Асқар тау аласармайды
Биыл Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына – 115 жыл. Қан майданда қаһармандығымен танылып, елдігін қорғаған ердің өнегелі өмірі мен ұлт руханиятына қалдырған мол мұрасы қазақ халқы үшін әрдайым айрықша қастерлі.
Бүгін батырдың мерейтойына орай «Баласағұн» орталық концерт залында «Бауыржан Момышұлы мұралары: тарих пен таным» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтеді. Іс-шара аясында қатысушылар батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Б.Момышұлы музейінің экспозицияларымен танысады.
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің доценті, филология ғылымдарының докторы Темірбай Мұқашев модераторлық ететін конференцияға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров арнайы қатысады.
Іс-шара барысында Сейітжан Қойбақовтың «Батырлықтың алтын бесігі – Жуалы» атты жаңа кітабының тұсаукесері өткізіліп, Бауыржан Момышұлы туралы арнайы видеоролик көрсетілмек. Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Орынша Қарабалина, генерал-майорлар Сейітжан Қойбақов пен Нұржан Жігітеков, публицист, жазушы, сыншы және аудармашы Бигелді Ғабдуллин батыр туралы естеліктерімен бөлісетін болады.
Аты аңызға айналған батырдың мерейтойына орай бүгінгі нөміріміздің айқарма беттерін арнауды жөн көрдік.
Редакциядан