Брифинг

Жүйелі жұмыстың жемісін жұрт көреді

Бабалар салған тура жолдан таймаған әулиеталықтар бүгінде тегеурінді тірлік, еселі еңбектің арқасында еңсесін тіктеп, елдіктің биік тұғырына көтерілген. Ынтымақ пен берекеге негізделген тірлік Жамбыл жұртшылығын жаңғырудың жарқын белесіне жетелеп келеді. Өркениет көшіне ілескен облысымыздың биік асуларды бағындыруда әлеуеті зор. Өйткені соңғы уақытта өңірде өнеркәсіп өркендеп, ауыл шаруашылығы алшаң басып, инфрақұрылым тұрақты дамып келеді. Инвестициялық бірегей жобалар да сәтімен жүзеге асып, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылуда. Апта басында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында аймақ басшысы осы жетістіктерді сөз етіп, облыстың экономикалық мүмкіндігін тілге тиек еткен еді.

ӨНДІРІС ӨРГЕ БАСЫП КЕЛЕДІ

Өңіріміз экономиканың негізгі бағыттары бойынша тұрақты өсім көрсеткен. Облыстың жалпы өңірлік өнімі 7,9 пайызға артса, осы жылдың 10 айында қысқамерзімді экономикалық өсім 109,8 пайыз деңгейінде қалыптасыпты. Мәселен, өнеркәсіп өнімінің көлемі 17, ауылшаруашылығы – 3,1, құрылыс жұмыстары – 18,8, тұрғын үй – 1,7, сауда – 0,5, көлік – 2,9, байланыс – 9,4, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 38,3 пайызға ұлғайған. Аймақ басшысының сөзіне сүйенсек, неркәсіп өндірісінің өсу қарқыны бойынша облыс республикада үшінші орыннан, ал өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны бойынша бесінші орыннан көрінген.

Облыс әкімінің айтуынша, жоғарыда аталған жобалардың басым бөлігі «Jibek Joly» арнайы экономикалық аумағында және «Тараз» индустриялық аймағында орналасқан. «Jibek Joly» арнайы экономикалық аумағының жалпы ауданы 905 гектарды құрайды. Бүгінде оның аумағын 1,2 мың гектарға дейін кеңейту  жоспарланып отыр екен. Мұнда жалпы құны 1,6 триллион теңгені құрайтын 18 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Онда 5,2 мың жұмыс орны құрылмақ. Оның 8-і бойынша қазіргі уақытта 975,7 миллиард теңгеге құрылыс жұмыстары басталыпты. Қалған жобалар жобалау сатысында тұр. Мәселен, жалпы құны 29,2 миллиард теңгені құрайтын 6 жоба толық пайдалануға беріліпті. Оның ішінде «ХИМ-плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі глифосат (гербицид) өндірсе, «КПМ Пласт» ЖШС «ПЭ-100» маркалы полиэтиленнен құбырлар мен шлангтар шығарады екен. «C9 Technologies» ЖШС этикеткалар мен чек ленталарына арналған пластмасса втулкаларын жасайды. «Chemical Engineering» ЖШС аммоний бифторидін өндірсе, «ЭкоБәйшешек» ЖШС өндірістік ғимараттар салумен айналысады. «КазТрубЗаводСН» ЖШС «НПВХ» құбырларын шығарады.

Ал «Тараз» индустриялық аймағында құны 113 миллиард теңге болатын 23 жобаны жүзеге асыру жоспарланыпты. Бұл жобалардың нәтижесінде шамамен 1300 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгінде сол жоспардың алғашқы бөлігі орындалып, 11,3 миллиард теңгенің 9 жобасы іске қосылса, нәтижесінде 200 адам жұмыспен қамтылған. Пайдалануға берілген жобалардың қатарында натрий пиросульфитін өндіретін «Karatau Chemicals» ЖШС мен асфальт-бетон эмульсиясын шығаратын «JetiBulaq» ЖШС зауыттары бар. Сондай-ақ «АсқарТау НС» ЖШС асфальт-бетон қоспасын, битум эмульсиясын және қиыршық тас дайындаса, «KazGeoEnergy» ЖШС әк өндіреді. «ТаразЦементСтрой» ЖШС және «I CONS» ЖШС өндірістік ғимараттар салса, «Dala Glass» ЖШС шыңдалған шыны, «Dn Group» ЖШС есік және фиброцемент тақталарын өндіруге ден қойған.

 

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТЕ СЕРПІН БАР

Брифингте облыс әкімі шағын және орта бизнес саласына ерекше мән беріп, оның дамуына барлық жағдай жасалып жатқанын тілге тиек етті. Бизнесті дамыту үшін облыстағы екінші деңгейлі банк және микроқаржы ұйымдары арқылы 32,5 мың кәсіпкерге 289,8 миллиард теңге несие беріліпті.

Үлестірілген несиелердің ішінен мемлекеттік бағдарламалар аясында 52,1 миллиард теңгеге 1218 жоба іске асырылыпты. Нәтижесінде, шағын және орта бизнес субъктілері арқылы шығарылған өнім көлемі 18,1 пайызға ұлғайса, бұл 765,5 миллиард теңгеге тең қаражат. Осы жылдың 1 қарашасына жұмыс істеп тұрған субъектілер саны облыста 109,1 мыңды құраса, онда 165,4 мың адам еңбек етуде. Шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы қосылған құны 348,2 миллиард теңгені, жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 22,5 пайызды құраған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен шағын және орта бизнесті дамыту үшін жалпы ауданы 40 мың шаршы метр өндірістік жайлары бар шағын өнеркәсіптік аймақтар құрылып, онда 1,7 миллиард теңгеге 3 жоба жүзеге асырылыпты.

Елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – маңызды мәселелердің бірі. Ағымдағы жылдың соңына дейін 13,9 миллиард теңгеге 24 ауылдық елді мекен және Тараздағы – 5, Шу қаласындағы – 4, барлығы 9 тұрғын алқап ауызсумен қамтамасыз етілмек. Тарқата айтқанда, республикалық бюджеттен бөлінген 3,9 миллиард теңге мен облыстық бюджеттен қаралған 3,7 миллиард теңге және арнайы мемлекеттік қор есебінен берілген 6,3 миллиард теңгеге 20 сумен жабдықтау нысаны құрылысы, 4 кешенді-модульдік блоктарды орнату жұмысы жүргізілетін көрінеді. Нәтижесінде сапалы ауызсумен қамтамасыз ету деңгейін 100 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда.

Елді мекендерді газдандыру жұмысына қатысты облыстың 6 ауданында 20,5 миллиард теңгеге 14 жоба іске асырылуда. Нәтижесінде газбен жабдықтау деңгейі тұрғындар санына шаққанда 91,3 пайыздан 91,8 пайызға дейін жетеді. Облыс қалаларында жылу желілерінің ұзындығы 350,7 шақырым болса, оның тозу деңгейі –54 пайыз. Осы жылы Тараз қаласында М-1 негізгі жылу магистралін жаңғырту және жаңа шағынауданда жылу желілерін кеңейту бойынша тиісті жұмыстар аяқталыпты. Қаратау қаласында мазут және орталық қазандықтар қайта жаңғыртудан өтіпті. Сонымен қатар Тараз қаласында М-3 жылу желілерін жаңарту жүргізіліп, жоспарланған 1,4 шақырымның 0,7 шақырымында жұмыстар аяқталған екен. Нәтижесінде жыл қорытындысымен жылу желілерінің тозу деңгейі 53 пайызға дейін төмендемек.

Облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 10 мың шақырым болса, осы жылы автожол саласында 182 жобаны іске асыруға 28 миллиард теңге бөлініпті. 460,2 шақырым жолға құрылыс, қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Нақты айтқанда, 17,7 шақырым жолдар салынып, 8 шақырым қайта жаңғыртылған және 434,5 шақырым жол орташа жөндеуден өткен. Жыл қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдар үлесі 99,5 пайызға, ал көше-жол желісі 89 пайызға жеткізіледі деп күтілуде.

 

ТАРАЗ ҚАЛАСЫ ТҮЛЕЙДІ

Аймақ басшысы еліміздегі БАҚ өкілдерін Тараз қаласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар барысынан да хабардар етіп, қала инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру секілді негізгі бағыттар бойынша іске асырылып жатқан маңызды жобаларға тоқталды.

 

ИНТЕРНЕТ САПАСЫ АРТТЫРЫЛУДА

Облыста 3,1 миллиард теңгеге 21 спорт кешенінің құрылысын жүргізу қолға алынып, 3 спорт кешені мен 90 спорт алаңдары пайдалануға беріліпті.

Нәтижесінде халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі 70,8 пайызға, денешынықтырумен және спортпен шұғылданатын халық үлесі 41,9 пайызға дейін жеткен. Облыс спортшылары жыл басынан бері түрлі республикалық және халықаралық ресми жарыстарда 1534 медаль жеңіп алған. Оның ішінде 488-і алтын, 492-сі күміс, 554-і қола. Айрықша атап өтер бір жайт, Токио қаласында өткен дүниежүзілік деңгейдегі XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарына біздің өңірден 12 спортшы қатысып, 1 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль иеленіпті. Тараз қаласында 3,5 миллиард теңге бюджеттен тыс қаржы есебінен балалар мен жасөспірімдерге арналған футбол академиясының құрылысы басталған екен.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің аталған брифингте берген мәліметі осындай. Өңір экономикасын дамытуға бағытталған жұмыстар алдағы жылдары да жалғасын табатыны күмәнсіз. Бастысы бар атқарылар шаруа тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға сеп болатыны сөзсіз.

 

САН САУАЛҒА – НАҚТЫ ЖАУАП

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, соңынан еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Жасұлан СЕЙІЛХАН, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің аға тілшісі:

– Өзіңізге таныс, көп жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселелердің бірі – Меркі ауданындағы «Ақшешек» мәселесі. Кәсіпкер Сақ қорғандары үстінен құрылыс жүргізіп, демалыс орнын салып жатыр. Меркі ауылының тұрғындары «Ақшешек» тарихи орны талқандалып жатқанын айтады. Осы «Ақшешек» тарихи орны неге мемлекетке қайтарылып, мемлекеттік қорғауға алынбай отыр?

Екінші сұрағым, еліміздегі ірі қалалардың шайынды суын тазартатын қондырғылардың басым бөлігі тозған. Кейбірі суды сүзгіден өткізуден қалып, қоршаған ортаны ластап жатыр. Бұл мәселе Тараз қаласында да бар. Қашан шешіледі?

Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, облыс әкімі:

– «Ақшешек» мәселесімен жақсы таныспын. Бұл жөнінде маған осыған дейін де бірнеше рет сұрақ қойылған. Аталған мәселеге қатысты облыс әкімі ретінде жеке шешім шығара алмаймын. Бәрі заң аясында болуы керек. Бұл бойынша сараптамамен айналысатын арнайы мекемелер бар. Мысалы «Қазақ археологі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан «Ақшешек» обалы қорымына сараптама жасалды. Соның нәтижесінде қорымның архитектуралық құрылымы сақталмағандығы және тарихи-мәдени құндылығы жоқ екені анықталды. Облыс әкімі ретінде тиісті жұмыстарды жүргіздік, қолымыздағы зерттеу-сараптама қорытындысына қоғам келіспейтінін білемін. «Ақшешек» обалы қорымы Меркі ауданында орналасқандықтан, мәселені осы аудан тұрғындары тек сотқа жүгіну арқылы шеше алады. Бұдан басқа жол жоқ, біз барлық мәселені заң аясында шешуіміз керек.

Расында да облыс орталықтарының ішінде қателеспесем, жүйелі түрде кәріз суын тазалайтын жүйе Тараз қаласы мен Ақтөбеде жоқ. Осы жерде айта кетер бір жайт, Тараз қаласында кәріз жүйесімен бұрыннан тұрғын үйлердің 40 пайызы ғана қамтылған. Қалғаны жеке үйлер, олар ілгеріден өздері ассенизаторлық қызметке жүгіну арқылы мәселесін реттеп отыр. Бұл тарихи тұрғыда бұрыннан қалыптасқан жағдай. Тараз қаласында кәріздік тазарту құрылыстарын салу үшін арнайы 42 гектар жер телімі дайындалды. Сүзгі алаңдарына түсетін сарқынды сулардың көлемі тәулігіне 70-80 мың текше метрді құрайды. Әрине, тұрғын үйлердің жартысы бұған қосылмағаннан кейін шайынды суды тазартуға сұраныс жоғары болатыны анық. Сол себептен бұған қатысты арнайы жоба дайындалды. Жоба құны – 46,5 миллиард теңге. Жоба «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы арқылы іске асырылатын болады. Бұл жөнінде тиісті шешім қабылданды. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталып, алдағы екі-үш жылда аяқталып, Тараз қаласында заманауи кәріз суын тазартатын жүйеге қол жеткіземіз деген үмітімз бар. Осы бағытта тиісті жұмыс атқарылуда.

 

Бақытжан КӨПБАЕВ, журналист:

– Ербол Шырақпайұлы, біршама уақыт бұрын Тараз қаласындағы теміржол вокзалы жөндеуден өткізілген еді. Қазір қайтадан жөндеу жұмысын жүргізіп жатыр екен. Қыс мезгілі келді. Жолаушыларға қиындық туғызбайды ма?

 

Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, облыс әкімі:

– Иә, бұл мәселе бірнеше мәрте көтерілген болатын. 2022 жылы «Қазақстан теміржолы» тарапынан қаражат қарастырылып, Тараз теміржол вокзалы ағымдағы жөндеуден өткізілген. Алайда мердігер мекеме жөндеу жұмыстарын сапалы орындамаған. Сондықтан осы жылы вокзалды қайта жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде барлығы заманауи талаптарға сәйкестендіріледі. Менің ойымша Тараздағы теміржол вокзалын жаңарту жұмысы өте қажет. Бұл жұмысты қазір бақылауға алдық. Заманауи материалдарды пайдаланып, жаңғырту ісі дұрыс жүргізіледі деп ойлаймын.

– Жамбыл ауданына қарасты Қапал елді мекенінде бастауыш мектеп бар. Балалар бастауыш сыныпты бітірген соң көрші ауылға барып оқиды. Тұрғындар «Қыс мезгілінде ымырт үйірілгенде балалардың қауіпсіздігі үшін алаңдаймыз. Жергілікті билік орта мектеп саламыз деп уәде берген еді» дегенді алға тартып отыр. Сондай-ақ ауылдағы медициналық пункт те шағын әрі талапқа сай емес секілді. Осы мәселелер қашан шешімін табады?

– Қапал ауылындағы бұл мәселеден хабарым бар. 80 оқушыға арналған мектептің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірледік. Қазір тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Мектеп құрылысына қажетті 1,2 гектар жер телімін бөліп қойдық. Ал білім ордасының құрылыс жұмысын 2026-2027 жылдарға жоспарлап отырмыз. Алдағы жылы бастап кетуге тырысамыз.

Ауылдағы медициналық пункт ғимараты 1978 жылы салынған. Ғимарат 50 адамға арналған. 2024-2026 жылдарға арналған жаңа құрылыс нысандарын салу жоспарына сәйкес жаңа ғимарат салу бойынша қажетті құжаттар әзірленіп жатыр. Құжат дайын болған соң қаржы тауып, жұмысты бастап кетеміз.

 

Байжүрек БАЯЗИТ, «31» арнаның редакторы:

– Жастардың жұмыспен қамтылуы – кез келген өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының басты көрсеткіштерінің бірі. Соңғы жылдары еңбек нарығындағы өзгерістер, цифрлық экономикаға көшу, біліктілік деңгейіне қойылатын жаңа талаптар жас буын үшін қосымша қиындықтар туғызып отыр. Облыста да бұл мәселе өзектілігін жойған жоқ. Аймақтағы жұмыссыздықтың жалпы деңгейі төмендегенімен, жастар арасындағы нақты жағдай терең талдауды талап етеді. Осы ретте өңірдегі жастардың жұмыссыздығын азайту мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде? Сондай-ақ соңғы жылдары облыста ажырасу фактісі көп тіркелген. Бұл туралы не айтасыз?

 

Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, облыс әкімі:

– Біздің өңірде Қазақстан ғана емес, Орта Азия шеңберінде бағалы, заман талабына сай технологиялармен жабдықталған үлкен инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Облыста «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында да тындырылған тірлік аз емес. Сондай-ақ жас отбасылардың жеңілдетілген пайызбен пәтер алуы үшін «Әулиеата жастары» бағдарламасы қарастырылған. Бағдарлама аясында осы жылы 140 отбасы баспаналы болды. Әлбетте, елді мекендер мен қалаларда тұратын жастардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасаудың маңызы зор.

Мұнда жастардың басым бөлігі өздерін тапқысы, дамытқысы келеді. Сондықтан бізде бұл мәселеге қатысты кешенді көзқарас бар. Жалпы 2-3 жылдың бедерінде қалыптасқан тенденцияны бұзу мүмкін емес. Алайда біз негіз қалап жатырмыз. Өңірде бұрын-соңды болмаған индустриалды жобалар қолға алынған. Мыңдаған жұмыс орны құрылуда. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында қажетті мамандарды дайындау бойынша жұмыс қолға алынған. Сондықтан бұл мәселе тұрақты қадағалауымда деп айта аламын.

Ал ажырасу мәселесіне келер болсақ, бұл – тек өңірге тән үрдіс емес, бүкіл республикада байқалып отырған құбылыс. Біз мәселені шешу үшін бірнеше бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Атап айтқанда, «Отбасы орталығы» арқылы жыл сайын мыңдаған жұпқа психологиялық кеңес беріледі. Жас отбасыларға әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету жүйесі күшейтілді. Сонымен қатар мектептер мен колледждерде ата-аналарға арналған тренингтер ұйымдастырылып, отбасылық құндылықтарды насихаттау бағытында арнайы бағдарламалар іске асып жатыр.

Айта кету керек, арнайы мамандардың зерттеуінің нәтижесінде кейбір ажырасулар фейк болып шықты. Бұл дегеніміз, үй алу мақсатында бағдарламаларға қатысу үшін жалған ажырасу фактілері көптеп тіркелген екен. Осы мәліметті де назардан тыс қалдырған жоқпыз.

 

Серік ДӘРМЕНҰЛЫ, «31» арнаның тілшісі:

– Жасөспірімдер арасындағы суицид – қоғам үшін ең күрделі әрі ең ауыр әлеуметтік мәселелердің бірі. Соңғы жылдары ел көлемінде ғана емес, Жамбыл облысында да кәмелетке толмағандар арасындағы өз-өзіне қол салу әрекеттері жиілей түскені алаңдатып отыр. Облыста мұндай олқылықтарды жою үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

 

Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, облыс әкімі:

– Әрбір оқиға – бөлек трагедия. Негізгі себептер – отбасындағы дағдарыс, интернеттегі зиянды контент, эмоционалдық қолдаудың жетіспеуі болып отыр. Аталған оқиғаға байланысты жұмысшы топ құрылып, жоғары сынып оқушылары мен колледждердегі білімгерлерден анонимді сауалнамалар алынды. Алты мыңнан астам студент және 60 мыңнан астам оқушы арнайы сауалнамаға қатысып, олардың көңіл күйі, әлеуметтік жағдайы, психологиялық ахуалы зерттелді. Мұндай мониторинг жасөспірімдердің мінез-құлқындағы өзгерістерді ертерек анықтауға мүмкіндік береді.

Мектептерде психологтардың саны көбейіп, тәуекел тобындағы балаларға жеке бақылау күшейді. Сонымен қатар мектептерге жауапты учаскелік инспекторлардың да жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Өңірде жасөспірімдер психологиясына қатысты қауіп факторлары зерттеліп, алдын алу бағытында бірнеше деңгейлі кешенді жұмыс атқарылуда.

Сонымен қатар педагог-психологтардың біліктілігін арттыру, қауіпті мінез-құлықты танытатын белгілерді тану бойынша арнайы тренингтер ұйымдастырылған. Білім беру ұйымдарында суицидтің алдын алу жөніндегі бірыңғай алгоритм енгізіліп, мұғалімдерге нақты іс-әрекет жоспары ұсынылды.

Облыста полиция департаментінің «тәуекел тобына» әлеуметтік жағдайы төмен, тәртібі бұзылған, мектепке баруы нашарлаған не отбасы жағдайы қолайсыз жасөспірімдер енгізілген. Олардың әрқайсысымен әлеуметтік қызметтер, мектеп психологтары, учаскелік инспекторлар жеке жұмыс жүргізуде.

Мұндағы негізгі мақсат – жазалау емес, жасөспірімге қолдау көрсету, оның әлеуметтік ортаға бейімделуіне мүмкіндік жасау. Осы бағытта отбасылармен де түсіндіру жұмыстары өткізіледі.

Қажет болған жағдайда жасөспірімдер бейімдеу орталықтарына, арнайы білім мекемелеріне жолданады.

– Облыс соңғы жылдары еліміздің инвестициялық картасында қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналды. Инфрақұрылымды жаңғырту, өндіріс орындарын көбейту, жаңа технологияларды енгізу және бизнеске қолайлы жағдай жасау – өңірдің инвестициялық тартымдылығын айтарлықтай арттырды. Соның нәтижесінде өңір сыртқы және ішкі инвесторлар үшін сенімді әрі тиімді аймақ ретінде қалыптасып, республика бойынша инвестиция тарту көлемі жөнінен алдыңғы орындардан көрініп отыр. Әсіресе шетелдік капиталдың, оның ішінде қытайлық инвесторлардың қатысуымен жүзеге асып жатқан жобалар өңір экономикасының жаңа бағыттарын ашып, өндірістік қуатты күшейтуге мүмкіндік беруде. Инвесторларға қандай да бір талаптар қойыла ма?

– Биыл 10 айда облыс экономикасына 553,6 миллиард теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге көп. Инвестиция көлемінің өсу қарқыны бойынша өңір республикада үздік үштікке кірді.

Тартылған қаражаттың негізгі бөлігі – 82 пайызы жеке сектордың үлесінде. Бұл бизнестің өңірдегі экономикалық ахуалға деген жоғары сенімін көрсетеді.

Жыл басынан бері 21 миллиард теңгенің 10 жобасы іске қосылып, 282 жұмыс орны ашылды. Ал 2025 жылға арналған жоспар бойынша 26 жобаны жүзеге асырып, 1,1 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген.

Өңірге тартылған инвестиция көлемінің артуында қытайлық компаниялардың үлесі аз емес екендігі белгілі. Облысқа келетін барлық инвесторларға қай елден келгеніне қарамастан – талап бірдей. Ең бастысы – экологиялық нормаларды сақтау, еңбек заңнамасын бұзбау және жергілікті кадрларды жұмысқа алу. Биыл өңірге тартылған негізгі инвестициялардың шамамен 11 пайызы ғана Қытай капиталымен байланысты. Қалғаны – Қазақстан, Түркия, Еуропа және Ресей инвесторлары. Барлық жобалар ашық түрде жүзеге асады.

 

Шерхан АБЗАЛҰЛЫ, «24kz» телеарнасының редакторы:

– Аймақ үшін ағын су мәселесі жыл сайынғы өзекті тақырыпқа айналып келеді. Әсіресе былтырғы жылы тіркелген су тапшылығы өңірдің ауылшаруашылығына, егін алқаптарына және тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне айтарлықтай ықпал етті. Суқоймаларындағы көлемнің азаюы, трансшекаралық өзендерден түсетін судың тұрақсыздығы, ескі каналдар жүйесінің тозуы – су тапшылығының негізгі себептерін тереңдетіп отыр. Ал биылғы су маусымына дайындық пен атқарылып жатқан шаралар – өңір үшін ерекше маңызды. Себебі ағын судың жеткілікті деңгейде болуы егіннің шығымдылығына ғана емес, жалпы өңірдің экономикалық тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Биыл жағдай қалай болды?

 

Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, облыс әкімі:

– Биыл егіншаруашылығы үшін оңай жыл болмағаны анық. Бізде 640 мың гектарға ауылшаруашылығы дақылдары егілген. Одан бөлек биыл күннің күрт жылынуы және жауынның аз түсуіне байланысты шаруалар су тапшылығын қатты сезінді. Сол үшін де вегетациялық кезеңге көшіп, бұл тұрғыда су үнемдеу технологиясын және жерасты суын тиімді пайдалануды бақылауда ұстап отырмыз.

Вегетациялық кезеңде Жамбыл, Байзақ, Талас аудандарында су тапшылығы айқын сезілді.

Биыл бұл мәселені болдырмау үшін бірнеше нақты шара іске асты. Біріншіден, сушаруашылығы нысандарын жөндеу үшін республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлініп, су қоймалары мен каналдарға жөндеу жұмыстары жүргізілді.

 

Майра ДЖИЕНГУЛОВА, «24kz» телеарнасының редакторы:

– Соңғы жылдары облыста азық-түлік тауарларының бағасы тұрақсыздық танытып, бірқатар негізгі өнімдер бойынша қымбаттау үрдісі байқалуда. Нарықтағы бағаның өсуі тұрғындардың әлеуметтік жағдайына әсер етіп қана қоймай, өңірдегі экономикалық ахуалдың маңызды көрсеткіштерінің біріне айналды. Инфляциялық қысым, логистикалық шығындардың артуы, жанар-жағармай бағасының өзгеруі, сондай-ақ климаттық факторлардың егін мен мал шаруашылығына тигізген ықпалы – бағаның қалыптасуына тікелей әсер етіп отыр. Өңірдегі азық-түлік бағасының қымбаттауы туралы не айтасыз?

 

Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, облыс әкімі:

– Облыста бағаны тұрақтандыру мақсатында бірқатар шара жүзеге асуда. Тұрақтандыру қорында қазір 5 мың тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бар. Нарықтағы күрт ауытқудың алдын алу үшін бағаны тұрақтандыру қорына қосымша қаржы бөлініп, келісімшарттар жасалды.

Сонымен қатар ірі сауда желілерімен және жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындарымен меморандумдар жасалып, әлеуметтік өнімдерге үстемеақы 10 пайыздан аспауға міндеттелді.

Арнайы мониторингтік топтар апта сайын дүкендер мен базарлардағы бағаға талдау жүргізіп отыр. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу – әкімдік бақылауында. Одан бөлек апта сайын ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұдайы ұйымдастырылып отырады.

Ведомстволар бағаны тұрақтандыру шараларын күшейтіп, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің нарығын бақылауға алып келеді.

 

Михаил ТЁ, «Казахстанская правда» республикалық газетінің тілшісі:

– Соңғы жылдары аймақта ірі қара, қой-ешкі және жылқы басы тұрақты өсіп, шаруашылықтардың өндірістік қуаты артып келеді. Алайда осыған қарамастан, еттің бөлшек саудадағы бағасы жыл сайын қымбаттап отырады. Бұл жағдай тұрғындар арасында түсінбеушілік туғызып, «Өндірісі бар облыста ет неге арзандамайды?» деген сұрақтың жиі қойылуына негіз болуда. Логистикалық шығындар, жем-шөп бағасының өсуі, нарықтағы алыпсатарлық және өңдеу саласындағы теңгерімсіздік – баға тұрақсыздығының негізгі себептері ретінде аталады. Сондықтан ет нарығындағы ахуалды талдап, оның себеп-салдарын түсіндіру – бүгінгі күннің маңызды тақырыбына айналып отыр. Мұны қалай түсіндіресіз?

 

Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, облыс әкімі:

– Иә, өңір мал шаруашылығы үшін өте қолайлы аймақтардың бірі. Бірақ еттің қымбаттауына тікелей әсер етіп отырған бірнеше фактор бар.

Біріншіден, жем-шөптің құны өткен екі жылда республика бойынша 30-40 пайызға өсті. Бұл – еттің өзіндік құнына әсер ететін негізгі шығын.

Екіншіден, шаруалардың көбісі өнімін ішкі нарықтан гөрі экспортқа шығарғанды тиімді санайды. Біздің өңірден Өзбекстан, Қырғызстан және Батыс аймақтарға ірі көлемде ет жөнелтіледі.

Үшіншіден, малды семірту алаңдарының жетіспеуі және қайта өңдеу желілерінің толық қуатта жұмыс істемеуі де бағаға әсерін тигізіп отыр. Ал мұндай олқылықтарды жою үшін және еттің бағасын тұрақты ұстап отыру мақсатында бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізіліп отыр. Сондай-ақ ет бағасы үнемі менің тікелей бақылауымда.

 

Алуа МАХАМБЕТ,«Хабар» арнасының тілшісі:

– Облыс сейсмикалық қауіпті аймақтардың қатарына кіретіні белгілі. Соңғы уақытта өңірде тіркелген жер дүмпулері тұрғындардың алаңдаушылығын күшейтіп отыр. Халықтың айтуынша, жер сілкінісі болған сәтте жедел хабарландыру кешігіп жетеді, ал кей жағдайларда мүлде келмей қалатын кездер кездеседі. Бұл қауіп туындаған мезетте тұрғындардың дұрыс әрекет етуіне, эвакуациялануына және қауіпсіздік шараларын уақытылы орындауына кері әсер ететіні белгілі. Осыған байланысты бірқатар сұрақ туындайды: облыстағы ерте ескерту жүйесі қаншалықты тиімді жұмыс істеп тұр? Хабардың кеш жетуінің нақты себебі неде? Қазіргі таңда сейсмикалық қауіп кезінде халықты жедел ақпараттандыруды жетілдіру бағытында қандай техникалық, ұйымдастырушылық немесе инфрақұрылымдық шаралар атқарылып жатыр? Жалпы, өңір халқының сейсмикалық қауіпке дайындығын арттыру бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

 

Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, облыс әкімі:

– Екі жылда өңірде 4-5 жер сілкінісі тіркеліп, өңірдің сейсмикалық тұрғыдан белсенді аймаққа жататыны тағы да дәлелденді. Қауіптің алдын алу және төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету мақсатында облыс аумағында 7 сейсмостанса жұмыс істейді. Бұл стансалар жерасты дүмпулерін нақты тіркеп, төтенше жағдайлар департаментіне жедел ақпарат жіберуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге халықты құлақтандыру бағытында 145 дабыл беру құрылғысы орнатылған. Оның ішінде қала орталықтарында да, шалғай елді мекендерде де орналасқан сиреналар толықтай тексеруден өткізіліп, техникалық жарақтылығы расталған. Барлық дабыл жүйесі автоматты түрде іске қосылуға қабілетті, ал қол режимінде басқару үшін жауапты персонал тәулік бойы кезекшілік атқарады.

Бұған қоса, облыста жер сілкінісі кезінде әрекет ету алгоритмдері жаңартылып, мектептер мен балабақшаларда эвакуациялық жаттығулар тұрақты түрде өткізілуде. Мемлекеттік органдар, медицина мекемелері және құтқару бөлімшелері арасында үйлестіру жұмысы жолға қойылған. Жалпы алғанда, облыс сейсмикалық жағдайға сақадай сай, яғни ерте хабарлау, ақпараттандыру және құтқару жүйелері толыққанды дайын тұр.

«AULIEATA-MEDIA» ЖШС-ның тілшілер тобы:

Нұрым Сырғабаев,

Мақпал Сүйінбай