Әлеумет

Бюджет қаражаты тиімді жұмсалуда

Кез келген облыс, оның ішінде жекелеген аудандардың қарыштап дамуы әр салаға бөлінетін бюджет қаражатының көлемі мен оның тиімді игерілуіне байланысты. Жоспарлы қаржыландырудың нәтижесі қыруар тірліктің жүзеге асуына себеп болатынын ескерсек, бұл тұрғыда Сарысу ауданында ілгерілеу бар. Себебі ауданда республикалық және облыстық бюджеттен қаржының бөліну көлемі мен инвестиция тарту, инвестициялық бағдарламаларды сәтімен жүзеге асыру жұмысы жанданып келеді.

КІРІС АРТЫП КЕЛЕДІ

Алдымен аудан бюджетінің кірісі мен шығысын сөз етсек, осы жылы Сарысу ауданының нақтыланған бюджетінің кіріс бөлігі 9,9 миллиард теңгені құрапты. Бұл жалпы ауданға түсетін барлық қаражаттың мөлшері, оның ішінде аудандық бюджеттің өзіне тиесілісі 9 243 822 000 теңгесі болса, ауылдық округтердің IV деңгейлі бюджеті саналатын 2 047 436 000 теңгесі бар. Кірістің құрылымы да әр түрлі көзден құралатынын ескерсек, ауданның өзіндік кірістері – 4 179 523 000 теңге, ал 3 021 548 000 теңге облыстан бөлінетін субвенцияға жатады. Нақты мақсаттарға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер 2 113 313 000 теңге болса, даму жобаларына арналған нысаналы трансферттер 601 857 000 теңгені құрайды. Осы жылдың 1 қарашасына дейінгі жоспар бойынша бюджетке 7 074 800 000 теңге түсуі керек болса, шын мәнінде 7 622 300 000 теңге кіріс кірген. Яғни жоспардан тыс 547 500 000 теңге артық түсім түскен. Аудан бюджетінің кірісі қалыптасып келе жатқанын осы көрсеткіштер арқылы аңғаруға болады. Өзіндік кірістер бойынша жоспар 2 990 100 000 теңге болса, нақты түсім 3 537 600 000 теңге болған. Ал трансферттердің барлығы толық, яғни 100 пайыз орындалған.

Осы жылы ауданның шығыстары 10,5 миллиард теңге болып жоспарланыпты. Оның ішінде аудандық бюджет шығыстары 9 788 840 000 теңге болады деп пайымдалса, IV деңгейлі бюджет бойынша шығыстар 2 089 092 000 теңге деп белгіленген. Ағымдағы нысаналы трансферттер, яғни күнделікті қажетті жұмыстар мен қызметтерге қаржы 2 113 313 000 теңгені, құрылыс, жөндеу жұмыстарын жүргізу, жаңарту сияқты жобалармен байланысты даму бағытындағы нысаналы трансферттер 601 857 000 теңгені құрап отыр. Бюджеттік кредиттер 1 868 872 000 теңге болған. 1 қарашаға дейін шығыстар бойынша жоспар 7 411 900 000 теңге болса, оның 7 383 200 000 теңгесі игерілген. Яғни жоспар 99,6 пайызға орындалған. Дегенмен, 28 700 000 теңге игерілмей қалған. Осы ретте аудан бюджеті жоспарға қарағанда тәп-тәуір орындалып жатқанын айта кетуіміз керек. Кіріс бөлігі артығымен түсіп, шығыс бөлігі жоспарға сәйкес біртіндеп игеріліп жатқаны байқалады.

Осы тектес жекелеген салалар бойынша жетістіктерді сөз етсек, биылғы 10 айда ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқан. Жалпы алғанда әр салада өсім бар. Мысалы, ауданның өнеркәсіп саласында өткен жылға қарағанда біршама табысқа қол жеткізілген. Жыл басынан бері 103 миллиард 228,9 миллион теңгенің өнімі өндіріліпті. Нақты көлем индексінің 101,2 пайыз болуы өндірістің бірқалыпты өсіп келе жатқанын айғақтайды. Өткен жылдың осы кезеңінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 71 миллиард 567,3 миллион теңге болғанын ескерсек, айтарлықтай айырмашылық бар. Аудан әкімі Сәкен Мамытовтың айтуынша, ауылшаруашылық саласында да жағдай жалпы жаман емес. Биыл 23 миллиард 866,5 миллион теңгенің өнімі алыныпты. Бұл салада да былтырғы 17 миллиард теңгеден астам табыспен салыстырғанда көрсеткіш едәуір жоғары екенін байқауға болады. Дегенмен, нақты көлем индексі 99,9 пайызды құраған.

 

ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ ӨСКЕН

Президент аталған Жолдауында елімізге қомақты инвестиция тарту міндетін де қойған болатын. Бүгінде Сарысу ауданында инвестиция тарту саясаты ерекше қарқын алып келеді екен. Негізгі капиталға 104 миллиард 676 миллион теңгеге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 295,6 пайызды құрапты. Аудан әкімі бұл бағытта ірі кәсіпорындармен жұмыс одан әрі жалғастырылатынын айтады.

Ауданда мемлекеттік құрылыс пен тұрғын үй саясатын іске асыру мақсаты басты назарға алынған. Мысалы, 10 айдың қорытындысымен құрылыс жұмыстарының көлемі 27 миллиард 670,2 миллион теңгеге немесе нақты көлем индексі 148 пайызға орындалған. Ал пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 18 282 шаршы метрді құрап, көрсеткіш 101,8 пайызға артыпты.

Ауданда жеке және шағын кәсіпорындардағы бөлшек сауда тауар айналымы 3 миллиард 929,1 миллион теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 100,2 пайызды көрсеткен екен. Бұл көрсеткіштер де аудан нарығында сауданың қызып, тұрғындардың өзара алыс-берісі артып, соның арқасында кәсіпкерлердің табысқа кенеліп отырғанын білдіреді.

 

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЗОР

Аудан әкімі өз сөзінде әрбір мемлекет өзінің болашағы мен келешегін ұрпақтары алған сапалы білімі мен тағылымды тәрбиесінен күтетінін тілге тиек етті. Айтуынша, биыл 617 миллион теңгеге білім беру нысандарына қатысты 5 жоба іске асырылыпты. Мысалы, Тоғызкент ауылындағы «Жанна» балабақшасы блок-модульді газ жүйесіне ауыстырылып, жобаға 16 миллион теңге жұмсалған. Шағалалы орта мектебі де құны 12,3 миллион теңгелік жоба арқылы блок-модульді газ жүйесіне көшкен. Қала тұрғындары тарапынан жиі көтеріліп жүрген «Болашақ» бөбекжай-бақшасының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары 355 миллион теңгеге жүргізіліпті. «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында Б.Қашқынбаев және Ш.Датқа мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жоба құны 233 миллион теңгені құрапты.

Аудан халқының денсаулығын жақсарту мен сапалы ем қабылдауларына барлық жағдай жасау бағытында да біршама жұмыстар атқарылуда. Осы жылы 156 миллион теңгеге Саудакент ауылындағы емхана ғимаратының жылу жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. 2025 жылы 16 миллион теңгеге қан қысымдарын тұрақты бақылауға арналған 2 «Смад» аппараты, 24 сағат бойы жүрек жұмысын бақылуға арналған 2 «Холтер» аппараты сатып алынған екен. Сол секілді созылмалы өкпе ауруларын тексеруге арналған 1 «Спирометр», медицианалық құрал-жабдықтарды залалсыздандырғаннан кейін қаптауға арналған аппарат, қан құрамы қышқылдық негіздік талдауына арналған аппарат алыныпты.

Сонымен қатар тамыз айында 4 дәрігер жұмысқа қабылданса, оның ішінде, акушер-гинеколог, травматолог, окулист және радиолог дәрігерлер бар.

Расында да бюджет қаржысы тиімді жұмсалған жағдайда ғана халықтың тұрмыс сапасы жақсаратыны анық. Сарысуда жүргізіліп жатқан әр жоба болашақтың қамы десек болады. Сол себепті ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен қаржы тәртібінің дұрыс үйлесуі өңірдің тұрақты дамуына негіз болып отыр.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ