Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі
Осыдан бірнеше апта бұрын «Ақбұлақ» ықшамауданында түнгі сағат 04.00 шамасында жанұшыра айқайлаған жеткіншектің даусы естілді. Ұйқылы-ояу не болып, не қойып жатқанын түсіне алмай терезеден далаға үңілдік. Көліктен түскен 5-6 жігіт екі жасөспірімді соққыға жығып, қоқан-лоқы көрсетіп жатқаны анық көрінді.
Лезде киініп, тысқа жүгірдік. Әлгі жігіттер көліктеріне мініп, бой тасалап үлгерді. Жерде домалап, көмекке мұқтаж болып жатқан жасөспірімдерге қолымыздан келгенше көмек беріп, полиция мен жедел жәрдем қызметкерлерін шақырдық. Соққыға жығылған жігіттің бірінің есімі Абзал екен.
Соққыға жығылған екі жігітті жедел жәрдем қызметкерлері алып кетті.
Жалпы қазіргі қоғамда жасөспірімдердің құқықбұзушылыққа баруы – тек ата-аналар мен мектептің ғана емес, бүкіл қоғамның назарында тұрған маңызды мәселе. Сондықтан да жас жеткіншектер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға айрықша көңіл бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Нәтижесі де жаман емес. Былтыр жасөспірімдер қатысқан қылмыс саны 72 болса, 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 65-ке жетіп отыр. Бұл жеткіншектер қылмысының 9,7 пайызға төмендегенін білдіреді.
Жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту мақсатында жыл басынан бері 2 424 рейдтік іс-шара өткізілген. Нәтижесінде 12 285 ата-ана мен ересек тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 279 жайсыз отбасы, 415 жасөспірім профилактикалық есепке алыныпты. Балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында 7 221 лекция, 814 ата-аналар жиналысы, 218 «дөңгелек үстел» ұйымдастырылған.
Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмысы ұдайы назарда болуы тиіс. Бұл бағыттағы кешенді шаралар тек полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ата-ананың, мектептің және құқық қорғау органдарының әрекетіне байланысты. Жасөспірімдерді дұрыс ортаға бағыттау олардың болашағына тікелей әсер етеді. Қоғамның әр мүшесі балалардың қауіпсіз ортада өсуіне үлес қосуы қажет.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ