Дін

Жат ағым жақсылыққа апармайды

Талас ауданы, Қаратау қаласындағы «Әбдірашит ата» мешітінде діни сауаттылықты арттыруға бағытталған кездесу өтті. Мешіттің бас имамы Ахат Қайыпбергенұлы елімізде ресми түрде тыйым салынған «Таблиғи жамағат» ағымына қатысты жамағатқа кең көлемде дәріс оқып, аталмыш ағымның идеологиясы, қызмет тәсілі және қоғамға тигізер ықтимал зияны туралы жан-жақты мағлұмат берді.

Басқосу барысында имам алдымен бұл ағымның шығу тарихына тоқталып, олардың өзін мұсылмандарды «дінге шақыратын топ» ретінде көрсеткенімен, шынайы мақсаттары мен әрекеттері дәстүрлі ханафи мәзһабына және Қазақстан мұсылмандарының діни ұстанымдарына мүлде сәйкес келмейтінін түсіндірді. Ахат Қайыпбергенұлы «Таблиғи жамағат» мүшелерінің қоғамнан оқшаулануды насихаттайтынын, отбасылық және әлеуметтік жауапкершіліктен алшақтататынын, діни білімсіз адамдарды жолақы жинау мен «жорықтарға шығу» секілді әрекеттерге итермелейтінін нақты мысалдармен көрсетті.

Имам радикалды немесе жат діни ағымдардың ең алдымен жастарды нысанаға алатынын айтып, олардың әдістеріне тоқталды. Осыған байланысты жастардың діни сауаттылығын арттыру, ресми мешіт ұстаздарына жүгіну және сенімсіз ақпарат көздерінен аулақ болу қажеттігіне тоқталды.

Кездесуде жамағат өкілдері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, «Таблиғи жамағаттың» ұстанымы мен жұмыс тәсілдері туралы толық әрі нақты жауап алды. Әсіресе олардың «жорыққа шығу» концепциясының шынайы ислам ілімімен еш байланысы жоқ екендігі, сондай-ақ бұл ағымның қоғамның ішкі тыныштығына қауіп төндіретіні жөнінде кеңінен айтылды.

Жамағат мұндай кездесулердің әсіресе жаңа буынның діни сауатын қалыптастыруда үлкен рөл атқаратынын жеткізді. Қатысушылар жат ағымдардан сақтанудың жолдары, діни білімді дұрыс жолмен алу, отбасылық тәрбиенің маңызы және мешіттің ресми ақпараттық бағыттары жөнінде толыққанды ақпарат алды.

Іс-шара соңында Ахат Қайыпбергенұлы жамағатты діни бірлікке, отаншылдыққа, ауызбіршілікке және ата-баба ұстанған дәстүрлі ислам құндылықтарын берік ұстануға шақырды. Имам алдағы уақытта да осындай ағартушылық кездесулер жүйелі түрде жалғасатынын, діни тұрақтылықты нығайту мешіт қызметінің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

 

Айжан ӨЗБЕКОВА