Құтқарушылар қысқы маусымға дайын ба?
Қыс – қыр астында. Ал қысқы маусымға жүйелі әрі кәсіби дайындық – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі шешуші фактор.
Жыл сайын республика көлемінде қыс мезгілі қарсаңында маусымды қалыпты өткеріп, болуы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мақсатында оқу-жаттығу өтеді.
Қараша айының басында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің барлық бөлімшелері «Қыс – 2025» командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында дабыл бойынша көтерілді. Әр бөлімше өз аумағындағы орындарда жиналды. Департамент басшылығы азаматтық қорғау қызметкерлерінің дабыл сөмкелерін, қызметтік куәліктерін және олардың талаптарға сәйкестігін тексеріп, анықталған кемшіліктерді жедел жою туралы тапсырмалар берді.
Мұнан соң төтенше жағдайлар бөлімдерінің қызметкерлері профилактикалық оқу-жаттығу жұмыстарын бастап кетті. Мәселен, Тараз қаласының орталық алаңында «Қыс – 2025» командалық штабтық оқу-жаттығу барысында қалалық шұғыл әрекет ету жасағының қысқы мезгілдегі төтенше жағдайларға дайындығын тексеру мақсатында саптық байқау өткізілді. Жиынға қалалық шұғыл әрекет ету жасақтарынан барлығы 88 адам, 32 техника қатысты. Басшылық тарапынан қыс мезгілінде туындауы ықтимал төтенше жағдайларға техникалардың дайындығы жіті тексеріліп, одан әрі іс-шара оқу-жаттығуға ұласты.
Жаттығу ережесіне сәйкес, Тараз қаласында орналасқан «№1 аудандық жылу қазандығында» шартты өрт туындап, шақырту орнына тиісті күштер мен құралдар жұмылдырылды. Оқиға орнынан 1 адам құтқарылып, құтқарушылармен өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ «Қазақстан темір жолы – Жүк Тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – «Отын ресурстық орталығы» филиалының Тараз қалалық жанармай қоймасында Тараз қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамымен өрт-тактикалық жаттығу өтті.
Өрт-тактикалық жаттығу барысында 2 жауынгерлік участок және 2 газ-түтіннен қорғау буыны құрылып, өртті сөндіру, адамдарды құтқару жұмыстарын жүргізді. Шартты өрттің ауданы 200 шаршы метрді құрады. Оқиға орнынан 1 адам құтқарылып, 50 адам қауіпсіз орынға көшірілді. Өртсөндіруші-құтқарушылар шартты өртті дер кезінде сөндірді және жанармай қоймасының қызметкерлеріне қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.
Облысымыздағы қысы қатал ауданның бірі – Жуалы. Сондықтан департамент басшылығының арнайы қатысуымен ауқымды оқу-жаттығу дәл осы аймақта өтті. Құтқару қызметтерінің қысқа дайындығы Шақпақ асуында сыналды. Шынайы жағдайға барынша жақын ортада құтқарушылар мен өртсөндірушілер көмекке мұқтаж адамдарға алғашқы көмек көрсетті. Сондай-ақ қарлы боран немесе қалың жауған қар салдарынан туындауы мүмкін төтенше оқиғаларды жою әрекеттерін пысықтады.
«ҚЫС – 2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында зардап шеккендерді құтқару мен көлік өртін сөндіру іс-қимылдары да тәжірибе жүзінде көрсетілді. Алдымен техника мен жабдықтардың сапқа тұрғызылған қарауы өткізіліп, күштердің қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға дайындығы тексерілді.
Оқу-жаттығу аясындағы сценарийге сәйкес, қалың қар мен боран салдарынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бір бөлігі жабылып, бірнеше көлік қар құрсауында қалған. Әрі жол-көлік оқиғасы да орын алған. Ақпарат түскен сәтте авариялық-құтқару жасақтары мен азаматтық қорғау қызметтері дереу іске кірісіп, апат салдарын жоюға кірісті.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Арман Смайловтың айтуынша, бекітілген іс-қимыл алгоритмі бойынша шартты жол апатынан зардап шеккендерге көмек көрсету, көлік өртін сөндіру, таулы аймақта жоғалған шопанды іздеу әрекеттері қатар жүргізілген.
Оқу-жаттығуға барлығы 70 маман мен 24 арнайы техника қатысты.
Сол секілді жақында Қордай ауданындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстаумен айналысатын «ҚАЗжолсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қысқы кезеңге дайындығы тексерілді. Яғни техникалардың жай-күйіне, тайғаққа қарсы материалдар мен жанармай қорының жеткіліктілігіне және жол бойында орналасқан жылыту пунктерінің жағдайына назар аударылды. Нәтижесінде барлық техника жарамды деп танылып, қызметкерлерге қосымша нұсқама берілді. Аудандағы жылыту пунктері қысқы уақытта пайдалануға толық дайын.
Қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатындағы оқу-жаттығу Мойынқұм ауданында да ұйымдастырылды. Мұнда да қарлы боран, жолдың жабылуы, электр қуаты мен жылу жүйелерінің істен шығуы сияқты шартты төтенше жағдайлар бойынша іс-қимыл алгоритмдері пысықталды. Оқу-жаттығуға барлығы 45 адам және 17 техника жұмылдырылды. Дайындық кезінде қатысушылар арнайы техникамен, байланыс құралдарымен және қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Сондай-ақ жуырда Шу ауданында да оқу-жаттығу жиыны өтті. Іс-шара аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевтың төрағалығымен өткен штаб отырысынан басталды. Онда ауа райының күрт нашарлауына байланысты туындауы мүмкін төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл жоспарлары жан-жақты талқыланды. Жиында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Мұрат Абдықалықов құтқарушылар мен техниканың дайындық жайын баяндап, ықтимал оқиғалардың алдын алу үшін атқарылып жатқан шаралар туралы толық ақпарат берді.
Штаб отырысы аяқталған соң орталық алаңда төтенше жағдайлардың салдарын жоюға арналған техникалар таныстырылды. Найман Сұлтанбаев әр бөлімшені жеке аралап, олардың жарақтандырылуы мен қызметкерлердің дайындығымен танысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, негізгі назар – жергілікті атқарушы органдардың, коммуналдық кәсіпорындардың және тұрғындардың ықтимал қолайсыздықтар кезіндегі үйлесімді әрекетіне аударылды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ