Қамданған қапы қалмайды
Елімізде алдағы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жалғасуда. Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары мен жергілікті атқарушы органдар су тасқыны қауіпті учаскелерінде мониторинг жүргізіп, инженерлік қорғау құрылғыларының дайындығын тексеріп, алдын алу шараларын жүзеге асыруда.
Мәселен су тасқынын болдырмау мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Талас өзенінің арнасын және инженерлік жоспарға енгізілген объектілерді тексерді. Талас өзенінің арнасын түзету аясында тау тастары арқылы жағалауларды нығайту, ұзындығы 150 метр, ені 30 метр болатын өзен түбін тазарту жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар төтенше жағдайлар туындау тәуекелін айтарлықтай төмендетеді.
Ал Абай облысында Төтенше жағдайлар комитетінің бас маманы Бексұлтан-Али Рахымбаев инженерлік шаралар жоспарын іске асыру барысымен танысып, жаңа қорғаныш құрылыстарының жай-күйін тексеріп, гидротехникалық объектілердің жұмысын бақылады. Жұмыс қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға алдын алу шараларын күшейту және көктемгі кезеңде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдау ұсынылды.
Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Алексей Советов Ақтөбе облысының көктемгі су тасқынына дайындық жағдайына мониторинг жүргізді. Жұмыс сапары барысында ол инженерлік қорғау шараларының орындалуын, су өткізу жүйелері мен қорғаныш құрылыстарының жағдайын бағалады. Жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдай бөлімшелеріне алдын алу шараларын күшейту, дайындық деңгейін арттыру және қызметтер арасындағы үйлестіруді жақсарту бойынша ұсыныстар берілді.
Солтүстік Қазақстан облысының су тасқыны кезеңіне дайындық жағдайы да бағаланды. Облыста елді мекендерді қорғау және су тасқынынан туындайтын қауіптерді азайту үшін инженерлік жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жұмыс топтары Петропавл қаласы, Қызылжар, Шал ақын және Есіл аудандарындағы су тасқыны қауіпті учаскелеріне шығып, инженерлік шаралардың іске асырылуын және «Ущевка», «Кожевенный», «0-8 км» бөгендерінің, сондай-ақ Тепличное, Прибрежное және Бескөл ауылдарындағы бөгендердің жағдайын тексерді. Жергілікті органдарға елді мекендерді қорғау деңгейін арттыру үшін қосымша шаралар қабылдау ұсынылды.
Барлық өңірлерде өткізілетін іс-шаралар су тасқынының тәуекелдерін төмендетуге, халықты және инфрақұрылымды қорғауға бағытталған. Инженерлік жоспарлар аясында жұмыстар жалғасуда, ал су тасқынына қауіпті учаскелерді бақылау тұрақты түрде жүргізілуде.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ