Тифло жобаның – зағип жандар үшін шексіз мүмкіндігі
Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы инклюзивті орта қалыптастыруда маңызды жобаларды жүзеге асырып келеді.
Соның ішінде ерекше маңызға ие бағыт – тифло жобалар. Бұл жобалар көру қабілеті шектеулі жандардың ақпаратқа қолжетімділігін кеңейтіп, мәдени, білім беру және әлеуметтік ортаға толыққанды араласуына зор үлес қосуда.
Тифло жобаның негізгі мақсаты – зағип және әлсіз көретін азаматтарға заманауи технологиялар арқылы еркін оқу, білім алу және шығармашылықпен айналысу мүмкіндігін беру. Кітапхана қорында арнайы бейімделген әдебиеттер, Брайль қарпіндегі кітаптар, аудиокітаптар, электронды ресурстар молынан жинақталған. Сонымен қатар дыбыстандыру студиясы арқылы жаңа шығармалардың аудио нұсқаларын дайындау тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Қызмет алушылар үшін тифлотехникалық құралдардың да маңызы зор. Кітапханада брайл дисплейлері мен дыбыстық компьютерлік бағдарламалар орнатылған. Бұл құрылғылар азаматтардың өз бетімен жұмыс істеуіне, мәтіндерді оқуына, интернет пайдалануына және күнделікті өмірде еркін әрекет етуіне қолдау көрсетеді.
Тифло жоба тек техникалық мүмкіндіктермен шектелмейді. Кітапханада шығармашылық үйірмелер, оқу клубтары, мотивациялық тренингетр, мәдени шаралар мен қоғамдық кездесулер жүйелі түрде ұйымдастырылады. Мұның барлығы зағип жандардың әлеуметтенуіне, өз әлеуетін ашуына және қоғамда белсенді орын алуына бағытталған.
Жобаға қатысушылардың айтуынша, кітапхана – олар үшін тек оқу орны ғана емес, жаңа мүмкіндіктер ашатын, жақсылық пен жан жылуын сыйлайтын орта. Мұнда әрбір азаматтың пікірі ескеріледі, әр сұранысына сай жағдай жасалады.
Тифло жобаның дамуы – инклюзияның нақты көрінісі. Ол зағип жандардың қоғамнан тыс қалмай, білімге, мәдениетке және қоғамдық өмірге теңдей қол жеткізуіне жол ашады. Сондықтан Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының атқарып отырған еңбегі өңірдегі ерекше жандар үшін шын мәнінде шексіз мүмкіндік көзіне айналып отыр.
Зағип оқырмандарға қызмет көрсету секторының меңгерушісі
Шоңмырзаева Қарлығаш Тоқтанбекқызы