Жаңалықтар

Сертіне берік Серғазы

Жамбыл облысы – елі үшін жанын беруге дайын тұратын талай батырларды тудырған өңір. Сондай батыл ұлдардың бірі – азаматтық қорғаныс саласында тер төгіп жүрген жас құтқарушы Серғазы Әбдіқадыр.

Осы бір жанкешті жандардың сапына бес жыл бұрын қосылған Серғазы Қорабайұлы жас та болса табандылығымен, ептілігімен көзге түскен маман. Ол бес жыл ішінде қатардағы маманнан Төтенше жағдайлар министрлігі республикалық жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы дәрежесіне дейін көтерілген.

Құтқарушы 1997 жылы Шу қаласында дүниеге келкен. Мектепті сонда тәмамдап, 17 жасында Алматыдағы Мұхамеджан Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясына «Электроэнергетика» мамандығына түседі.

Студент кезімде тауға жиі шығатынмын. Іштей болашақ жұмысымды осы таумен байланыстырғым келетін. 2018 жылы Ресейдің Омбы қаласына студенттерді алмасу бағдарламасы бойынша іріктеліп, онда 6 ай оқыдым. Сонда оқып жүргенде «Күрең берет» киюді мақсат еттім. Ұлттық ұланда «Күрең берет» киетін арнайы жасақ бар. Солардың қатарына қалай кірсем деп ойлана бастадым, – деген ол білімін жетілдіріп жүргенде алдында екі таңдау тұрғанын айтады.

Бірі – тағы да оқуға түсу. Екіншісі – Отан алдындағы борышын өтеу. Серғазы тіпті Алматыдағы Тұран университетіне барып, туризм мамандығына құжат тапсырып, емтиханнан өтіп қойған. Сол сәтте әскерден шақырту келді. Сонымен не керек ойлана келе екінші таңдауға тоқтап, әскерге аттанады.

Республикалық жедел құтқару жасағында 4 бөлімше бар екен. Олар күні-түні кезекшілік етеді. Жаз кезінде жүктеме көбейеді. Республикалық жасақ болғандықтан, тек Алматымен шектелмейді, облыстарға да, шет елдерге де шығады. Серғазы альпинист, сүңгуір және газ-түтіннен қорғаушы біліктіліктерін меңгерген.

Мақтанып айтар жайт, жерлесіміз Серғазы Түркияда болған жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға барған ел құтқарушыларының қатарында болған. Түркияда қуатты жер сілкінісі болғанда Қазақстаннан 33 құтқарушы аттаныпты. Зілзала зардаптарын жоюдағы алғашқы тәжірибесі де осы болған.

Биыл жазда қазақ елі үшін де ауыр апат болды. Сорбұлақ көліне ұшақ құлап, экипаж қаза тапты. Ол кезде де құтқарушылар қолдарынан келгеннің бәрін жасады.

Кейіпкеріміз кызметтен тыс уақытта спортпен белсенді түрде айналысып, түрлі жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүр.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ