Zhambyl Hub-та Startup Orda Demo Day өтті: 13 стартап өз жобасын ұсынды
Zhambyl Hub базасында Startup Orda бағдарламасының финалдық Demo Day шарасы өтті - 13 стартап өз жобасын таныстырды, деп хабарлайды arainfo.kz
Қараша айының 28-і күні Zhambyl Hub алаңында Astana Hub-тың өңірлік инкубациялық бағдарламасы Startup Orda-ның қорытынды Demo Day шарасы өтті. Бағдарлама жас IT-кәсіпкерлерге өз идеясын жүйелі түрде дамытып, оны нақты жұмыс істейтін MVP деңгейіне жеткізуге мүмкіндік береді.
Startup Orda - екі айлық интенсив, оның барысында қатысушылар кәсіпкерлік негіздерін меңгереді, менторлардан жеке қолдау алады, трекингтен өтеді және өз өнімінің алғашқы нұсқасын әзірлейді. Инкубациялық жоба - бұл стартапты нөлден бастап, мақсатты аудиториямен тексерілген бизнес-модель мен прототипке дейін жеткізетін толыққанды дамыту бағдарламасы.
Соңғы екі ай ішінде командалар идеяларын зерттеп, гипотезаларын тексеріп, өнімнің алғашқы нұсқасын дайындап, презентациялық дағдыларын шыңдады. Бағдарламаның финалында 13 команда өз жобаларын сарапшылар алқасына ұсынып, екі айлық еңбектерінің нәтижесін көрсетті.
Финалға шыққан стартаптар тізімі:
1. ChildGuard AI - Баланың психологиялық дамуын ерте кезеңде бақылап, мінез-құлықтағы өзгерістерді жасанды интеллект арқылы анықтайтын жүйе. Жоба ата-аналар мен мамандарға баланың эмоциялық жағдайын уақытылы бақылауға және алдын алу шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.
2. Lost & Found App - Оқу орындары мен қоғамдық кеңістіктерде жоғалған заттарды табуға арналған цифрлық платформа. Қолмен іздеу ұзақ әрі нәтижесіз болғандықтан, қосымша жоғалған заттар туралы ақпаратты бір орталыққа жинап, іздеу уақытын бірнеше күннен минуттарға дейін қысқартады.
3. MediCare - Дәрігерге жазылу, кезек күту және қабылдауға тіркелу процесін жеңілдететін медициналық сервис. Қосымша азаматтардың уақытын үнемдеп, емханалардағы ұзын-сонар кезекті цифрлық форматқа көшіреді.
4. EduBridge - Интернет жылдамдығы төмен ауылдық аймақтарда да жұмыс істейтін IT-білім беру платформасы. Курстарды офлайн режимде өтуге мүмкіндік беріп, ауыл жастарының, шалғайдағы мектеп оқушылары мен студенттердің IT-бағыттарға қолжетімділігін арттырады.
5. HelpAI - Оқушылардың жеке деңгейіне бейімделетін жасанды интеллект негізіндегі оқу көмекшісі. Оқушының әлсіз тұстарын анықтап, жеке оқу жоспарын құрып, мотивацияны арттыруға бағытталған интерактивті платформа.
6. MARS - Студенттерге арналған оқу материалдарымен алмасу платформасы. Рефераттар, конспектілер, емтиханға дайындық материалдарын жүйелеп, оқу процесін жеңілдетеді және студенттер арасындағы байланыс сапасын жақсартады.
7. EduFlex - Оқушылардың деңгейін автоматты анықтап, олар үшін арнайы бейімделген видео сабақтар мен материалдар ұсынатын білім беру платформасы. Білім мазмұнын шашыраңқылықтан арылтып, бір орталықта біріктіреді.
8. Nexa.app - Қазақ тіліндегі барлық негізгі нейрожелілер мен AI-құралдарды бір жерге біріктіретін ұлттық суперқосымша. Оқу, денсаулық, контент жазу, күнделікті тапсырмалар - бәрін қазақ пайдаланушысына бейімделген интерфейсте ұсынады.
9. ONAY Tolem - Тұрғын үйлерде пайдаланылатын электр энергиясын бақылауға арналған ақылды жүйе. Жоба “вампирлік жүктемені”, жасырын ток тұтынуды және тұрақсыздықты анықтап, үй иелеріне нақты есеп пен үнемдеу мүмкіндігін береді.
10. ByteForge - Студенттерге арналған жеке AI-оқу көмекшісі. Қиын тақырыптарды түсіндіреді, жеке оқу стиліне бейімделеді, мотивацияны арттырады және оқу материалдарын басқаруға көмектеседі. Оқу процесіндегі хаос пен түсінбеушілікті шешуге бағытталған.
11. SkillBridge - Жастардың мансаптық мүмкіндіктерін кеңейтетін кәсіби бағдар беру және дағдыларды дамыту платформасы. Студенттерге нақты жұмыс нарығымен байланыстырып, мамандық таңдау, тәжірибе табу және мансап жолын жоспарлауда қолдау көрсетеді.
12. AdilAI - Қазақстан азаматтары үшін әзірленген AI-заңгер платформасы. Құқықтық сауатсыздық пен заңдардың қиын түсіндірілуінен туындайтын жыл сайынғы экономикалық шығындарды азайтуға бағытталған. Қосымша әр азаматқа қолжетімді, жылдам және дәл құқықтық кеңес береді.
13. Photo Dyno - Светотерапия (жарықпен емдеу) қабылдайтын онкологиялық науқастарды цифрлық түрде бақылауға арналған жүйе. Қосымша пациенттің жағдайын мониторингтеп, емдеу процесін тиімді жоспарлауға көмектеседі. Заманауи деректер онкологиядағы терапия тиімділігін арттыруға бағытталған.
Айта кету керек, финалға өткен 13 стартаптың 12-сі - Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің студенттеріне тиесілі. Бұл көрсеткіш аталған білім ордасының заманауи IT-трендтерге бейімделіп, нарыққа қажет мамандарды даярлауда нақты нәтижелерге қол жеткізіп отырғанын дәлелдейді. Студенттердің өңірлік инкубациялық бағдарламада жоғары нәтижемен көзге түсуі - колледждегі білім беру сапасының, тәжірибеге бағытталған оқыту жүйесінің және жас мамандарды қолдау экожүйесінің тиімділігінің айқын көрінісі.
Әр команда өз идеясының өміршеңдігін дәлелдеуге тырысып, өңірлік инновациялық экожүйенің дамуына үлес қосатын деңгейде жобаларын таныстырды. Demo Day қатысушылар үшін жаңа серіктестер табуға, сарапшылардан кәсіби кері байланыс алуға және жобаларын одан әрі дамытуға үлкен мүмкіндік болды.
Zhambyl Hub өңірдегі таланттарды қолдап, жас кәсіпкерлердің технологиялық идеяларын жүзеге асыруға жағдай жасауды жалғастыра береді.