Кімдер ай сайын арнайы мемлекеттік жәрдемақыны ала алады?
Қазақстанда арнайы мемлекеттік жәрдемақы алушылар саны 207 мыңнан асты, деп хабарлайды arainfo.kz
Қазақстанда ел алдындағы айрықша еңбегі үшін немесе төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен азаматтарды қолдауға бағытталған арнайы мемлекеттік жәрдемақы (АМЖ) төленуі жалғасуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша АМЖ алушылардың саны 207 780 адамды құрады. Оларға жыл басынан бері 22,3 млрд теңге төленген.
Арнайы мемлекеттік жәрдемақы Қазақстанда 1999 жылдан бері енгізіліп, әлеуметтік қорғау жүйесінің маңызды бөлігіне айналған. Қолдауға құқылы азаматтардың 17 санаты заңмен белгіленген. Олардың қатарында:
Ұлы Отан соғысының ардагерлері және өзге мемлекеттердегі әскери іс-қимылдарға қатысушылар;
Соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтар;
Қаза тапқан жауынгерлердің әйелдері мен әскери қызметкерлердің отбасы мүшелері;
«Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарының иегерлері;
Тыл еңбеккерлері;
Чернобыль АЭС апатының салдарын жоюға қатысушылар;
Саяси репрессия құрбандары;
Мүгедектігі бар адамдар, зейнеткерлер;
Қазақстан Республикасы алдындағы ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған тұлғалар және басқа да санаттар.
Жәрдемақының мөлшері алушының санатына қарай 2,13-тен 138,63 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін өзгереді. АМЖ көлемі жыл сайын АЕК өсіміне сәйкес арттырылып отырады.
Заң бойынша, егер азамат бірнеше санатқа бір уақытта жатса, жәрдемақы тек бір негіз бойынша, азаматтың жеке таңдауы ескеріле отырып тағайындалады.
Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар да АМЖ-ны Қазақтан Республикасы азаматтарымен тең дәрежеде ала алады.
Арнайы мемлекеттік жәрдемақы алу үшін өтінішті eGov.kz порталы арқылы немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып беруге болады.