Жаңалықтар

Димаш Мысыр пирамидаларының жанында концерт берді

30 қарашада «The Pyramids Echo» атты алғашқы фестиваль аясында Димаш Құдайберген өзінің жеке концертін өткізді, деп хабарлайды arainfo.kz сайты dimashnews-ке сілтеме жасап.

Бұл оның Африка құрлығындағы бірінші өнер көрсетуі және ТМД елдерінен шыққан әртістің пирамидалар сахнасында алғаш өнер көрсетуі.

Концерттің басында Димаш көрермендерді жылы қарсы алып, алғыс айтты: «Қош келдіңіздер, біздің шоуымызға уақыт бөліп келгендеріңіз үшін үлкен рақмет».

Кеш барысында әр ән шағын спектакльдей орындалып, Димаш «Fire», «Smoke», «Любовь уставших лебедей», «When I’ve Got You», «SOS d’un terrien en détresse» сияқты туындылар арқылы әртүрлі образдарды көрсетті.

«Olympico», «Ave Maria», «Be with me», «Give me your love» композициялары арқылы әнші өнерінің барлық қырын ашты.

Қазақтың дәстүрлі аспаптары – домбыра, қобыз, сыбызғы – «Stranger», «Адай», «Тау ішінде», «Дурдараз», «Let it be» шығармаларымен араб түнінің сиқырлы атмосферасында үйлесіп, көрермендерді ерекше сезімге бөлді.

Көрермендер әншімен бірге ән айтып, би билеп, Қазақстаннан келген сәлемдерді қуана қабылдады. «Ұмытылмас күн» және «Махаббат бер маған» кезінде телефон шамдарының жарығы Пирамидаларды жұлдызды аспанға айналдырды.

Финалда Димаш үш рет биске шығып, «Weekend» композициясымен кешті аяқтап, алда әлі көптеген концерттер мен кездесулер болатынын атап өтті.