Өрт қауіпсіздігін сақтау – өзекті мәселе
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте бірқатар маңызды мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – 2025 жылға арналған облыстық бюджеттің қосымша резервтерін қалыптастыру жол картасының іске асырылу барысы. Бұл туралы облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Төлеген Сәрсембаев баяндама жасады.
Бұдан соң облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Ералы Ақылбеков өрт қауіпсіздігі мәселелері жөнінде есеп берді.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев баяндамашыдан инвестициялық жобаларда өрт қауіпсіздігінің сақталу деңгейін сұрап, бұл бағыттағы зерделеу жұмыстарының қаншалықты жүйелі жүргізіліп жатқанын анықтады. Сонымен қатар Ербол Шырақпайұлы облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исабайұлынан тұрғын үй секторларында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қандай алдын алу шаралары атқарылып жатқанын сұрады.

Жиынды қорытындылай келе облыс әкімі Ербол Қарашөкеев тиісті құрылымдарға тұрғын үй секторында өрттің алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Электр және жылыту жүйелерінің қауіпсіздігін тексеруді жолға қою, ақауы бар пештер мен электр сымдарын дер кезінде анықтау, оларды жөндеу немесе ауыстыру бойынша тұрғындарға нақты көмек тетіктерін қарастыруды міндеттеді. Сонымен қатар ауылдық округтердегі ерікті өрт сөндіру жасақтарының материалдық-техникалық жарақтандырылуын жақсартып, олардың дайындық деңгейін арттыру, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету уақытын қысқарту қажеттігін жеткізді. Өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуын анықтау мен бақылауды күшейтіп, қатты отынмен жылытылатын үйлерде түтін мұржаларын жөндеуді, желдету жүйелерінің талапқа сай тексерілуін қамтамасыз етуді жүктеді. Тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында ақпараттық жұмыстарды күшейтіп, бұл бағыттағы материалдардың бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен таралуын қамтамасыз ету қажеттігін ерекше атап өтті.
Айжан ӨЗБЕКОВА