыш Алматы қаласының тумасы. 2017 жылы Алматыдағы Азаматтық авиация академиясына оқуға түсіп, 2022 жылы тәмамдаған. Сол жылдан бастап «Қазавиақұтқару» мекемесінде еңбек етіп келеді.

Кейіпкеріміздің айтуынша, жұмысының ең ауыр тұсы – адам өміріне тікелей жауапты екендігін бар болмысымен сезінетін сәт. Сол себепті ұшқыштар құтқару операциясына шықпас бұрын ауа райын мұқият зерттеп, барлық шектеулерді сақтап, қауіпсіз маршрутты таңдап алады. Ұшқыштар үшін ең күрделісі – таулы аймақта ұшу. Өйткені тауда ауа ағындары тұрақсыз, жел бағыты күрт өзгереді, қону алаңдары шектеулі, биіктеген сайын қозғалтқыш қуаты төмендейді екен. Сондықтан әр шешім екі есе мұқият қабылданады.

Бұл жағдай Рүстемнің тәжірибесіндегі облысымызға жасаған алғашқы сапары болғанымен, мекеме мамандары аймақ халқының өмірін сақтап қалуда өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді. Мәселен 2022 жылы 2 қаңтар күні орталыққа Мойынқұм ауданынан жедел шақыру түседі. Хабарламаға сәйкес, омыртқасы жабық сынған ер адамды автокөлікпен шамамен 350 шақырым қашықтықтағы Таразға жеткізу мүмкін болмаған. Осыған байланысты дәрігерлер «Қазавиақұтқарудың» «Ми-8АМТ» тікұшағын көмекке шақыртқан. Экипаж шұғыл ұшып барып, науқасты қауіпсіз тасымалдап, Тараз қаласындағы №1 көпбейінді ауруханаға жеткізіпті.

Сондай-ақ 2024 жыл қаңтар айының басында Қарабастау ауылындағы Билікөл көлінде жоғалып кеткен тұрғындарды іздестіру жұмыстары жүргізілген болатын. Оқиға орнына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің тиісті күштері мен құралдары жедел жетіп, 10 тәулік бойы әуесқой балықшыларды іздеу жұмыстарын жүргізді. «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамы осы төтенше жағдай кезінде де көмекке келіп, «Еurocopter» тікұшағымен іздеу жұмыстарына қатысты.

Өңіріміз табиғи өрттер бойынша да жоғары қауіп аймағы болғандықтан, авиациялық құтқару көмегі жиі қажет болады. Әсіресе өткен жылы Меркі мен Тұрар Рысқұлов аудандарының орман алқаптарында шыққан ірі өрт кезінде олардың рөлі айрықша байқалды. Өрт 4 маусым күні Меркі ауданындағы Сарыкөбін орманшылығы аумағында басталып, құрғақ шөптің жануына байланысты тез таралып, 1 650 гектар аумақты шарпиды. Тұрар Рысқұлов ауданының жеріне де өткен тілсіз жау жалпы 1 800 гектарға дейін ұлғаяды. Десе де мамандардың жұмылдырылуымен аумақтағы өрт ошағы сөндіріліп, елді мекендерге қауіп төнбеді. Өртті сөндіруге 167 адам, орманшаруашылығының ондаған техникасы және авиациялық қызмет жұмылдырылды. «Қазавиақұтқару» тікұшақтары әуе патрулі арқылы оттың таралуын бақылауға алып, қиын жететін тұстарға бағыт-бағдар көрсетіп отырды. Меркі мен Тұрар Рысқұлов аудандарындағы өрт толық сөнгенше әуеден мониторинг үзілмеді. Жағдай қиындаған кезде орталықтың қосымша әуе күштері де дайындықта тұрды.

Сол секілді 2023 жылдың 3 тамызында да таулы аймақтан өрт шығып, «Қазавиақұтқару» тікұшақтары «Ан-2» ұшағымен бірге қиын рельефті жерлерге су тастап, өрттің таралуын тоқтатуға үлкен үлес қосты.

Осы оқиғалардың барлығы «Қазавиақұтқару» АҚ-ның өңірімізді қоса алғанда еліміздің барлық облыстарында адам өмірін құтқару, төтенше жағдайларды жою және табиғи апаттардың алдын алу ісінде аса маңызды рөл атқарғанын көрсетті.

Рүстем Жұмабаевтың айтуынша, қазіргі сәтте «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының бас директоры қызметін Алпамыс Камалов атқарып отыр екен. Тәжірибелі басшының өз жұмысына деген жауапкершілігінің арқасында орталық техникасы түгел заманауи талапқа сай жаңарып жатыр. Бүгінде әр өңірде кем дегенде бір әуе кемесі, басқаша айтқанда тікұшақ немесе ұшақ тұрақты дайындықта тұр екен.

Авиациялық құтқару саласында өзіне тән қиындықтары да жоқ емес. Соның бірі – техниканы басқаратын кадрлар тапшылығы. Мекеме басшысы Алпамыс Камалов та өз сұхбаттарында осы мәселені жиі көтеріп тұрады.

Өзіне сенген халықтың үмітін ақтау жолында еңбек ететін батырлар дайындыққа да қатты мән береді. Ұшқыш Рүстем Жұмабаевтың сөзіне сүйенсек, әр пилот жылына екі рет арнайы тренажерлық дайындықтан өтуге міндетті екен.

Шындығында да ұшқыштардың жұмысы сырт көзге қарапайым көрінгенімен, әр «эвакуацияланды» деген қысқа ғана сөздің артында талай шешім, жауапкершілік пен қауіп-қатер жатады. Отандық техниканы да, шетелдік әуе кемелерін де толық меңгерген, әлемдегі ең үздік мамандардың қатарындағы біздің ұшқыш-құтқарушылардың күнделікті еңбегі қандай мақтауға да тұрарлық.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ