Жаңалықтар

Риелторлар міндетті өзін-өзі реттеу жүйесіне өтеді

Риелторлық қызмет нарығын алда ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Бұл процесс алғаш рет үкіметтік деңгейде қарастырылып отыр. Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық еткен Ведомствоаралық комиссияның отырысында мемлекет риелторлық қызмет саласында міндетті кәсіби өзін-өзі реттеуді енгізуді қолдады.

Бұл шешім соңғы айларда Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков жүргізіп келе жатқан жұмыстың заңды жалғасы болып отыр. Ол парламенттік тыңдауларда, жұмыс кеңестерінде және салалық бірлестіктермен кездесулерде реформаның қажеттілігін жүйелі түрде көтеріп, «жылжымайтын мүлік нарығындағы ретсіздікті елемеуге болмайды, азаматтар адал емес делдалдардан қорғалуы тиіс» деп атап өткен болатын.

Ішінде лицензиялау да бар алты талдамалық нұсқа талқыланғаннан кейін, Ведомствоаралық комиссия өзін-өзі реттейтін ұйымдар моделінің ашықтықты, жауапкершілікті және кәсіби стандарттарды қамтамасыз ете алатынын мойындады. Мұндай ұстанымды бұған дейін депутаттың өзі де, Ұлттық риелторлар палатасы - Pana да қолдап келген.

Отырыстың маңызды нәтижелерінің бірі – бірыңғай уәкілетті органды айқындау. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі риелторлық қызмет саласын ресми түрде қадағалау тапсырмасын алды. Бұрын сала бірнеше ведомствоның қарамағында болып, жүйелі бақылау болмаған еді. Енді бұл мәселе реттеледі.

Олжас Құспеков реформаның әлдеқашан пісіп-жетілгенін атап өтті. Бүгінде кез келген адам өзін риелтор деп атап, өз шарттарымен комиссия алып, клиент алдында нақты жауапкершіліксіз жұмыс істей береді. Сол себепті ол риелторлардың бірыңғай тізілімі, типтік шарт, этика кодексі, тәртіптік жүйе, өтемақы қоры және міндетті жауапкершілік сақтандыруы сияқты бірқатар жүйелі шешімдер ұсынды. Сонымен қатар, саланы цифрландыру бағытында ұлттық мультилистинг жүйесін құру да қарастырылған.

Сарапшылардың бағалауынша, ұсынылған шаралар алаяқтық операцияларды азайтып, шағымдар санын төмендетуге және тұрғын үйді сатып алу-сату процесін азаматтар үшін қауіпсіз етуге мүмкіндік береді.

 «Республика» партиясының баспасөз қызметі