Дін

Бабалар үні – адасушылықтан сақтайтын бағдар

Қазақ халқының ғасырлар бойы сақталып келе жатқан киелі өнерінің бірі – жыраулық дәстүр. Жыраулық өнер – тек қанмен берілетін емес, ұстаздан шәкіртке өнеге мен бата арқылы берілетін құнды рухани мектеп.

Тамыры тереңге бойлаған бұл дәстүр Оғыз дәуіріндегі Қорқыттан бастау алып, Қарахан мемлекеті мен Алтын Орда кезеңдерінде өркендеп, Қазақ хандығы тұсында қоғамның рухани, әлеуметтік-саяси өміріне тікелей ықпал еткен өресі биік институт деңгейіне дейін көтерілді. Жыраулар өз дәуірінде ел ішінде туындаған күрделі мәселелерді көтеріп, қажет кезде ханға ақыл қосып, бүкіл жұрттың береке-бірлігін сақтауда шешуші рөл атқарған. Жыраулар поэзиясы имандылықты, отансүйгіштікті, ұлт тағдырын ойлауды, ерлік пен елдікті, ізгілік пен адамгершілікті дәріптегендіктен, бүгінгі күні жастарды жат идеологиядан қорғауда аса маңызды рухани қалқан бола алады.

Қазақ жыраулары дүниетанымының қалыптасуы Қазақ хандығының құрылу тарихымен тығыз байланысты. Сондықтан жыраулар толғауларының өзегі – халықтың амандығы, елдің келешегі, қоғамның тұтастығы. Қазақ фольклорындағы жыраулар «сегіз қырлы, бір сырлы» данагөй тұлға ретінде елдің рухани бағыт-бағдарын айқындауда ерекше орын алды. Олар ұлттың тұтастығына сына қағатын түсініктерден сақтандырып, бірлік пен татулықты ту етті. Хан даулы мәселеде жырауға жүгініп, бітім іздеген. Ел ішінде алауыздық туса, жыраулар көпшілікті ырыс-ынтымаққа шақырған. Ел басына қатер төнгенде атқа қонып, халқын жігерлендірген осы жыраулар болды.

Тарихи жыраулардың осы бағыттағы тағылымы қазіргі заман үшін де аса өзекті. Өйткені бүгінгі ақпараттық қоғамда жастардың санасын бұзатын, ұлтымыздың дәстүріне және діннің мәніне жанаспайтын радикалды идеялар көбейіп келеді. Осындай жағдайда жыраулық поэзия насихаттайтын сабыр, парасат, келісім, рухани тазалық, елдікті сақтау идеялары – жастардың жат ағымдарға қарсы иммунитетін күшейтетін құндылықтар болып табылады. Дәстүрлі жыраулық мұра – тек әдебиет емес, ол ұлттық болмысты бекітетін, әрі радикалдық көзқарасқа қарсы тұрған рухани тірек.

Жыраулар жайлы заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Анығында өсиетшіл қария, толғаушыл жыраудың негізгі міндеті өлеңшілік емес, елге басалқы айтып, басшылық жасау болатын. Бұл екеуі де ең алдымен ақылшы кемеңгері, заманның сыншысы, қырағысы болды. Сондықтан әрқайсысы өз елі, өз табының не биі, не батагөйі болады. Екеуі де жалғыз ел ақылшысы емес, елді меңгерген хан мен бектің ақылшысы, уәзірі есебінде болған... Көп елге жарлығын орнату керек болса, айтқан сөзі ем болатын дуалы ауыз да осылар... Бұл адамдар ең алдымен ел меңгеру жолындағы саясат адамдары болғандықтан, көпке айтқан сөздерінің барлығы ел мұңына, ел қамына арналған сөздер болады. Бұлар өз заманындағы қазақтың жоғары табынан: билер, басшылар ортасынан шыққан, өздері әкім. Сондықтан ел тізгінін ұстаудың бір шарты, көптің қамын жеу болғандықтан, артында қалған сөздерінің барлығы әлеуметшілдік сарынымен айтылады», – деп тұжырымдаған.

Жыраулардың жалынды жырларынан біз олардың көрегенділігі мен алысты болжайтын қасиеттерін байқаймыз. Асылында бұл «толық адам» дәрежесіне жетіп, әулиелік сипаттағы адамға берілетін қасиет. Абай «толық адам» концепциясын «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп тұжырымдаса, әулиелік жайлы Шәкәрім Құдайбердіұлы:

Сыртқы сөзің шын болса,

Ішің толған жын болса.

Жүрегіңде мін болса

Айтқан сөзің ем емес,

Жүрегі таза адамдар,

Зұлымдықтан амандар,

Қиянатсыз надандар,

Әулиеден кем емес, – деп жүрегі таза, адамзат пен жаратылыстарға деген мейірімділік қасиетке ие адамды «әулиелік» ұғыммен байланыстырған.

Ал көрнекті қаламгер Мұхтар Мағауин: «Жырау – ең алдымен жасампаз тұлға. Жырау болу – жаны да, тәні де күшті адамдардың үлесі. Олар батырлар, ру, тайпа және ұлыстардың басшылары болды, хандар, сұлтандар жыраулардың қолдауы арқылы дәурен сүрді, соғыстарға қатысты, жауынгер серіктерін жыр етті, тарих пен оқиғаларды өлеңдерде, жырларда ұлағатты толғауларды баяндады. Олардың толғауларындағы тармақтар мақалдар мен мәтелдерге айналды. Көптеген жыраулар бір мезгілдің ішінде әулие, би, абыз рөлдерін де атқарды» – деп анықтама береді.

Жыраулар философиясының ірі өкілдеріне Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар, Тәттіқара, Үмбетей сынды жыр жампоздарын жатқызамыз. Олардың дүниетанымының қалыптасуындағы басты темірқазық дәстүрлі ислам сопылық жолы болды деп айтуға негіз бар. Себебі, Қазақ хандығы тұсында Ясауи және Нақышбанди тариқатының орны ерекше болғандығы тарихи деректерден мәлім. Қазақ хандығы тұсында жасаған жыраулардың сопылық дүниетаныммен терең таныстығын олардың шығармаларының негізгі идеяларынан және қолданған сөз тіркестерінен анықтай аламыз. Жыраулар дүниенің қамшының сабындай қысқалығын, жақсы мен жаманның парқын таразылап отырады.

Асан қайғы:

Мінезі жаман адамға,

Енді қайтіп жуыспа,

Тәуір көрер кісіңмен,

Жалған айтып суыспа.

Өлетұғын тай үшін,

Көшетұғын сай үшін,

Желке терің құрысып,

Әркіммен ұрыспа.

Ашу-дұшпан, артынан,

Түсіп кетсең қайтесің,

Түбі терең қуысқа, – деп жырлайды.

Ғалым Ақбота Ахметбекова «Қазақ жыраулары және сопылық ілім» атты мақаласында: «Асан Қайғы жырларында адамгершілікке деген үндеу стилі сопылық үлгіге көп ұқсас. Ойды тура айтпай ишара, меңзеу арқылы, пайымдарын жеткізуде параллель қолдану, әр сөзге астарлы мағына телу, екі ұшты сөйлеу, аз сөзбен көп мағына беру сияқты нақыштар Йасауи стиліне жақын» – деп тұжырымдайды.

Жыраулардың толғаулары дәстүрлі исламның негізінде жазылған. Бұдан біз жыраулардың діни сауатының терең болғандығын аңғарамыз. Мәселен Бұқар жырау 1702 жылы Көкілташ медресесін тәмамдайды. Медреседе оқып жүріп араб, парсы тілдерін меңгереді. Медреседе оқып жүрген уақытында шығыс шайырларының жырларын оқып, көңілге түйеді. Көкілташ медресесінде жүргенде қалаларды аралап, әулиелердің рухына тағзым етіп, Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметтерімен» танысады. Осылайша алғашқы сауатын мұсылманша алып, ілімнің тереңіне бойлай білген жырау өзінің насихат жыр-толғауларында имандылық құндылықтарды паш етті. Бұқар жырау шариғат негіздері мен сопылық жолдың мақамдарын жетік білген.

Жыраудың діни-философиялық кең дүниетанымды қамтитын толғауы «Бірінші тілек тілеңіз» атты шығармасы. Толғау мағынасы тұрғысынан дұға іспеттес.

Бірінші тілек тілеңіз,

Бір Аллаға жазбасқа.

Екінші тілек тілеңіз,

Бір шұғыл пасық залымның,

Тіліне еріп азбасқа.

Үшінші тілек тілеңіз,

Үшкілсіз көйлек кимеске.

Төртінші тілек тілеңіз,

Төрде төсек тарртып жатпасқа,

Бесінші тілек тілеңіз,

Бес уақытта бес намаз,

Біреуі қаза қалмасқа, – деп толғайды.

Әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты Ноябрь Кенжеғараев өзінің «XVI ғасыр қазақ поэзиясындағы сопылық дәстүр» атты мақаласында Шалкиіз жыраудың Темір биге айтқан толғауында жыраудың діни-философиялық танымын айғақтайды:

«Сен алтынсың – мен пұлмын,

Сен жібексің – мен жүнмін,

Сен сұлтансың – мен құлмын,

Сен сұңқарсың – мен қумын,

Жемсауыңа келгенде,

Сұлтан ием, сом жүрегім аяман,

Керекті күні алдыңда

Ғазизленген сұлтан жаным аяман!

Шалкиіздің бұл ойлары биге айтылған мадақ емес, жыраудың сопылық дүниетанымынан туындап отырған сыры терең сөздері. Шалкиіз жыраудың Ясауи жолын, сопылық ілімді өте терең меңгергенін байқатады. Жырау Ясауи жолымен елді басқарған ханына құрметін ғана білдіріп отырған жоқ бұл жолдарда өзінің Алла жолын – Ясауи жолын ұстанған мұсылман екендігін танытып отыр» деген қорытынды жасайды.

Толғаудағы бұл тіркестер Ясауи бабамыздың «Бәрі жақсы мен жаман, бәрі бидай мен сабан» дегенімен ұқсас. Өзін жауапқа тартып, ішкі «мен»-ді өшіріп, Жаратушыға тәсілім болу сопылық жолдағы нәпсіні тәрбиелеу амалдарының бірі.

Жыраулар елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаумен қатар, Ислам дінін көшпелі халықтың санасына лайықтап жеткізді. Олардың туындыларында иман, ислам, ихсан сияқты діннің негізгі ұстанымдары аса шебер насихатталып, халықты әділдікке, сабырлылыққа, адамгершілікке үндеді. Осы арқылы жыраулар діни сауаттылықты күшейтіп, рухани иммунитетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Бұл қасиет бүгінгі радикализм қауіпі күшейген заманда да өзекті.

Уақыт озған сайын жыраулар мұрасының маңызы артып келеді. Жаһандану дәуірінде жастар түрлі жат идеологиялардың ықпалына түсіп кетуі мүмкін. Осындай тұста бабалар қалдырған тағылымды сөздер – ұлттық сананы бекітетін, жастарды радикалды көзқарастардан қорғайтын берік рухани тірек. Бабалар аманаты – халықтың бірлігі мен елдің тұтастығын сақтайтын құндылықтар жиынтығы.

Сондықтан жыраулар мұрасын ұрпақ тәрбиесіне пайдалану, оны жаңғыртып, келешекке аманаттау – әрбір саналы азаматтың міндеті. Бұл – ұлттық бірегейлікті сақтаудың, мемлекетіміздің рухани қауіпсіздігін нығайтудың және жастарды жат ағымдардан қорғаудың ең тиімді жолдарының бірі.

 

Нұрдос РАХЫМЖАН,

облыс әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу

орталығы «Оңалту» бөлімінің теологы