Брифинг

Негізгі миссия – тиімділік

Облыста мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыру және мемлекеттік жобаларды тиімді басқаруды қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осы орайда өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық жобалық басқару және цифрландыру орталығының басшысы Гүлпара Ташенова мемлекеттік секторда жобалық басқару қағидаларын енгізу мен олардың тиімділігі туралы баяндама жасады.

Гүлпара Алашбайқызы өз сөзінде орталықтың негізгі бағыттарын егжей-тегжейлі атап өтті.

Орталық басшысының айтуынша, жобалық басқару тәсілдерін қолдану мемлекеттік сектордағы қызмет көрсету сапасын арттырумен қатар, өңірдегі ұлттық жобаларды тиімді жүзеге асыруға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар, бұл жүйе мемлекеттік органдар мен мүдделі тараптар арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіріп, барлық процестерді цифрлық платформа арқылы ашық қадағалауға мүмкіндік береді.

Гүлпара Алашбайқызы жобалық басқару қағидаларын қолдану арқылы облысымыз мемлекеттік қызмет саласында өз үлгісін көрсетіп отырғанын жеткізді. Бүгінгі таңда облыстың жобалық офисі апта сайын скрам-жиындарын өткізіп, мемлекеттік органдардың жобалық көрсеткіштерін талдап, рейтингін қалыптастырады. Бұл тәжірибе өңірлік деңгейде жобалық басқарудың тиімділігін көрсетіп, басқа облыстарға да үлгі бола алады.

 

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ