Радикалды идеалогия – тұрақтылыққа төнген қауіп
Қазіргі таңда қоғам алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі – радикалды діни идеологияның таралуы. Бұл құбылыстың белең алуына діни ақпараттық сауатсыздықпен қатар, әлеуметтік-психологиялық және мәдени факторлардың да ықпалы зор.
Радикалды бағытты ұстанушылар көбінесе діни білімі таяз, дүниетанымы толық қалыптаспаған азаматтарды нысанаға алып, оларды өз қатарларына тартуға тырысады. Олар эмоциялық әсерге құрылған шешендік тәсілдерді, психологиялық өңдеудің түрлі әдістерін, интернет ресурстарын тиімді пайдаланып, халықтың дәстүрлі діни түсінігіне күмән тудырып, санаға сұрақ тастау арқылы ықпал етеді.
Рухани иммунитеті төмен, талғамсыз ақпарат қабылдайтын адамдар радикалды идеологияның ықпалына оңай түсетіні белгілі. Мұндай тұлғалар өздерінің әлсіз діни білімінің кесірінен кез келген жалған уағызды шындық деп қабылдап, экстремистік идеялардың қолшоқпарына айналып кету қаупі жоғары.
Зерттеу нәтижелері жастардың радикалды діни ағымдардың негізгі нысанына айналып отырғанын көрсетеді. Себебі жасөспірімдер мен жастардың табиғаты – жаңашылдыққа құмар, ақпаратты тез қабылдайтын, жаңа тәжірибені үйренуге ұмтылатын жасампаз топ. Олар көп уақытын интернетте өткізеді. Сол себепті түрлі сайттар мен әлеуметтік желілердегі күмәнді діни топтармен кездейсоқ танысу ықтималдығы жоғары. Осындай ортада адасып, жалған идеяларға сеніп қалатындар да аз емес.
Жастардың радикалды ағымдарға еріп кетуінің бірнеше себебі бар. Олардың қатарында – сыни ойлау қабілетінің төмендігі, қоғам мен адамзатқа деген мейірім мен толеранттылықтың жетіспеуі, эмоциялық тұрақсыздық, дүниені біржақты қабылдау, ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтарды білмеу, интернеттегі діни мазмұнға шектен тыс тәуелділік сияқты факторлар бар. Мұндай олқылықтар жастарды жалған діни насихаттың оңай олжасына айналдырады.
Жаңа ғасырдың үлкен жетістігі – ғаламтор. Қоғамдағы ақпараттық қауіпсіздік деңгейінің төмендігі, әлеуметтік желілерде берілетін ақпаратты талғамсыз тұтыну радикалды идеологияның таралуына жол ашуда. Қазірдің өзінде радикалды ағым өкілдері ислам атауымен бүркемеленген, бірақ мазмұны діни дәстүрмен мүлде үйлеспейтін сайттар мен парақшалар арқылы жалған уағыздарын таратуда. Олар қазақи салт-дәстүрді жоққа шығару, ата-ананы құрметтемеу, қоғамнан оқшаулану, «хижрет» секілді түсініктерді бұрмалау арқылы жастардың санасын шатастыруда. Мұндай әрекеттер елдің тұрақтылығы мен дамуына кері әсер ететіні айқын.
Әрине, ғаламтор кеңістігін толық бақылау мүмкін емес. Дегенмен мемлекет тарапынан күмәнді діни сайттарды бұғаттау, теріс мазмұнды ақпараттардың таралуына тосқауыл қою, халықтың діни сауатын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң аясында атқарылып жатқан ғылыми-танымдық, түсіндіру шаралары қоғамдағы діни тұрақтылықты нығайтуға оң әсерін тигізіп келеді.
Жастарды радикалды діни идеологиядан сақтандырудың негізгі жолдарының бірі – ақпараттық қауіпсіздікті күшейту, медиасауаттылық пен сыни ойлауды дамыту, дәстүрлі рухани құндылықтарды дәріптеу. Дін туралы сенімді, ресми ақпарат көздеріне сүйену, отбасылық тәрбиені күшейту – бұл күрестегі басты құралдардың бірі.
Егер жеке тұлға радикалды идеологияның жетегінде кетсе, ол тек өз өміріне ғана емес, қоғамның болашағына да қауіп төндіреді. Жат ағымның ықпалында жүрген жандардан қандай ұрпақ өсіп шығатыны, олардың қандай қоғам қалыптастыратыны белгілі. Сондықтан ең алдымен әр ата-ана өз білімін арттырып, баласының дұрыс рухани тәрбие алуына жағдай жасауы қажет. Бала кезден ұлттық және адамгершілік құндылықтармен сусындаған жасөспірім болашақта отаншыл, елжанды, парасатты азамат болып қалыптасады. Қоғамды радикалды идеологиядан сақтау – әрбір отбасының, әрбір азаматтың, сондай-ақ мемлекет пен ақпараттық кеңістіктің ортақ міндеті.
Мақсат МЫРЗАҒАРАЕВ,
облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығының
Сарысу ауданы бойынша инспекторы