«Қызыңмын» деп алдап, 82 жастағы зейнеткерді тақырға отырғызған алаяқ ұсталды
Алаяқтың сөзіне сенген қарт әйел бейтаныс ер адамға пәтерінде 1 500 000 теңгені қолма-қол берген, деп хабарлайды arainfo.kz
Шығыс Қазақстан облысында алаяқтар 82 жастағы Өскемен тұрғынынан ірі көлемде ақша жымқырды. Полицияға жәбірленушінің өзі хабарласып, үй телефонына белгісіз әйел қоңырау шалып, өзін қызы ретінде таныстырып, жол апатына түскенін айтып көмек сұрағанын жеткізді.
Алаяқтың сөзіне сенген қарт әйел бейтаныс ер адамға пәтерінде 1 500 000 теңгені қолма-қол берген.
Оқиға бойынша жедел әрекет еткен полицейлер бейнебақылау камераларының көмегімен күдіктіні анықтады. Ол – өзге облыстан келген 22 жастағы азамат болып шықты. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полиция департаменті тұрғындарды, әсіресе қарт адамдарды, сақ болуға шақырады. Бейтаныс адамдарға ақша бермеу, күмәнді жағдайларда жақындармен байланыс орнату және дереу 102 нөміріне хабарласу қажеттігі ескертіледі.