Жаңалықтар

Қазақстанда мүгедектік тағайындаудың жаңа форматы іске аса бастады

2025 жылдың басынан бастап мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай жүргізу жобасы аясында еліміздің барлық өңірлерінен 99,6 мың өтінім қаралды, деп хабарлайды arainfo.kz

Қазіргі таңда 30 нозологиялық нысан бойынша куәландыру толық сырттай форматта жүзеге асуда.

2024 жылы да 96,9 мыңнан астам өтінім қашықтан қаралған. Бұл мүгедектігі бар азаматтарды куәландырудың жалпы көлемінің 37,4%-ын құрады.

Жоба Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасын орындау мақсатында іске асырылып жатыр. Президент ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қағазбастылықты азайтып, инстанциялар арасында сабылуды болдырмауды тапсырған еді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау және Цифрлық даму министрліктерімен бірлесіп, сырттай МӘС форматын Қазақстанның 20 өңірінде пилоттық режимде енгізді.

Енді мүгедектік белгілеу үшін азаматқа тек емханаға барып, қажетті тексеруден өту жеткілікті. Қалған барлық процесс ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде жүргізіледі.

Сырттай куәландыруға көшу:

бюрократиялық кедергілерді жояды;

сараптамалық шешімдердің ашықтығын арттырады;

қызметті үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді;

азамат пен қызмет көрсетуші арасындағы тікелей байланысты азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді.