Саясат

Әйелдер әлеуметтік мәселені жүрегімен сезінеді

Елімізде жүргізіліп жатқан гендерлік саясаттың нәтижесінде әйелдер қауымының қоғамдағы белсенділігі айтарлықтай артып келеді. Бүгінде қыз-келіншектер қызмет етпейтін сала кемде-кем. Білім, бизнес, басқару, басқа да бағыттарда нәзік жанды аруларымыздың өзіндік орны бар. Бұл тұрғыда атқарылған жұмыстармен шектелмей, алға нақты мақсат қоюдың да маңызы зор. «AMANAT» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысында осы мәселе жан-жақты талқыланды. Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының «Әйелдер денсаулығы мен отбасылық құндылықтарды насихаттау» бағыты бойынша тең төрағасы Гүлдара Нұрым, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Серік Құрманбеков қатысты.

Басқосуды партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов ашып, жүргізіп отырды.

Фракция отырысында  «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының  басшысы, облыстық мәслихат депутаты Айман Әшімова «Әйелдердің өңірлік деңгейдегі шешім қабылдау үдерісіне қатысуы» тақырыбында баяндама жасады.  

Баяндамашының айтуынша, облыста 612 мыңнан астам әйел тұрады. Бұл – өңір халқының жартысынан көбі, яғни үлкен әлеуметтік-саяси ресурс.

Әлеуметтік сала қызметкерлерінің 82 пайызы – әйелдер. Білім беру саласында 29 мыңнан астам, ал денсаулық сақтау саласында 19 мыңға жуық әйел еңбек етіп жүр. 104 мың шағын және орта бизнес субъектілерінің 52 пайызы – қыз-келіншектерге тиесілі екен. Сонымен қатар партия мүшелерінің 66 пайызын  әйелдер құрайды.

–Өңірлік Әйелдер қанаты 360-тан астам белсенді әйелді біріктіріп отыр. Олардың арасында депутаттар, кәсіпкерлер, дәрігерлер, мұғалімдер, ғалымдар, журналистер бар.

Тек биылдың өзінде 80-нен астам іс-шара өткізіліп, 6 мыңға жуық адам қамтылды.

Республикалық  «Әйел аманаты» Тұжырымдамасы аясында биыл іске қосылған өңірлік «Айша бибі»  жобасы – нақты нәтиже беріп жатқан бағдарлама. Бұл қолдау  сайлауға қатысқысы келетін, лауазымға ұмтылған немесе көшбасшы болғысы келетін әйелдерге арналған.

Биыл Қордай, Сарысу, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарында Әйелдер көшбасшылығы мектебі өтті.

120-дан астам әйел коммуникация, командамен жұмыс, шешім қабылдау, сайлау процесі бойынша практикалық дағдылар алды.

Кәсіпкер болғысы келетін әйелдерге арналған «Әйел табысы» керуені төрт ауданды - Жамбыл, Меркі, Талас және Жуалы аралап, нәтижесінде 6 әйел өз кәсібін ашты.

«Ауыл аманаты» жобасының да үлесі зор. Жеңілдетілген несие алып, кәсіп ашқан тұрғындардың 30 пайыздан астамы – әйелдер.

«Әйелдерге ыңғайлы кәсіпорын» жобасы аясында біз тамыз айында облыстағы 24 орта және ірі кәсіпорынға мониторинг жүргіздік. Жұмысшы әйелдердің еңбек жағдайымен таныстық. Әйелдер үшін қолайлы еңбек жағдайы бар, бірақ икемді жұмыс кестесі, медициналық тексерулер сияқты бағыттарда әлі де түйткілдер жетерлік.

Сонымен қатар «Тараз 24» телеарнасымен бірлескен «Бақыттың бағасы» подкаст жобасы іске қосылды. Төрт ғалым әйел туралы арнайы материалдар дайындалды.

Ғалым әйелдердің энциклопедиясы әзірленіп жатыр.

«Анаға тағзым» орталығымен бірлесе әзірленген жас қаламгер қыз-келіншектердің өлеңдер жинағы жарыққа шығуға дайын.

«Балаңа уақыт арна» жобасы бойынша ата-аналарға арналған 20-дан астам кездесу өтті.

«Баланы мектепке дайындайық» жобасы аясында Әйелдер қанаты 150 балаға көмек көрсетті. Партия тарапынан – 3370 балаға 75 миллион теңгенің көмегі берілді.

Сонымен бірге Әйелдер қанатына жүгінген 16 әйелдің мәселесі толық шешілді. Атап айтқанда,  3 әйел жұмысқа орналасты, 11 әйел құқықтық кеңес алды, 2 әйел материалдық көмекпен қамтылды.

Дәрілік препараттар бойынша өте маңызды жетістікке қол жеткізілді. Әйелдер қанатының бастамасымен терінің созылмалы қабыну ауруы - атопиялық дерматитке арналған Дупилумаб препараты тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі тізіміне енгізілді. Бұл маңызды медициналық қолдау.

«Цифрлық қоғам»  жобасы аясында білім саласына жасанды интеллектті  енгізу бойынша «Жасанды интеллект педагогтың көмекшісі ретінде» атты тегін онлайн курсын өткізу бойынша педагогтермен кездесу өткізілді. Біздің партия құрамындағы 30 пайыздан астам педагогтарды қолдау мақсатында біз мұғалімдерге жаңа мүмкіндіктер ұсынуды жалғастырамыз, –деді А.Әшімова.

Баяндамашы өз сөзінде нақты ұсыныстарды да тілге тиек етті.

Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының «Әйелдер денсаулығы мен отбасылық құндылықтарды насихаттау» бағыты бойынша тең төрағасы Гүлдара Нұрым сөз сөйлеп, тақырыпқа қатысты орамды ойларын ортаға салды.

Ал жеке кәсіпкер, «Білім» кәсіби- гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры, Тараз қалалық Әйелдер қанатының  үйлестірушісі Жанат Ертаева әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыру, кәсіпкерлікті қолдау тетіктері мен өңірлік мүмкіндіктер туралы сөз қозғады.

«Шебер шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, өңірлік Әйелдер қанатының «Инклюзивті қоғамды дамытуға жәрдемдесу» бағытының жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Анар Бексұлтанова «Әлеуметтік бейімделу мен тең мүмкіндіктердің аймақтық даму басымдықтары» тақырыбына тоқталды.

Фракция отырысында сонымен қатар  облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Айдана Биғабылова сөз алып,  тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әйелдердің құқықтық мәдениетін көтеру мәселесін тілге тиек етті.

Басқосуда сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлау науқаны барысында сайлаушылардан түскен аманаттардың және сайлауалды бағдарламаларының орындалу барысы туралы партияның облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясы мүшелерінің есептері тыңдалды.

 

Асан Тілемісов