IT технологияға баулитын үйірме
Биыл Бетқайнар ауылында балалар үшін тың бағыттағы ерекше робототехника үйірмесі ашылды. Бұл игі бастама ауыл оқушыларының ғылыми-техникалық шығармашылығын дамытуға және жаңа технологиялар әлеміне қызығушылығын арттыруға жол ашты.
Үйірменің негізін қалаушы – Нұртөре Мәлікұлы. 2003 жылы Бетқайнар ауылында дүниеге келген ол инженер-энергетик мамандығын меңгеріп, кейін физика пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Ауылдық мәдениет үйі ашылған сәтте Нұртөре өз бастамасымен робототехника үйірмесін ұйымдастыруды ұсынған. Бұл идея қолдау тауып, аз уақыт ішінде ауыл балалары арасында кең танымалдыққа ие болды.
Робототехника үйірмесі 2025 жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс істейді. Қазіргі таңда үйірмеге 50-ге жуық оқушы қатысады. Сабақтар екі бағытта жүргізіледі. LEGO жинақтарымен робот құрастыру (1-4-сыныптар) және Arduino негізіндегі автоматтандырылған жүйелерді құрастыру (5-7 сыныптар).
Бұл бағыттар жас ерекшелігі мен тапсырманың күрделілігіне қарай бөлінген. Кіші сынып оқушылары қарапайым механизмдер мен қозғалыс элементтерін үйренсе, жоғарғы топтағы оқушылар бағдарламалау негіздерін меңгеріп, күрделі жобалар әзірлейді.
Үйірме барысында балалардың қол моторикасы, инженерлік ойлау қабілеті, логикалық және шығармашылық дағдылары дамиды.
Үйірмеге қатысушы оқушылардың бірі Айтөре Оразғали өз әсерімен бөлісті.
Нұртөре Мәлікұлының айтуынша, үйірме – жай ғана қосымша сабақ емес, ауыл балаларына болашақ инженерлер мен IT мамандарының алғашқы баспалдағы болмақ. Балалар тәжірибе жүзінде физика, математика және информатика пәндерінің байланысын көріп, нақты нәтижеге жетуді үйренеді.
Бүгінде Бетқайнар ауылындағы бұл бастама аудандық деңгейде ғана емес, облыстық білім беру саласында да үлгі боларлық жобаға айналып отыр. Ауылдық мәдениет үйінде ашылған үйірме ауыл жастарының болашағына салынған сенімді инвестиция.
Мадина ӨЗБЕКОВА,
журналист,
Қордай ауданы