Жамбыл жаңалықтары

Шуда натрий цианидін өндіретін зауыттың қазығы қағылды

Сәрсенбі күні облыс әкімі Ербол Қарашөкеев натрий цианидін өндіретін зауыттың құрылысын салтанатты түрде бастау рәсіміне қатысты. Бұл жоба Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған стратегиялық міндеттер аясында жүзеге асырылып отыр.

Ербол Қарашөкеев өз сөзінде Жамбыл облысы химия өнеркәсібінің орталығы саналатынын атап өтті. Бүгінде Қазақстан бойынша фосфор, аммофос және натрий цианидінің 100 пайызы өңірдің химиялық кәсіпорындарында өндіріледі.

Жаңа кәсіпорын Шу ауданындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы аумағында бой көтермек. Ірі инвестициялық жобаны «Altynalmas Reagents» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырып жатыр. Жобаның жалпы құны – 68 миллиард теңге, жылдық қуаттылығы – 25 мың тонна.

Зауыттың іске қосылуы алтын өндіру өнеркәсібінің стратегиялық қауіпсіздігін арттырып, ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге және импортты алмастыруға мүмкіндік береді.

Өнімдер Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Моңғолия мемлекеттеріне экспортталады.

Өндіріс 2027 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында өңір экономикасына 553,6 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38,3 пайызға артқан. Нәтижесінде Жамбыл облысы инвестициялық ахуал бойынша республикада үздік үштіктің қатарына енді.

Жыл басынан бері 21 миллиард теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 282 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жалпы облыстың инвестициялық қоржынында 2028 жылға дейін іске асырылуы жоспарланған, 6,4 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейтін 62 жоба бар. Олардың жалпы құны 3,5 триллион теңгені құрайды. Аталған жобалардың ішінде 12-сі шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылуда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі