Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбековтің есімі қалай ардақталуда?
Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтындағы «Мемлекеттік рәміздер туралы» айдарында: «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы - ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн оның шағыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы -Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков» деген жолдар бар.
Көк тудың желбірегені кім-кімнің болса да Отанға деген патриоттық сезімін оятады, көңілін көкке көтереді. Мемлекет башысының алыс-жақын шетелге сапарларында, әлемдік спорт додаларында топ жарған қазақстандық спортшылардың құрметіне Мемлекеттік Ту көтеріліп, гимн орындалады. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге ресми сапары кезінде Ресей астанасында Қазақстанның Мемлекеттік Туы әуежайда ғана емес, алып шаһардың даңғылдары мен көше бойларында желбіреп тұрғанын көрген әрбір қазақстандықты ерекше жігерлендіріп, көңілдеріне мақтаныш сезімін ұялатты.
1938 жылы 12 қарашада ежелгі Тараз қаласының іргесіндегі Жамбыл ауданының Бесжылдық, бүгінде өзінің атымен аталатын ауылда дүние есігін ашқан Шәкен Оңласынұлы Нязбековтің арғы атасы, қазақтың төбе биі – Төле би баба екенін Әулиеата өңірінің халқы жақсы біледі. Ал, анасы даңқты қолбасшы, батыр Баукеңнің – Бауыржан Момышұлының жақын туысы болып келетінінен де хабардар. Ата-тегінен, нағашы жұртынан даңқы жер жарған атақты қос перзенті шыққан соң, Шәкен осал болмауы тиіс еді. Он жасында әкесі мен анасы қайтыс болып, тұл жетім қалған жас бала тағдыр тауқыметіне мойынұсынбай, мектепте оқуға аса зерек, сурет өнеріне ықыласы тым ерекше болды.

Жамбыл қаласындағы Ленин атындағы орта мектепті үздік бітірген Шәкен Ниязбеков Ленинград қаласындағы В.И.Мухин атындағы жоғары көркем-өнеркәсіптік училищесіне түседі. Қазақ жігітінің таланты студенттік жылдарында «Эрмитаж», «Исаак» сборы мен «Петродворецті» жаңғырту жұмыстарына қатысқанда жарқырай көрінді. Шәкен Оңласынұлы туралы журналистиканың әр түрлі жанрында жазылған дүниелерге көз жүгіртсең, ол өзінің бірінші әрі басты ұстазы Әбілхан Қастеев екенін әр кез еске алатынын аңғарасың. Қазақтың атақты суретшісін ұстаз санап, рухын әспеттеп келгені ата-бабадан жалғасып келе жатқан тектілік қасиет әрі шәкірттің ұстаз алдындағы парызы деп қабылдаған жөн болар.
Мемлекеттік Тудың авторы өзінің саналы ғұмырының отыз жылында түрлі конкурстарға қатысып, талай рет олжа салған. «Пультті» ойлап тауып, тарих бетіне өнертапқыштығымен де жазылып қалды. 1960 жылдары Ленинград сурет академиясында оқып жүргенде осы өнер табысымен кезінде «Революция бесігі» атанған әйгілі қаланың ғана емес, бүкіл кеңес одағының небір мықтыларының таңдайын қақтырды. 1961 жылы «Глобус» теледидарының дизайны үшін Чехославакияда алтын медальды иеленсе, 1964 жылы Ленинградта өткен «Бейбітшілікті қолдаймыз» атты плакаттар конкурсында бірінші орын алды. Сол жылы Чехославакиядағы өнертапқыштардың халықаралық байқауында тағы да топ жарып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Қайбір жылы оның осы аса құнды жәдігері Ленинградтағы көрмеден «қолды болды». Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері көп ұзамай ұрлықты ашады. Ұры Жапонияның жансызы болып шықты. Қылмыс үшін Жапония Шәкен Ниязбековке 20 мың сом өтемақы төледі.
Тәуелсіздіктің алтын бесігі Алматыдағы азаттықты айқындап тұратын Республика алаңының архитектуралық ерекшелігі, безендіруі кімді болса да өзіне ынтықтырып, тартып тұрады. Осы бір ерекше орынды безендіруде Шәкен Оңласынұлы конкурста бірінші орын алғаны да бүгінде тарихқа айналған.
«Құрманғазы», «Көбік шашқан», «Исатай Тайманов», «Абай», «Шоқан Уәлиханов», «Мұхтар Әуезов», «Сырым Датұлы», «Жамбыл», «Қазақстаннан келген солдат», «Ана» атты жұмыстары суретшінің жеке көрмелеріндегі каталогтардан орын алған. Мемлекеттік Тудың авторының қолынан шыққан дүниелер қатарында Бауыржан Момышұлының зиратының басына қойылған құлпытас пен Алматы қаласының елтаңбасы да бар.
Шәкен Ниязбеков 1992 жылы Қазақстан, ТМД, Түркия, Германия, Монғолия мемлекеттерінен 1200 суретші қатысқан конкурста да олжа салғанын еске алып өткеніміз жөн болар. Шәкеңнің еңбектеріне тағы да тоқталып өтсек, 1979 жылы А.Симонов пен В.Кузминмен бірге Тараз қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы кинотеатрдың дизайнын, 1985 жылы «Волоколом бағытында генерал-майор И.Панфилов пен қолбасшы Б.Момышұлы» ескерткішін, «Жамбыл», «Ана болу бақыт», «Шоқан Уәлиханов» көркем кенептер, тағы басқа жұмыстары бар.
Шәкен Ниязбеков туралы облыстық және республикалық басылымдар аз жазған жоқ. Мәселен, еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінің 2011 жылғы 25 қарашадағы нөмірінде газет тілшісі Айнаш Есалиға берген сұқбатына Шәкең тілшінің «Шәкен Оңласынұлы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы қалай өмірге келді? деген сұрағына былай жауап берген.

Қай кезде де таланттың жолына тосқауыл қоюшылар кездескен, әлі де бар. Кім білсін, Ниязбековтің жобасы мақұлданып кете ме деген қызғаныш шығар...
Сұхбатта Шәкен Ниязбеков Мемлекеттік Туды таңдауға арналған конкурс екі айға созылғанына, мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия мүшелерінің пікірлеріне тоқталған. «Талқылауда: «Тудың түсі көк. Себебі, біз тәңірінің адамдарымыз. Көк аспанда күн болуы керек. Қазақ елі тәуелсіздігін алды. Әлем елдерімен иық тірестіре алатындай жағдайға жетті. Бүркіт – ең биікке көтерілетін әрі ұзақ жасайтын құс. Былайша алсақ, Қазақ елінің рәмізі», дегеннен кейін елдің бәрі идеямды түсінді. Қарсы келген жоқ. Қыран құс – ерлік пен азаттықтың символы. Ал, қыранды алғаш рет біздің бабаларымыз ғана бағындырып, қолына қондыра білген. Сондықтан да қыран құстың Туымызда бейнеленуі заңдылық.
Осы арада басынан бастап Ту түсінің көп түрлілігінен қашқанымды айта кеткенім жөн. Бірегей көгілдір түс тектен-текке таңдалған жоқ. Ол аспан мен өмір нәрі судың да түсі. Бірінші, көк тәңірі көк түс. Қазақ тәңірге сиынған. Тәңіршілдіктің кейбір әдет-ғұрпы қазіргі салтымызда да бар. Екінші, қазақтың мәрттігін, кеңпейілділігін, ерлігін танытатын бүркіт. Бүркітіміз бен күніміз, көк аспанымыз Туда. Үшіншіден, қазақтың қазақ екендігін айшықтайтын оюын туға қондыруды мақсат еттім. Ұлтымыз бен туымызды айшықтап тұрсын деп ерекше ою ойлап таптым», дейді.
Енді 2014 жылы 16 тамызда өмірден өткен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының авторы, монументші-суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Шәкен Ниязбековті ел есінде қалдыру жолында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын да оқырмандар есіне сала кетсек деймін. Бірінші, біздің ұсынысымызды қолдап келген облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке ризашылығымды білдірсем деймін.
Бүгінде Тараз қаласы, «Көктем» алқабындағы Фресно көшесі Шәкен Ниязбеков аталады. Шәкен Оңласынұлының 85 жылдық мерейтойына орай ескерткіш-бюсті ашылды. Қала орталығындағы №40 мектеп-гимназия аумағында орнатылған ескерткіш-бюстің құрылысына халықаралық деңгейде конкурс жарияланып, оған бірнеше мүсіншінің авторлық нұсқалары ұсынылды. Атап айтсақ, Қырғызстанның танымал мүсіншісі Тамила Маматова, Шерхан Мұртаза мен Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіштерін жасаған Тимур Ермұхаметов, Айдос Бүркітбаев және Астана, Шымкент, Тараз қалаларынан мүсіншілердің авторлық мүсіндері бар. Комиссия мүшелері ретінде сахна шебері Асқар Сейілхан, жазушы-журналист Көсемәлі Сәттібайұлы және зиялы қауым өкілдері, облысқа танымал тұлғалар мен Шәкен Ниязбековтің жақындары қатысты. Ал, конкурс бойынша жеңімпаз Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметовтің нұсқасы бірауыздан мақұлданып, «Көне Тараз» қорының ұйымдастыруымен және негізгі демеуші Мәскеу олимпиадасының күміс жүлдегері, КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, екі дүркін Еуропа чемпионатының жеңімпазы Серік Қонақбаев, Мемлекеттік Ту авторының жақын туыстары тарапынан мүсіннің келбеті қолдау тапты. Қоладан құйылған ескерткіш-бюстің биіктігі 80 сантиметрді құрайды. Мүсіні мыстан, ал, тұғыртасы бүтін қара граниттен жасалған.
Тараз қаласында біздің қордың қолдауымен Шәкен Ниязбековтің туған күніне орай, суретшілер арасында «Егемендіктің ұлық нышаны» атты көрме-байқау өтті. Көрмеге майлы бояуда кескіндеме жанрында жетпістен аса бейнелеу өнер туындысы қойылды. Шығармашылық байқауға жас ерекшеліктеріне қарай жасөспірімдер қатысып, өз өнерлерін паш етті.

Байқаудың мақсаты Қазақтың әйгілі суретшісі, Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбековтің өнерін атап өту. Сонымен қатар, сурет өнері арқылы елдік символиканы дәріптеу мен жас суретшілердің шығармашылығын қолдау, жаңа буын бойында патриоттық рух қалыптастыру еді. Жарысқа көркемөнер балалар мектебінің директоры Г.Салыбекова, Қазақстан Республикасы суретшілер одағының мүшесі Р.Сапаралиева және «ArtVikaso» өнер студиясының директоры В.Кузьмина сынды білікті мамандар төрағалық етті. Байқау нәтижесі бойынша жеңімпаздар анықталып, бағалы сыйлықтар мен Алғысхаттар табысталды.
Даңқты суретшінің 85 жылдығына арналған «Шәкен Ниязбеков: қылқалам ғұмыр» атты ғылыми тәжірибелік конференция да жамбылдықтардың есінде. Астанадан арнайы келген Мемлекеттік Елтаңбаның авторы, бірінші дәрежелі «Барыс», «Құрмет» ордендерінің иегері, Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, сәулетші Жандарбек Мәлібекұлы Шәкен Ниязбеков туралы, байқауға бірге қатысқандары, қалай жеңіске жеткендері жайлы боямасыз әңгімелеп бергені де естен шыққан жоқ.
Жамбыл облысында Шәкен Оңласынұлын ел есінде қалдыру жолында атқарылып жатқан іс-шаралар аз емес екені конференцияда кеңінен сөз болды. Оның есімі туған ауылына берілді, халықаралық жол бойынан Шәкен Ниязбеков ауылына бұрылар тұсына биік Ту тұғыры орнатылып, аллея мен үлкен қақпа ашылды. Аса ауылы мен Тараз қаласында көшеге есімі берілсе, енді Тараз қаласындағы үлгілі мектепке есімі берілмек. Белгілі меценаттар Серік Қонақбаев пен осы жолдардың авторы бастаған жерлестерінің демеушілігімен, облыс әкімдігінің қолдауымен мектептің алдында Шәкен Ниязбековтің бюст-ескерткіші ашылды.
Сондай-ақ, конференцияда ҚР Парламенті Сенаты сенаторлар кеңесінің және Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық наградалар геральдикасы жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі Төлеубек Мұқашев, КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Фатима Тарази, Мәдениет және ақпарат министрлігінің бас сарапшысы Абай Айдарбек және осы жолдардың авторы Шәкен Ниязбеков туралы сөз сөйлеп, халықты, әсіресе жастарды отансүйгіштікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге шақырды. Іс-шара соңында Мемлекеттік Тудың авторы туралы деректі фильм көрсетілді.
Сондай-ақ облыста Шәкен Нязбековті еске алуға арналған спорттық жарыстар да жиі өткізіліп тұрады. Тараз қаласында жас жеткіншектерді отансүйгіштікке, ұлттық рухқа тәрбиелеу, ұлттың ұлы тұлғасына деген құрметті арттыру мақсатында «Triathle» және «Biathle» спорттық іс-шаралары өтті. «Дельфин» бассейнінде №4 облыстық мамандандырылған спорт мектебінің заманауи көпсайыс бойынша біріншілігіне жасөспірімдер қатысып, өнерлерін ортаға салды.

Биылғы 17 қазанда «Көне Тараз» қорының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында 2012-2014 жылғы туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында асық ату және бесасықтан Шәкен Ниязбековті еске алуға арналған Жамбыл облысының чемпионаты өтті. Асық ату, бесасық және қырғыздардың «ордо» атты сайыс түрлерінде жүлде сарапқа салынды. Біріншілік жеңімпаздары мен жүлдегерлері облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының дипломы мен медальдарымен марапатталды. «Көне Тараз» қорының қолдауымен бокстан жасөспірімдер арасындағы облыс чемпионаты да өтті.
Мұратбек АЗИМОВ,
«Көне Тараз» қоғамдық қорының төрағасы