Руханият

Тату отбасының тасы өрге домалайды

Отбасы – қоғамның ең маңызды ұясы, ал берік отбасы институты елдің тұрақты дамуы мен өркендеуінің негізгі кепілі. Ата-ананы құрметтеу, ана болу мен әке болудың жауапкершілігі, ерлі-зайыптылардың өзара сенімі, адалдығы мен сүйіспеншілігі – міне, осындай құндылықтар мызғымас отбасы дәстүрлерінің негізін қалайды. Тәрбиелі, білімді, бақытты ұрпақтың қалыптасуына да дәл осы құндылықтардың ықпалы зор.

Осы мақсатта Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясында «Отбасы құндылығы» тақырыбында алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылды.

Бұл басқосу тату отбасы институтын нығайту, ата-ана мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынасты қалыптастыру, сондай-ақ отбасылық тәрбиенің өзекті мәселелеріне назар аударуға бағытталды.

Жиынға қала прокуроры Нұрсұлтан Әлиакбаров, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлім инспекторлары Балнұр Мұратқызы мен Меруерт Есенбекқызы қатысты.

Спикерлер баяндамаларында отбасының беделін арттыру, ұлттық және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды жаңғырту Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі екеніне айрықша назар аударып, осы бағытта орамды ойларын ортаға салды.

Іс-шара барысында гимназия психологтары ата-аналарға «Мінез-құлықтағы күрт өзгерістер: ата-анаға ескерту сигналдары» тақырыбында кеңестер беріп, балалар мен жасөспірімдердің мінез-құлқындағы өзгерістерге дер кезінде мән беру қажеттігін түсіндірді. Психологтар ата-аналарға баламен сенімді диалог құру, тыңдау және қолдау көрсету, отбасы ішінде жылы әрі қауіпсіз эмоционалды орта қалыптастырудың маңызын баяндады.

Сондай-ақ эмпатияны дамытуға, жасөспірімдермен өзара түсіністік орнату дағдыларын қалыптастыруға бағытталған тренинг ұйымдастырылды. Қатысушылар тиімді қарым-қатынас жасау әдістерін үйреніп, мамандардан практикалық кеңестер алды.

Бұл іс-шара отбасы институтын нығайтуға, ата-аналардың тәрбиелік әлеуетін арттыруға және қоғамда жағымды отбасылық ахуал қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды. Тұрақты құндылықтарға сүйенген тату отбасы – бақытты баланың, ал бақытты бала – гүлденген мемлекеттің кепілі.

Сымбат ҚУАНЫШ