Еңбек адамы

Арбакеш – арланатын жұмыс емес

Күнкөрістің қамы үшін арба сүйреп, ауыр жүк тасып жүрген жұмысшы мамандардың бір сәтке де дамыл таппайтын еңбегінің артында қаншама тағдыр, өзіне ғана аян шындығы бар. Көзге көп түсе бермейтін осы қарапайым еңбек адамдарының өмірі біз ойлағаннан да күрделі. Бүгінгі мақаламыз осындай еңбеккеш азаматтың бірі Мақсат Нұрқожаұлына арналмақ.

35 жастағы Мақсат есімді кейіпкеріміздің «Ауыл – Береке» базарында жұмыс істеп жүргеніне 5 жылға жуықтапты. Қытайдағы қазақ ауылынан 2 000 жылы көшіп келіп, 10 жасынан еңбекке араласа бастаған. Орыс тіліне шорқақтығы атамекенге келгенде бірқатар қиындықтар туындатыпты. Соның салдарынан жұмысқа орналасу да, білім алу да оңайға соқпаған. Мұнымен қоса тағдыр тауқыметі көп тірлікке қолбайлау болып, тұла бойына тартыншақтықты де үйреткен сыңайлы.

– Елге ес жинап қалған шақта көшіп келдік. Анам жұмысқа жарамсыз болды. Екі қарындасым кішкентай еді. Алғашында Құлан ауылында тұрдық. Сол аудандағы базарда анам пісірген түрлі тоқаштарды сатып жүрдім. Адамдардың сөмкесін көтерісіп, сатушылардың заттарын түсірісіп, оған арзымайтын тиын алсам да жұмыс істеуді тоқтатпадым. 5 жыл бойы күн көру үшін түрлі жұмыс істедім.

Кейін Қордай ауданына көшіп бардық. Бұл ауданда егіншаруашылығы жақсы дамыған екен. Жиын-терін кезінде жатпай-тұрмай қара жұмыс істегенімнің арқасында ақшаның басы құрала бастады. 2 жыл ішінде мал-мүлік жинап алдым. Араға аз уақыт салып, жер алып, үй соқтым.

Бір күні екі вагон цемент түсіру керек болды. 5 жігіт жабылып жүріп, бірінші вагондағы цементті тез-ақ түсіріп тастадық. Кейін екі жігіт шұғыл шаруаларымен үйлеріне қайтып, үшеуміз қалдық. Ерте бітіп, келесі жұмысқа кету мақсатында әрқайсысы 50 келіден асатын қапты екеуден көтеруді ойладым. Екі рет апарып, үшіншісін көтеріп келе жатқанымда белім кілт ете қалды. Қапты көтерген бойы құладым. Белім орнымнан тұрғызбай, оң қолымның білезік тұсы сынып, жатып қалдым. Кейін дәрігерлер ауыр көтеруге болмайтынын айтты. Қолым да қисық бітіп кетті. Осылайша ауыр жұмысқа жарамай қалдым. Дегенмен қол қусырып отыруға болмайды. Сол себепті базарға шығып жұмыс қарадым. Ұсынған жұмыстардың ішіндегі ең жеңілі арба айдау болды, – деген кейіпкеріміз өткен шақты ойлап бір күрсініп алды да әрі қарай әңгімесін жалғастырды.

Кейіпкеріміздің айтуынша, түрлі қиын кезең осы кезде басталыпты.

Әрине, таңнан кешке дейін арба сүйреп, нәпақасын тауып жүрген жандарды нағыз еңбек адамдары демеске болмайды. Дегенмен кей азаматтардың арбакештерге мұрын шүйіре қарайтыны да жасырын емес. Бірақ арбакеш болу – арланатын жұмыс емес. Осы ретте «Ауыл – Береке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Талғат Дүйсеновпен де тілдесіп, базардағы арбакештердің тыныс-тіршілігі жайлы сұрадық.

Қалай десек те күннің ыстығы мен суығына қарамай қара жұмыс істеп, адал табыс тауып жүрген арба айдаушылардың еңбегін бағалау, құрметпен қатар адамдық парыз.

 

Мұқағали БАЛТАБАЕВ