Әңгіме арқауы – әйел тағдыры
Тараз қаласында руханият пен әдебиеттің мерекесіне айналған ерекше кеш өтті. «Кітаптар әлемі» жобасының құрылғанына биыл 5 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында жоба он мыңға жуық оқырманды қамтып, қаламгерлердің шығармаларын насихаттауға, оқырмандар арасында кеңінен танытуға жол ашты.
Кеш иесі – жазушы, жоба авторы Салтанат Әбдіғали. Ұлттық руханиятымызды өркендетуге лайықты үлес қосып жүрген жоба жетекшісі 5 жыл бойы атқарылған жұмыстарды «Жаназық» және «Кішкентай әйел» атты екі жаңа кітабымен қорытындылады.
«Жаназық» кітабында жоба аясында өмірге келген «Кітап жанашырлары» клубының оқырмандарды көбейту жолындағы сан қырлы ізденістері жинақталып, «Кітаптар әлемі» жобасының жұмыстары өзек болған. Ал екінші кітабы «Кішкентай әйел» – төл туындысы. Оған жас жазушының прозалық тырнақалды әңгімелері, бүгінгі күннің ең көкейтесті мәселелерін өзек еткен «Ата иісі», «Әкеге хат», «Жалғыздың мұңы», «Кішкентай әйел», «Бақытгүлдің бір күні» сынды туындылары еніп отыр. Жинақтағы тағдырдың тауқыметін жалғыз тартқан әйелдердің, әкеге деген сағыныштары жүректерін сыздатқан балалардың бейнесі шынайы суреттелген.
Тағылымы мен тәлімі мол іс-шараның шымылдығы «Қарақат» өнер студиясының жетігенші қыздарының нәзік әуенімен түрілді. Одан әрмен ақын, Жазушылар одағының облысымыздағы өкілі Хамит Есаман кеш тізгінін өз қолына алып, «Кітаптар әлемі» жобасының маңыздылығы жайлы ойын ортаға салды.
Салтанат Әбдіғали өз кезегінде жобаның қалай басталғанын, ізденіс пен еңбектің нәтижесімен бөлісті. Жаңа кітаптарының әрқайсысында өмірдің шынайы сәттері мен әйел тағдыры, рухани ізденіс пен адамдық болмыс көрініс тапқанын айтты.
Ал белгілі жазушы-журналист, «Құрмет» орденінің иегері Көсемәлі Сәттібайұлы Салтанаттың шығармашылығында әйел тағдырына деген ерекше жанашырлық бар екенін ерекше атап өтіп, әдебиет әлеміндегі қадамына сәттілік тіледі.
Сол секілді балалар жазушысы, журналист Марат Құлыбаев та өз пікірін білдіріп: «Салтанаттың тілінде жылылық пен сенім бар. Ол оқырманды баурайды. Кейіпкерлерінің ішкі әлемін шынайы ашуға талпынысы байқалады. Алдағы уақытта балалар әдебиетіне де қалам тартатынына сенемін», – деді.
Ал «Шер» прозашылар клубының жетекшісі, журналист Қамар Қарасаева жазушы шығармаларының әлеуметтік астарына мән берді.
Кеш барысында қатысушылар жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсіміне куә болды. Әдеби туындылар салтанатты түрде оқырманға табысталды. Бұл әдемі сәтті жас өнерпаз Қамбар Жанерке «Шыбыным» әнімен әрлеп, іс-шараға ерекше әсер берді.
Назым ҚОЖАМАР,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі