«Kaspi Alaqan» қаншалықты қауіпсіз ?
Бір брендтің аясында түрлі қызметтердің басын қосып, дамытып отырған «Kaspi.kz» мобильді қосымшасы қазақстандықтардың өмірін біраз жеңілдеткені шындық. «Kaspi.kz» қосымшасының көмегімен төлем жасап, ақша аударып, жеке қаражатты басқарып, сондай-ақ бонус алып отырмыз.
«Kaspi.kz» компаниясының халық арасында танымал, қолма-қолсыз төлем мен сатып алуды ыңғайлы, тиімді жасаған сүйікті өнімдерінің бірі – «Kaspi Gold» картасы. «Kaspi Gold»-тың айналасында көптеген тиімді сервистер жинақталған. Мысалы, жылдам аударым, комиссиясыз төлем, қолма-қол емес сатып алу және тиімді бонустар. Бұл сервистердің көпшілігі тікелей «Kaspi.kz» ұялы қосымшасы арқылы жүзеге асады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын «Kaspi Gold» картасы және кейінірек қосымшадағы QR-код арқылы төлем жасау мүмкіндіктері пайда болғанда халық үшін үлкен жаңалық болған еді. Алайда алдағы уақытта қолма-қол ақшаның да, төлем картасының да қажеті болмай қалуы мүмкін.
Жуырда «Kaspi.kz» басшысы және негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе миллиондаған қазақстандықтардың өмірін жеңіл, қауіпсіз ететін жаңа сервистерді ұсынды.
Басты жаңалық – «Kaspi Alaqan» сервисі. «Kaspi Alaqan» – алақанды сканерлеу арқылы жасалатын төлем жүйесі. Михаил Ломтадзенің айтуынша, «Kaspi Alaqan» желтоқсан айында Алматыда, кейін бүкіл ел аумағында іске қосылады.
Кез келген жаңа жүйе іске қосылған жағдайда өзіндік жұмыс істеу тәртібі, талаптары да болатыны белгілі. Банк мамандарының айтуынша, интернетті қажет етпейтін жүйе қаржылық қиындықтарды болдырмауға жол ашады.
Дейтұрғанмен жаңа төлем жүйесі қаншалықты қауіпсіз?! Осы ретте алақан арқылы төлем жасау технологиясының іске қосылуына қатысты пікір білдірген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова кез келген жаңа технология енгізілген кезде ең алдымен қауіпсіздік жіті назарда болуы керек екенін жеткізді.
Өткен мен бүгінді салыстырсақ, төлем мәдениеті бір ғана буынның көз алдында қаншалықты өзгергенін аңғаруға болады. Бір кезде сауда жасаудың басты құралы қолдағы ақша болса, кейін карталар дәуірі келді. Ал биометриялық төлем жүйесі қолданысқа енгізілмек. «Kaspi Alaqan» осы эволюцияның жаңа бағыты, жаңа тынысы десек те артық айтқанымыз емес.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ