Қадаға бар жерде қаржы үнемделеді
Халыққа ауызсу, жылу, ыстық су тарату секілді қызмет түрлерін ұсынумен айналысатын кәсіпорындар тариф бағасын өз білгені бойынша бекітетін болса, бұл жағдай жұртшылықтың қалтасына салмақ түсіретіні анық. Одан бөлек, бұл түрлі әлеуметтік нысандардың ырғақты жұмысына да әсер етіп, мектеп, аурухана, балабақша секілді бюджеттік мекемелердің шығынын ұлғайтады. Ал ол шығын айналып келгенде мемлекет қазынасынан жабылатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан бұл салада халыққа ұсынылатын қызмет ақысы міндетті түрде бақылауда болуы керек.
Орынсыз шығынға жол берілмейді
Негізінде осы мәселені реттеумен жергілікті жердегі табиғи монополияларды реттеу департаменті айналысатыны баршаға мәлім. Мұндай департаменттердің міндетіне монополистердің тариф бағасын көтеру жөнінде жасалған сұрауын сүзгіден өткізу, шығындарын тексеру, қажетсіз шығындарды алып тастау жатады. Яғни тап осы мекеме бюджетке түсетін салмақты азайтуға айтарлықтай ықпал етеді. Демек, тариф төмен болса, бюджеттік мекемелердің шығыны да азаяды.
Жұртшылықты «Мұндай қызмет түрлерінің бағасы жылда өседі, оған не себеп?» деген сұрақ ойландыруы мүмкін. Оның өзіндік себебі бар. Өйткені біздің облыстағы жылу құбыры, кәріз, ауызсу секілді желілердің салынғанына алды 60-70 жыл болған. Бүгінде ол құбырлардың тозығы әбден жеткен. Ескіні жаңалау, жаңғырту, жөндеу жұмыстары үшін кәсіпорындар қаражатты қайдан алады? Міне, сұрақ. Бұған қоса құрылысқа қажетті материалдардың, жанар-жағармайдың, энергияның бағасы да сәт сайын өсіп жатыр. Қала берді жұмысшылардың еңбекақысы, әлеуметтік төлемдер бар. Одан қалса, бұрынғы өткен жылдарда кәсіпорынның алған қарызы мен инвестицияларды қайтару мәселесі де монополияны тығырыққа тіреуі мүмкін. Табиғи монополия саласында бәсекелесетін балама мекеме болмағаннан кейін баға тек реттеуші орган арқылы ғана тежеледі. Осы тұста тақырыпты тарқатар болсақ, еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бірнеше жаңа заң қабылданып, қолданыстағы заң нормаларына қажетті өзгертулер мен толықтырулар енгізілген болатын. Соның бірі – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, бюджет процесін оңтайландыруға және бюджетаралық қатынастардың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа Бюджет кодексі. Одан бөлек, Салық кодексінде, оның ережелерінде салықтық әкімшіліктендіруді ауқымды түрде жеңілдету көзделгенін айта кетуіміз керек. Жаңа Салық кодексі азаматтар мен бизнес үшін оңтайландырылды. Ол жұртты әділетті салық төлеуге ынталандыруды көздейді және бірнеше мақсатты бағыттарды шешуге арналған. Кәсіпкерлер мен салық органдарының жұмысын жеңілдетіп, салықтың жиналуын арттырып, отандық бизнесті көлеңкеден шығаруға мүмкіндік береді. Осы ретте мемлекет кәсіпкерлікті қолдауға басымдық беріп, салық және қаржы тетіктерін жетілдіруге айрықша назар аударғанын айту парыз. Сонымен қатар тұтынушылар мен қызмет көрсетушілер мүдделері арасындағы теңгерімді сақтау мақсатында тарифтік саясатты жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны сөзсіз. Бүгінде мемлекеттің әлеуметтік тұрақтылығын сақтай отырып, инфрақұрылымды жаңғыртуға, инвестиция тартуға және кәсіпорындардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін тарифтік реттеу тетігі кезең-кезеңімен енгізілуде.
Жоғарыда сөз еткеніміздей, «Жанар-жағармайдың бағасы неге өседі?» деген сұраққа келсек, көршілес елдермен салыстырғанда бізде бензин мен дизель отыны айтарлықтай төмен. Ал біздегі бағаның төмен болуы шетелдік азаматтардың біздің жанар-жағармайды май құю бекеттерінен көптеп сатып алып тұтынуы көлеңкелі экспорттың күшеюіне себеп болды. Қазақстан мен көршілес мемлекеттер арасындағы бағаның 40 пайызға дейінгі айырмашылығы нарықта тапшылық қаупін тудырғаны да рас. Осыған байланысты мемлекет дизель отыны мен бензиннің көтерме бағасын кезең-кезеңімен арттыру туралы шешім қабылдаған болатын. Қыркүйек айынан бастап жанармайдың литрі 10 теңгеге, ал жағармайдың литрі 4 теңгеге көтерілді.
Жанар-жағармай бағасын реттеу жөніндегі шаралардың арқасында ішкі нарықтың қажеттілігі толық қамтамасыз етілуде. Нәтижесінде әлеуметтік жағдай тұрақталып, халықтың осал топтарына қосымша қолдау көрсетілуде. Мәселен жылу электр орталықтарына нарық бағасынан 45-50 пайызға төмендетілген бағада 280 мың тонна мазут жөнелтілді. Сондай-ақ ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге 800 мың тоннаға дейін дизель отыны жанармай бекеттеріндегі бағадан 15-20 пайызға арзан бағада ұсынылды. Бұл шаралар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері мен күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік беруде. Сонымен қатар жанар-жағармай бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін барлық облыстар мен қалалардағы әкімдіктер жанынан өңірлік штабтар жұмыс істей бастады. Олардың құрамына Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, экономикалық тергеу, мемлекеттік кірістер және табиғи монополияларды реттеу департаменттерінің өкілдері енгізілді. Баға шамадан тыс өскен жағдайда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес монополияға қарсы шараларды дер кезінде қабылдайды. Тауарлық және сұйытылған мұнай газының бағасына тоқталсақ, «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңның 20-бабының 2-тармағына сәйкес, тауарлық газдың көтерме саудадағы шекті бағалары өңірлердің экономикалық және әлеуметтік ерекшеліктерін ескере отырып, әр бес жыл сайын белгіленеді және қажет болған жағдайда жыл сайын 1 шілдеде түзетіледі. Мәселен, тауарлық газдың көтерме бағасы 2020 жылғы 1 шілдеден бастап 2028 жылдың 1 шілдесіне дейін бекітілген. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап баға 33 пайызға ұлғайтылды. Қажет болған жағдайда жыл соңына дейін немесе келесі жылдың басында халықпен ашық талқылау негізінде қосымша түзетулер енгізу қарастырылуда. Мұндай шаралар тауарлық және сұйытылған газ өндіру саласындағы шығынды азайтып, өнімнің өзіндік құны деңгейіне жеткізуге бағытталған. Мысалы, зауыттарда бір тонна газды өндіру құны шамамен 80 мың теңге болса, нарықта ол 64-65 мың теңгеден сатылады, яғни әр зауыт тоннасына 15-20 мың теңге көлемінде шығынға ұшырайды. Осыған байланысты Үкімет пен ұлттық компаниялар зауыттардың инфрақұрылымын жаңғыртуға және қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға қолдау көрсетуде.
Кәсіпорындар қаржылық қиын жағдайда қалмауы керек
Осы тұста бір мысал келтірер болсақ, Тараз қаласындағы «Тараз жылу энерго орталығы» акционерлік қоғамы қазір айтарлықтай тығырыққа тірелген. Оған осы кәсіпорынның 2018 жылы сенімгерлік басқаруға беріліп, 2022 жылы қайтадан мемлекет меншігіне қайтарылған кездегі шығыны себеп болып отыр. Мекеме мемлекет меншігіне қайтарылған кезде кәсіпорын газға 1 миллиард 350 миллион теңге қарыз еді. Сондай-ақ «Тараз Трансэнерго» мекемесіне 400 миллион теңге берешек болған. Қазіргі таңда «Тараз Трансэнерго» мекмесі алдындағы қарызы толық өтелгенімен, салық қарызының жартысы, яғни 600 миллион теңгесі өтелген жоқ.
Міне, біз сөз етіп отырған мәселенің бюджетке ықпалы қандай болатынының бір парасы осы. Егер мемлекеттік бюджеттен қаржы қарастырмай, бар мәселені кәсіпорын есебінен шешу көзделсе, онда мәселе ушығады. Өйткені аталған кәсіпорындар халыққа қызмет көрсету арқылы табыс тауып отырғандықтан, бағаны көтерудің амалын іздестіреді. Кәсіпорындар негізінде өздеріне ықпалы бар қызмет немесе тауар бағасы көтерілгенде олар да бағаны көтеруді сұрап, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің облыс бойынша департаментіне өтініш түсіреді. Өз кезегінде департамент мамандары тарифтік өтінімдерді бүге-шігесіне дейін қарайды. Егер монополистердің тарифке қосқысы келетін кей шығындары негізсіз болып шықса, ол алынып тасталады. Осы арқылы халыққа да, бюджетке де түсетін салмақ біршама жеңілдейді.
Біз сөз етіп отырған тарифтік саясат пен мемлекеттік реттеудің нақты құқықтық тетіктері жайын әңгімелейтін болсақ, соңғы жылдары энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту нәтижесінде қызмет сапасы біршама артқанын, апаттардың да азайғанын білуге болады. Мәселен, 2020 жылдан бері «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты салаға қосымша қаржы тартуға мүмкіндік берген. Бұл ретте облыста «Жамбыл электр жүйесі», «Тараз энергия орталығы» және «Жамбыл су» сияқты табиғи монополия субъектілеріне жататын кәсіпорындардың кәріз, ауызсу, жылу секілді желілерінде тозу жағдайы болғанымен, аталған инвестициялық бағдарлама арқасында оның деңгейі біртіндеп төмендей бастаған. Осы ретте табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті қандай жұмыс атқарып отырғанын білу үшін осы мекеме басшысының міндетін атқарушы Бек Момбаевпен тілдескен едік.
Қаражаттың тиімді жұмсалуы маңызды
Негізінде кейбір кәсіпорынның жоспарға қатырып тұрып жоба енгізіп, кейін оны уақытында орындамай жататыны бар. Департамент бұл жерде де қатаң талап қоя алады. Көрсетілген жұмыс орындалмаған болса, тариф құрамындағы сол сома алынып тасталады немесе келесі кезеңде қайта есептеледі. Бұл тәсіл де бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына жанама түрде ықпал етеді. Өйткені бюджеттік мекемелер артық төлем жасамайды, коммуналдық шығындары тұрақты болады. Аталған департамент басшысының міндетін атқарушы өз сөзінде осыны меңзегенін аңғаруға болады.
– Сондай-ақ, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыруға байланысты 2 субъектінің инвестициялық бағдарламасына жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өзгерістер енгізілді. Жоғарыда айтылғандай, департамент қызметінің басты бағыттарының бірі – табиғи монополия саласында заңнаманың сақталуын бақылау. Бұл бағытта 2025 жылдың 10 айында департамент тарапынан 6 табиғи монополия субъектісіне қатысты 8 әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс бойынша жалпы сомасы 17 388 640 теңге көлемінде айыппұл салынып, мемлекет пайдасына өңдірілді. Облыстың жергілікті мемлекеттік тіркеліміне енгізілген 2 табиғи монополия субъектісіне қатысты тексеру жүргізіліп, оның біреуінен заңбұзушылықтар анықталды. Осылайша, табиғи монополиялар туралы заңнаманың бұзылуын қалпына келтіру жөнінде 2 нұсқама енгізілді, қазіргі таңда ол орындалды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің 2020 жылғы 31 қаңтардағы бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне» сәйкес департамент арқылы 4 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Атап айтсақ, «Энергиямен жабдықтау мақсатында электр энергиясын сатып алу қызметіне лицензия беру», «Егер мәміле жасалатын мүліктің ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік баланста ескерілген баланстық құны ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік балансқа сәйкес оның активтерінің баланстық құнының 0,05 пайызынан асатын болса, табиғи монополия субъектісінің мүлкіне қатысты өзге мәмілелер жасасуға келісім беру» қызметі ұсынылады. Сонымен қатар осы тізімде «Табиғи монополиялар субъектілерін қайта ұйымдастыруға және таратуға келісім беру», «Мемлекеттік тіркелімге табиғи монополиялар субъектілерін енгізу және одан шығару» қызметі бар. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2020 жылғы 5 маусымдағы бұйрығымен бекітілген «Энергиямен жабдықтау мақсатында электр энергиясын сатып алу қызметіне лицензия беру мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына» және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 13 тамыздағы №73 бұйрығымен бекітілген «Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларына» сәйкес департамент тиісті мемлекеттік қызметтерді көрсетеді. Осы жылдың 10 айында 20 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Жыл басынан бері электр энергиясын сатып алу үшін лицензия беру туралы өтініш түскен жоқ, яғни бір де бір лицензия берілмеді. Табиғи монополия компанияларының мүлкін сатуға немесе басқа мәміле жасауға рұқсат беру бойынша мұндай өтініш 3 рет қаралып, рұқсат етілді. Бұл тек мүліктің құны компания активінің 0,05 пайызынан асатын кезде жасалады. Табиғи монополияларды қайта ұйымдастыру немесе бөлу жөнінде 1 рет рұқсат берілді. Табиғи монополияларды ресми тізімге қосу немесе одан шығару – 16 рет орындалды. Басқа ешқандай қызмет көрсетуге өтініштерден бас тарту болмаған жоқ.
Бүгінгі күнге атқарып жатқан ен маңызды жұмыстың бірі – тұтынушылардың назарына табиғи монополиялар субъектілерінің жасап жатқан жұмыстарының, инвестициялық бағдарламада қарастырылған іс-шаралардың орындалуын, сол жұмыстардың нәтижесін жеткізу. Сонымен қатар департамент қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылдың басынан бастап депутаттардың, «AMANAT» партиясының, жергілікті атқарушы органдардың, кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің және тұтынушылардың қатысуымен 82 іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде 10-ы тұтынушылардың қоғамдық қабылдауы, тағы осыншасы қабылдау орталығында азаматтардың жеке қабылдануы. Сондай-ақ 3 баспасөз туры, 20 жария тыңдау, 16 семинар, 3 дөңгелек үстел, 3 брифинг пен тарифтік саясат жөніндегі кеңес жанындағы табиғи монополиялар саласындағы тариф белгілеу мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның 17 отырысы өтті. Бұған қоса, тұтынушыларды атқарылып жатқан жұмыс және қабылданған шешімдер бойынша хабардар ету мақсатында департамент қызметкерлері тарапынан бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тиісті жұмыс жүргізілді. Барлығы 345 материал жарияланып, сұхбаттар берілді. Оның ішінде газеттерде 22, комитеттің сайтында 130, «Jambyl» телеарнасында 6 және радиода 15 материал жарияланып, сұхбаттар ұйымдастырылды. Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде 172 жазба жарияланды.
Осы жылдың басынан бері департаментке 1099 құжат келіп түссе, шығыс құжаттың саны – 1059. Оның барлығы да белгіленген мерзімде орындалды. Сонымен қатар биыл 9 айда департаментке 166 жеке және заңды тұлғаның өтініштері келіп түсті. Жеке тұлғалардан 124, заңды тұлғалардан – 42 өтініш түссе, оның ішінде 118-і өтініш, біреуі шағым, 47-сі басқа мәселелер.
Өтініштердің 92-сі қаралды. 36-сының қаралуы тоқтатылса, 37-сі басқа мемлекеттік органдарға жолданды. Бір өтініш қаралып жатыр. Барлық өтініштер тиісті мерзімде зерделеніп, мерзімін өткізіп алуға немесе орындалу мерзімдері сақталмай, мүдделі тарапты қайта өтініш түсіруге итермелейтін жағдайларға жол берілген жоқ, – деді Бек Момбаев.
Департамент жоғарыда көрсетілген жұмыстармен қоса, әрі қарай табиғи монополия субъектілерінің және тұтынушылардың мүдделерін ескере отырып, тарифтік саясатты жүзеге асыра беретіні анық. Бастысы табиғи монополияларды реттеу департаменті тікелей бюджет қаржысын басқармаса да, тарифтің негізсіз өсуіне жол бермеу арқылы әлеуметтік шығындардың ұлғаймауына ықпал ете алатыны халық үшін олжа. Міне, осы тұрғыдан алғанда «Қадаға бар жерде қаржы үнемделеді» деуге негіз бар.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ