Брифинг

Зәбір көргендерді заң қорғайды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Айдана Биғабылованың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Брифингте спикер отбасындағы жасырын трагедия, яғни тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептері мен алдын алу көрсеткіштеріне тоқталып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Орталық директорының айтуынша, зорлық-зомбылық көбіне әлеуметтік жағдайы төмен, масылдыққа жақын отбасыларда орын алатыны анықталыпты. Оның басты себебі – ішімдікке салыну, агрессия және өзара түсіністіктің болмауы. Көп жағдайда 18 бен 40 жас аралығындағы, жаңадан отбасын құрған және құқықтық сауаттылығы төмен әйелдер зорлық-зомбылықтан зардап шегеді екен. Осы жылы зорлыққа ұшыраған отбасындағы әйелдердің 58-інің білімі орта екені белгілі болған. Оның 22-сі көпбалалы, 58-і жұмыссыз, 35-і ауылдық жерде тұрады. Бұл деректер мәселенің әлеуметтік сипатын айқын көрсетіп тұр.

Сондай-ақ былтыр – 15, ал биыл 8 адам жұмысқа орналасқан. 7 әйел «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында қысқа мерзімді тегін курстардан өтіп, сертификатқа қол жеткізген. 11 бала тегін үйірмелерге қатысып, 10 бала интернатқа орналастырылған. Биыл 24 әйел мен 68 бала өз отбасына қайта оралыпты.

Зорлықтың алдын алу бағытында мектеп, колледж, жоғары оқу орны мен мемлекеттік ұйымдарда түсіндіру және профилактикалық шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Сонымен қатар зорлықтың қайталануына жол бермеу мақсатында агрессорлармен жеке профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Көп жағдайда жәбірленушілер қорқып, арыз жазудан бас тартады. Бұл зорлықтың қайталануына себеп болатын ең бірінші мәселе. Сондықтан қоғамда зорлық-зомбылыққа төзім мәдениетін қалыптастыру өте маңызды.

Брифинг барысында А.Биғабылова ауылдық елді мекендерде құқықтық сауаттылықты арттырып, мектеп, колледж, мәдени орталықтарда жанжалды бейбіт жолмен шешу, зорлық-зомбылықтың зияны туралы дәріс өткізу керектігін айтты. Агрессорлармен оңалту және тәрбиелеу бағдарламалары толыққанды түрде жетілмеген, олардың мінез-құлқын өзгертуге бағытталған жұмыстар әлі де аз көрінеді. Сондықтан агрессорларға бағытталған психотерапия, агрессияны бақылау, отбасы терапиясы сынды бағдарламаларды енгізу қажет деп санайды.

Әйелдің әл-ауқаты – ел дамуының көрсеткіші. Спикер брифинг соңында тұрғындарды зорлық-зомбылық фактілерін жасырып қалмау керектігін ескертті. Цифрлық ортадағы агрессияға бейжай қарамауға және қажетті жағдайда көмек сұраудан арланбауға шақырды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ