Мемлекеттілігіміздің мызғымас тұғыры
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Қазақстан Республикасы Конституциясы: бастаулары, теория және заманауи тәжірибе» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Мәні болек маңызды жиынға Қазақстан, Түркия, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының ғалымдары, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының өкілдері қатысты.
Конференцияны университет ректоры Махметғали Сарыбеков ашып, еліміздің Ата Заңының қоғамның саяси-құқықтық жүйесін қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Ректор өз сөзінде Конституцияны ғылыми тұрғыдан зерделеу және халықаралық тәжірибемен ықпалдастырудың маңызын атап өтті.
Сонымен қатар конференцияда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов, Варна еркін университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Петр Христов, облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев, облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Думан Мәуленов сөз сөйлеп, Конституцияның құқықтық мемлекеттің іргетасы ретіндегі тарихи мәніне және оның даму үрдістеріне тоқталды.
Пленарлық отырыста халықаралық және отандық сарапшылар конституциялық-құқықтық реформалар, цифрландыру, азаматтардың саяси құқықтары, мемлекеттердің салыстырмалы конституциялық тәжірибесі және ұлттық мүддені қорғау мәселелерін талқылады. Баяндамашылар қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақытжан Базарбек пен Болат Керімбек, Стамбул университетінің профессоры Фетхи Гедикли, Ресей мемлекеттік әділет университетінің профессоры Анна Ананьева, Қырғыз Республикасы Ұлттық академиясының корреспондент-мүшесі Таалайбек Исманов, Ташкент мемлекеттік заң университетінің профессоры Махмут Утемуратов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ғалымдары болды. Олардың баяндамалары конституциялық дамудың тарихи және теориялық аспектілерін, цифрлы мемлекет жағдайындағы құқықтық мәселелерді, жасанды интеллект пен білім саласына қатысты конституциялық нормаларды жетілдіру қажеттігін қамтыды.
Іс-шара аясында 9-11-сынып оқушылары арасында эссе байқауы ұйымдастырылды.
Екі күнге созылған конференция қорытындысында құқықтық жүйені жетілдіру және Конституция нормаларының тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстар қамтылған қарар қабылданды. Іс-шара халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытып, конституциялық-құқық саласындағы зерттеулерге жаңа серпін берді. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті алдағы уақытта осындай ғылыми алаңдарды одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.
«AR-AI»- ақпарат