Цифрлық Қазақстан

«ChatGPT»-тің кейбір қызметі шектеледі

Жасанды интеллект күнделікті өміріміздің маңызды бөлігіне айналған сайын оның қауіпсіздігі мен жауапкершілік мәселесі де өзекті бола түсті. Әсіресе ChatGPT сияқты қуатты тілдік модельдер көптеген пайдаланушылардың денсаулық, заң, қаржы және басқа да күрделі салаларға қатысты кеңес алу көзіне айналып үлгерген еді. Дегенмен мұндай ауқымды технология адам өміріне тікелей әсер етуі мүмкін болғандықтан, OpenAI компаниясы қызметтерін пайдалану саясатын қайта қарап, жаңа талаптар енгізгенін жариялады.

Компания мәлімдемесінде өзгерістердің негізгі мақсаты – жасанды интеллектіні дұрыс қолданбаудан туындайтын зиянның алдын алу және пайдаланушылардың қауіпсіздігін қорғау. Соңғы уақытта чат-бот көмегімен өзін-өзі диагностикалап, оның ұсынған дәрілерін қабылдаған немесе заңгер орнына пайдаланған адамдар көбейгені белгілі. Мұндай әрекеттердің тәуекелі жоғары болғандықтан, OpenAI ChatGPT-тің кәсіби лицензия талап етілетін салаларда нақты кеңес беруіне тыйым салды. Бұл ереже адамның араласуынсыз жасалатын автоматтандырылған шешімдердің алдын алып, қателікке жол бермеу мақсатын көздейді.

Жаңартылған саясатта жеке деректерді қорғау ерекше назарға алынған. Енді адам рұқсатынсыз оның бейнесін немесе дауысын қолдануға, сондай-ақ шынайы портреттер немесе дауыс үлгілерін жасауға тыйым салынады. Сонымен қатар сервис адамның жеке ерекшеліктеріне қарап оның қылмыс жасау ықтималдығын бағалай алмайды. OpenAI мұндай әрекеттердің жеке құқықтар мен бостандықтарға нұқсан келтіретінін және қоғамда қауіпті үрдістерге жол ашуы мүмкін екенін атап көрсетеді. Компанияның пікірінше, жасанды интеллект еш жағдайда адамның жеке өміріне ену құралына айналмауы тиіс.

Кәмелетке толмағандарды қорғау саясаты да айтарлықтай күшейтілді. Енді балалардың сыртқы келбеті туралы пікір айтуға немесе оларды жасына сай емес мазмұнға бағыттауға болмайды. Дұрыс емес тамақтану әдеттерін, зиянды әрекеттерді насихаттау да қатаң түрде шектелген. Мұның бәрі интернеттегі балалар қауіпсіздігі туралы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.

OpenAI сондай-ақ қызметтерін зорлық-зомбылықты, суицидті, тамақтану бұзылыстарын, терроризмді немесе қару қолдануды насихаттауға пайдалануға болмайтынын еске салды. Кез келген қауіп төндіретін немесе қоғамға зиян келтіруі мүмкін әрекеттерге жасанды интеллекттің қатысуына тыйым салынған. Платформаны құмар ойындарын ұйымдастыру немесе ақша тігу жүйелерін құру үшін қолдануға да болмайды. Компанияның айтуынша, мұндай шектеулер жасанды интеллекттің қауіпті бағыттарда қолданылуына жол бермеу үшін қажет.

Жаңартылған саясаттың тағы бір қыры – мазмұн сүзгісінің жасы расталған ересек пайдаланушыларға арналған нұсқада жеңілдетілуі. Бұл нұсқада эротикалық сипаттағы контентпен өзара әрекеттесу және жеке хат алмасу мүмкіндігі енгізілетіні хабарланды. Бұл өзгеріс әртүрлі пайдаланушы топтарының қажеттіліктерін ескеру мақсатында жасалып отыр. Дегенмен мұндай мүмкіндік тек жас шектеуі расталған жағдайда ғана қолжетімді болады.

Компания жасанды интеллектіні сезімтал психологиялық жағдайларда пайдалану мәселесіне де назар аударды. Бұған дейін ChatGPT күйзеліс, эмоциялық дағдарыс, моральдық таңдаулар секілді тақырыптарда қауіпсіз жұмыс істеуі үшін жаңартылған болатын. Алайда жаңа саясат бұл бағытта да абай болуды талап етеді – модель тек қолдау сипатындағы жалпы ақпаратпен шектеледі.

OpenAI өкілдері жасанды интеллектіні дамыту мен қауіпсіздікті сақтау арасындағы тепе-теңдікті табу оңай емес екенін атап өтеді. Сондықтан компания саясатты тұрақты түрде қайта қарап, қоғамға зиян келтірмеуге бағытталған шараларды күшейтіп отырады.

 

«AR-AI»-ақпарат