Саясат

Шынайы бәсекені жандандырады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауын жария еткелі парламенттік реформа, оның ішінде бір палаталы парламент моделі көп талқыланатын тақырыптың біріне айналды. Расында, қоғам ендігі жерде бір палаталы Парламенттің қаншалықты тиімді боларына ой жүгіртіп, түрлі сауалдың төңірегінде пікір көрігі қыза түсті. Десек те Президент заң шығарушы органның ендігі тағдырын халықтың өзі шешсін деп 2027 жылы жалпыхалықтық референдум өткізуді үсынды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты биылғы Жолдауында не­гізінен жасанды интеллектіні эконо­микаға барынша сіңдіріп, оны ел игілігі жолында тиімді пайдалану тетіктерін ұсынды. Президент сая­си реформа мәселесіне де назар аударды. Жолдаудың түйінделер тұ­сында тоқталған парламенттік рефор­ма арқылы Мемлекет басшысы елі­міздің бір­тұ­тас институционалды жү­йе­сін нығайтуды көздейтінін жет­­­кізді. Ал бұл реформа аза­мат­­тық секторда, сарапшы­лар ортасында, сон­дай-ақ қазір­гі Парламентте жан-жақты тал­қы­лануы қажеттігін де баса айтты.

«Реформаның мән-маңызы айрық­ша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын. Содан кейін, яғни 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болар еді. Содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізе аламыз. Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Пар­ламентті тек қана партиялық тізім бойын­ша сайлаған жөн деп санаймын», деді Президент.

Бүгінде бұл реформаға саяси сарапшылар, саясаткерлер оң көзқарас танытып, пайымды пікір білдіріп отыр. Мәселен, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов бір палаталы Парламентке көшу саяси жүйенің тұрақтылығын арттыратынына сенімді. Ал жаңа Парламентте саяси партиялардың өзара бәсекелестігі болмаса, бәрі бекер.

Ол қазіргі партиялар көбіне танымал тұлғалардың басын қосқан ұйымға көбірек ұқсайтынын айтады.

Ал Мәжіліс депутаты Елнұр Бей­сенбаев Мемлекет басшысы ұсын­ған парламенттік реформаны саяси партиялардың дамуына, көбеюі­не берілген үлкен мүмкіндік әрі жауап­кершілік деп бағалады.

Жалпы, көптеген сарапшы Мем­ле­кет басшысының Парламентті жалғыз палатамен қайта жасақтау ре­фор­масы бұрын жүзеге асырыл­ған реформалардың заңды жалғасы іспетті болғанын айтып отыр. Айта­лық, Президент жанындағы Қазақ­стан стратегиялық зерттеулер инсти­туты саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Жанар Санхаева бір палаталы модельге көшу парламентіші­лік құрылымдардың нығаюы арқылы жүзеге асатынын атап өтті.

Оның айтуынша, бір палаталы Парламентке көшу, саяси институттарды нығайтуға, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған дәйекті реформалар логикасына негізделген.

Қалай десек те, Президент ел тағ­дырына қатысты қандай да бір мә­селеге келгенде тек қана ашық саясат жүргізу керек деп санайтынын, мұндай ауқымды реформаны қоғамнан құпия ұстауға болмайтынын шегелеп айтты. Сарапшылар Президент ұсынып отырған бір палаталы Парламент шешім қабылдаудың тиімділігін арттыратынына сенімді. Дамыған елдер­дің біразының тәжірибесінде бар бұл жүйені орта державалар қатарына қосылған біздің елде де қолданудың уақыты келді. 

Жасұлан Бақытбекұлы, журналист