Руханият

Қазақ өлеңіне қолдау

Жуырда облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қолдауымен республикалық деңгейде бірінші рет қазақ поэзиясына құбылыс боп келген белгілі ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жерлесіміз Маралтай Райымбекұлының шығармашылығына арналған «Маралтай оқулары» өтті.

«Маралтай оқулары» осыдан сегіз жыл бұрын Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында аудандық деңгейде бастау алған еді. Соңғы екі жылда облыстық деңгейде ұйымдастырылды.

Байқау еліміздің әр қиырындағы өлеңге құштар өрендерге мүмкіндік беріп, талантты тануда айтулы жобалардың бірі болды. Бұл тек Маралтай Райымбекұлына ғана емес, қазақ өлеңіне көрсетілген қолдау мен құрмет екені де шын. Себебі, кітап оқыған, өзінің туған әдебиетін құрметтеген, білген ұрпақтың болашақта да зиялы, парасатты азамат болатынына күмән жоқ.

Биылғы «Маралтай оқулары» байқауына Абай, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Павлодар, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қарағанды және өзге де облыстардан, сондай-ақ, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан мектеп оқушылары қатысты. Байқау екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы кезеңде үміткерлер Маралтай Райымбекұлының өлеңдерін жатқа оқыса, екінші кезеңде өрендер «Анамның сөзі» тақырыбына өлең жазып, сынға түсті.

Ақынның туған жері Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында өткен байқауға еліміздің әр аймағынан келген қонақтармен қатар, жамбылдықтар да көптеп келді. Байқау басталмас бұрын Қазақстанның Еңбек Ері, әйгілі актер Асанәлі Әшімов, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет байқау қатысушыларын құттықтап, Маралтай Райымбекұлының шығармашылығына жоғары баға берді. Сонымен қатар, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтауын орынбасары Алтай Әли табыстаса, айтыскер ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай еліміздің Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың және «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің жылы лебізін жеткізді. Ұлағатты ұстаз, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова, жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, жазушы-публицист, Халықаралық қазақ ПЕН-клубының төрағасы Бигелді Ғабдуллин, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Гүлнәр Салықбай, кәсіпкер, өнер жанашыры Саят Есімханов, Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов та игі тілегін арнады. Өз сөзінде Маралтай Райымбекұлы қазақ өлеңін қолдаған барша азаматқа алғысын білдірді.

Қазақ даласы қай кезде де талантқа бай. Бұл күні де Жамбыл аймағын жыр руһы кернеп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Байтақ Қазақстанның төрт құбыласынан келген қатысушылар Маралтай ақынның өлеңдерін бірінен бірі оза оқып, талайды таң қалдырды. Расында да, ақынның көзі тірі кезінде өлеңдері оқылып, көпшілік ықыласына ие болып жатса, одан асқан бақыт та жоқ шығар. Сонымен қатар, көптеген жастың «Анамның сөзі» тақырыбына жазған өлеңдері жұртты сүйсінтті. Мектеп оқушысы болса да, сөзі салмақты, санасы сергек жастардың қалыптасып келе жатқаны қуантты.

«Әдебиет пен өнер ұлы болмай, ұлт ұлы болмайды», деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, қай кезде де өнердің, өлеңнің жолы даңғыл болғаны жақсы. Алдағы уақытта да «Маралтай оқулары» байқауының дәстүрлі түрде өтуі талай таланттың тынысын ашатыны хақ.

Жамбыл облысынан қатысып, «Маралтай оқулары» байқауының өлең оқу кезеңі бойынша бас жүлде алған Батырхан Боранбек ақынның жүз елуге тарта жырын жатқа біледі екен. Сондай-ақ, өлең жазу кезеңі бойынша Павлодар облысынан қатысқан Еркебұлан Тиленш топ жарып, өлеңімен көпті тәнті етті.

Айта кетейік, аталған байқауға қолдау ретінде Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті грант бөлген болатын. Аталған грант болашағынан үлкен үміт күттірген жас ақын Еркебұлан Тиленшке табысталды.

Рухани құндылық әрқашан ұрпақ қазынасы. Білімді ұрпақ – ұлт байлығы. Қазақтың әдебиеті, мәдениеті одан әрі өркендесе, одан ұлттың да ұтылмайтыны анық.  

Хамит ЕСАМАН,

ақын, Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі