Заң

Жол ережесіне жаңа өзгерістер енгізілуде

Жақында 50 жасқа толған мерейтойын аман-есен өткізген бір нағашым ертесіне туған-туысын «Құдайға шүкір» деп үйіне дәм татуға шақырған.

Көптің арасында нағашы жездем Әуесхан да болды. Осы жездем мен ес білгелі жеке көлігімен адам тасып жан бағатын. Қазір жасы алпыстан әлдеқашан асып кетсе де осы кәсібін тастаған емес. Байзақ ауданының Мәдімар ауылында тұратын ол ауылдастарын Таразға әкеледі де одан ары қаланың ішінде адам тасиды. Кешке қарай да ауылына бос қайтпайды. Тараз қаласының қай көшесі қай жерде орналасқанын, оның бұрынғы атауы қандай болғанын, көшелердің аталу тарихымен қоса жүргізуші ретінде өзіне жүктелген міндеттемелерге де жетік. Дастарқан басында тойдың жоғары деңгейде өткені көп аузында ортақ тақырып болып қаузалып, одан кейін әртүрлі мәселелер сөз етіліп, бір кезде әңгіме ауаны жол жүру ережесіне енгізілген жаңа талаптарға қарай ойысты. Сол кезде: «Барлық жаңалықты осылар біледі ғой. Жол патрульдік полициясы енді кез келген жерде тұрып, өтіп жатқан көліктерді тоқтата алатын болыпты ғой», – деп маған сұраулы жүзбен қарады.

Сол кезде әңгімеге орта жолдан араласқан нағашы әпкем «Сарнай бермей тыныш отыршы, мына журналист қайның газетіне жазып жіберер, тыныштық керек» деп еді, жездем «Жазса жазсын, несіне қорқамын. Негізі ереже бұзбасаң ешкім сені тоқтатпайды. Ал ереже бұзған адам айыппұл арқаламас үшін бірінші болып әрекет жасайды, полицияны жемқорлыққа итермелейді» деп сөзін нығырлады. Жиналғандар оның мұнысын сөздің турасын айтып отырғанын, не ақталғанын аңғара алмай аңтарылған күйі қалды.

Ертесіне ел ішінде тараған жол жүру ережесіне қатысты енгізіліп жатқан осы өзгерістердің анық-қанығына көз жеткізбек болып, облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының инспекторы, полиция аға лейтенанты Шыңғысхан Кемпірбекке хабарластық. Оған «Жол полициясы қызметкерлері енді кез келген жерде тұра қалып, көліктерді тоқтата бере ме? Бұл іс прокуратура немесе басқа да тиісті органдардан рұқсат алу арқылы немесе басшылықтың бұйрығы бойынша арнайы белгіленген орындарда жүзеге асырыла ма?» деген секілді сұрақтар қойдық.

Жол ережесіне қатысты өзгерістер қолданысқа шетінен енгізілуде. Дегенмен оның дұрыс-бұрыстығын уақыт көрсете жатар. Ал көптің пікірі қашанда екіге жарылатыны бұрыннан бар мәселе. Әзірге біреу мұны «ескі жүйені кері қайтару» десе, тағы бірі жүргізушілер арасында қатаң тәртіп орнайтынына сенімді.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ