Министрлік спортшылардың 2026 жылғы қысқы Олимпиада лицензиясын алу тәртібін түсіндірді
2026 жылғы 6–22 ақпанда Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында XXV Қысқы Олимпия ойындары өтеді, деп хабарлайды arainfo.kz
Байрақты додаға әлемнің 93 елінен 3 500-ден аса спортшы қатысады, оның ішінде Қазақстанның да спортшылары бар.
Қазіргі уақытта спортшылар қысқы Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік беретін жолдамаларды алу үшін халықаралық жарыстар мен Әлем кубогі кезеңдеріне қатысып жатыр. Олимпиада лицензиясы сол жарыстардағы нәтижелер мен жинаған ұпай санына қарай беріледі. Қазақстан қоржынында әріге екі лицензия бар. Олар мәнерлеп сырғанаушылар Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкинаға тиесілі.
Шорт-трек ұлттық құрамасы әлемдік турды аяқтап, алдағы уақытта Олимпиадаға баратын спортшылардың есімі анықталмақ. Конькимен жүгірушілер 5–14 желтоқсан аралығында Нидерланд пен Норвегиядағы Әлем кубогі кезеңдеріне қатысады.
Фристайл-могул мен акробатика спортшылары, биатлоншылар, шаңғышылар, шаңғымен секірушілер, тау шаңғысы және шаңғы қоссайысындағы спортшылар әлемнің бірнеше елінде өтетін Әлем кубогі мен халықаралық турнирлерде бақ сынайды.
Қазақстан спортшыларын сапалы дайындау үшін Туризм және спорт министрлігі ұлттық құрамаларды оқу-жаттығу жиындарымен, медициналық және психологиялық қолдаумен, қаржыландырумен, спорт құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етумен, тамақтандыру және білікті жаттықтырушыларды тартумен қамтып отыр.