Тағылымға толы дәріс
Мельс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің «Рухани жаңғыру» офисіне бұл жолы Абай мұрасына қызығушылығы зор ұстаздар жиналыпты. Өйткені филология ғылымдарының докторы, Шыңғыс Айтматов академиясының құрметті академигі, ғалым, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, жерлесіміз Өмірхан Әбдіманов «Абай ілімі және қазіргі мұғалімнің рухани болмысы» атты тақырыпта лекция оқиды екен.
Профессор бір сағаттан аса уақыт бойы Абай және оның өміршең философиясы төңірегінде терең ой қозғап, «толық адам» идеясын кемел адам деп көрсетіп, ақынның рухани құндылықтарын Ахмет Байтұрсынов танығандай деңгейде тыңдаушыларының санасына себезгілеп құйды. Сөйтіп, ғалым-педагог мұғалімдердің ұйқыда жатқан рухани болмысын оятты.
Өмірхан Әбдіманұлының лекциясы шынында өте әсерлі өтті. Абай шығармалары туралы ой толғамдарын ортаға салушылар да көп болды. Әсіресе, Құлан тірек мектеп-гимназиясынан келген Дәурен Дидарханұлы мен Фараби Арыстанбеков, №1 лицейдің ұстазы Ұлжан Әбдірайымова мен №6 мектеп-гимназияның мұғалімі Базаркүл Тоқтағанова, қорағатылық Жадыра Ниязқұлова лекциядан алған әсерлерімен бөліскенде, жиналған жұрт толқи отырып тыңдады. Ғалымнан тәлім алған ұстаздар академикке алғыстарын білдірді.
Иә, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері кездесуден үлкен рухани танымдық дәріс алды деуге болады. Өйткені мектептегі сынып пен институт аудиториясында айтылатын дәріскерлік сабақтың айырмашыылығы жер мен көктей екенін білім бөлімінен келіп отырған мамандар да, басшылар да өз көздерімен көрді. Аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Мұратбек Сванов профессор Өмірхан Әбдіманұлына ғана емес, осы басқосуды ұйымдастыруға ұйытқы болған білім бөлімі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Махамбетұлына да шын алғысын білдірді.
Кездесу соңында мұғалімдер мен академик Өмірхан Әбдіманұлы еркін пікір алмасып, Абай Құнанбаевтың 180 жылдығының бүкіл республика көлемінде ғана емес, шетелдерде де жоғарғы деңгейде өтіп жатқанын, осы басқосулардың шәкірттердің сабағына айтарлықтай азық болатынын баса айтты.
Сейсен ҚОЖЕКЕ,
Тұрар Рысқұлов ауданы