Жастарды жұмыспен қамту – күн тәртібінде
Жуырда «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңестің отырысы өтті. Жиынға партияның облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, кеңес мүшелері мен әлеуметтік салаға жауапты мекеме басшылары қатысты.
Кеңес отырысында өңірдегі әлеуметтік саясаттың жүзеге асу барысы жан-жақты талқыланды. Жиында облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов жол картасындағы әлеуметтік бағыттағы тармақтардың орындалуы баяндама жасады.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде биыл 412,7 миллион теңге қаралып, кәсіптік оқытумен 1 315 жұмыссыз азаматты оқыту жоспарланған екен. Бүгінге дейін азаматтар толық оқытылып, 711-і жұмысқа орналасыпты. Жыл соңына дейін 100 пайызға жеткізу көзделуде.
Жиында жастарды жұмыспен қамту мәселесі де көтерілді. Әсіресе, медицина саласы бойынша оқуын аяқтаған түлектерді «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналастырудың маңыздылығы айтылды. Бұл бағытта Тараз қалалық Мансап орталығы мен Жамбыл жоғары медициналық колледжі арасында нақты әріптестік орнату қажеттігі атап өтілді.
Кеңес отырысында аудандарда отбасын қолдау орталықтарын ашу мәселесі де талқыланды. Бұл бағытта нақты жоспар жасақталған. Алдағы жылы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Меркі және Сарысу аудандарында жаңа орталықтар ашылады. Бұл бастама – ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешуге, отбасылық институтты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болмақ.
Кеңесте көтерілген тағы бір өзекті мәселе – зейнеткерлерді сауықтыру шаралары. Қазіргі таңда облыста 114 мыңнан аса зейнеткер тұрады. Оларды сауықтыру орталықтарына жолдамамен жіберу үшін бюджеттен қаржы қарастырылғанымен, қаражаттың мақсатты игерілмеуінен ол кері қайтарылып отыр. Сондықтан бұл мәселені тиімді шешу үшін жаңа жүйе қалыптастыру қажет.
Сымбат ҚУАНЫШ