Жастар

Жамбылдық студенттер үздік атанды

Жақында Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ техникалық университетінде Қазақстан Республикасы Банктер қауымдастығы ұйымдастырған Студенттік жобалар мен зерттеулердің республикалық конкурсының финалдық кезеңі өтті.

Сайысқа М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Қолданбалы информатика және бағдарламалау» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері Есімхан Болатов пен Нұрислам Раймбеков қатысты.

Жамбылдық студенттер байқауға интеллектуалды қаржы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «AI – күдікті қаржылық операцияларды талдау және алдын алу шешімі» атты жобаларын ұсынды. Жоба машиналық оқыту мен деректерді талдаудың заманауи әдістерін пайдалана отырып, қаржылық алаяқтық тәуекелдерін анықтау және алдын алу мақсатында әзірленген.

Студенттердің ғылыми жетекшісі – «Қолданбалы информатика және бағдарламалау» кафедрасының аға оқытушысы, техника ғылымдарының магистрі Дильноза Маматаева.

Байқау жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, финтех және қаржы секторына арналған цифрлық шешімдер бағыттарында инновациялық жобаларды қолдауды мақсат етті.

Финалда еліміздің 23 жоғары оқу орнынан келген үздік командалар бақ сынады. Дулати университетінің студенттері өз жобаларын жоғары деңгейде қорғап, сарапшы қазылар алқасының оң бағасын алып, арнайы жүлдеге ие болды.

Байқау нәтижесінде жамбылдық студенттер Қазақстанның жетекші қаржы институттарының бірі – «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамында ақылы тағылымдамадан өту және кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды. Бұл мүмкіндік қос жігіттің – кәсіби тұрғыдан өсуіне ашылған жаңа жол. Бұл жеңіс студенттерді одан әрі дамуға, білімін тереңдетуге жігерлендіретіні анық.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ