Кем-кетік бюджет есебінен бүтінделеді
Мәдениет саласының дамуы екі-ақ жағдайға негізделген. Оның бірі – бұрыннан бар мұраны сақтау, екіншісі – өркениет көшіне ілесу үшін алға жылжу. Осы екеуін қатар алып жүре алмасақ, онда бәрі де бекер. Демек, қолда бар дүниені қорғау үшін де, саланы заманауи тұрғыда дамыту үшін де мемлекеттік қазынадан немесе жергілікті бюджет есебінен қаржы жеткілікті көлемде бөлінуі керек.
Халықтық мәдениетіміз бен өнеріміздің көкке көтеріліп, ұлттық құндылықтарымыздың дәріптелуіне себепкер болып отырған облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты нысандар өңірде аз емес. Бүгінде олардың жалпы саны – 507. Оның 16-сы тікелей басқармаға қараса, қалғаны Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің құзырында. Облыс аумағында 203 мәдениет үйі мен клуб, 275 кітапхана, екі-екіден драма театр мен кинотеатр, бір филармония, 19 музей бар екен. Сонымен бірге облыстық халық шығармашылығы орталығы, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қайта қалпына келтіру дирекциясы, Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану орталығы», айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер орталығы және «Тілдерді оқыту орталығы» жұмыс істейді. Осы мекемелердің барлығын заман талабына сай ұстап тұру үшін бюджеттен жылда тиісті қаржы қарастырылады. Мысалы, өткен жылы облыстағы мәдениет саласын дамытуға 3,1 миллиард теңге бөлініп, осы қаржыға 20 мәдениет нысанында құрылыс жұмыстары жүргізіліпті. Аталған нысандардың ішінен 8-і пайдалануға берілген. Атап айтқанда, Байзақ ауданындағы Кеңес, Жамбыл ауданындағы Ақбұлым мен Аса, Қордай ауданының Бетқайнар, Қарасай батыр және Қордай, Т.Рысқұлов ауданындағы Ақыртөбе, Талас ауданындағы Көктал ауылы жаңа мәдениет орындарымен толығыпты. Осы жылы да бұл бағыттағы жұмыс жанданған. 2025 жылға 16 мәдениет нысанының құрылысын салуға 1,3 миллиард теңге қарастырылыпты. Қазіргі таңда олардың 9-ы аяқталып, халық игілігіне беріліп отыр. Тарқата айтқанда Қордай ауданының Үлкен Сұлутөр, Мойынқұм ауданындағы Айдарлы, Шу ауданының Белбасар, Байзақ ауданындағы Мырзатай ауылында бір-бір мәдени нысан ел игілігіне ұсынылған. Сонымен қатар Жамбыл ауданындағы Қызылқайнар ауылында кітапхана ғимараты мен Аса ауылында балалар-жасөспірімдер орталығы, Тараз қаласында «Тектұрмас» кешеніндегі «Ежелгі бекініс» ғимараты мен «Құмшағал» алқабында мәдениет үйі салынған. Жыл соңына дейін Жуалы ауданындағы Көлбастау және Қордай ауданындағы Қақпатас ауылында екі мәдениет үйінің құрылысы аяқталмақ. Ал қаржылық жоспар бойынша Жамбыл ауданындағы Шыңғыс Ниязбеков және Бесағаш ауылдарының, Талас ауданындағы Ойық және Үшарал ауылдарының, сондай-ақ Т.Рысқұлов ауданындағы Жаңатұрмыс ауылының мәдениет үйлері 2026 жылға өтпелі нысан ретінде қарастырылған екен. Сондай-ақ биыл жергілікті бюджеттен 189 миллион теңге бөлініп, облыс бойынша 13 мәдениет нысанына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.
Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тапқан. Облыстық бюджеттен 87,1 миллион теңге бөлініп, Талас ауданындағы екі мәдениет нысанының қазандығы газға ауыстырылыпты. Бөлтірік ауылдық клубына газбен жұмыс істейтін қазандық орнату үшін арнайы бөлме салынып, оған 46,8 миллион теңге жұмсалса, Үшарал ауылындағы мәдениет үйіне де жаңа қазандық салу үшін 40,3 миллион теңге бөлінген. Жамбыл ауданының Ерназар мен Шайдана ауылдарындағы клубтардың қазандықтары жергілікті бюджет есебінен газға ауыстырылып, тиісті жұмыстар толық аяқталыпты. Бұдан бөлек, Өрнек, Ащыбұлақ, Шайдана және Ерназар ауылдарындағы кітапханалардың да жылыту жүйесі жаңартылып, газға қосылған екен. Қордай ауданындағы Қайнар, Степное және Еңбек ауылдарындағы мәдениет үйлерінің қазандықтарын ауыстыруға аудан бюджетінен 18 миллион теңге бөлініп, үш нысан да газ тұтынуға көшкен.
Былтыр барлығы 11 мәдениет нысаны газбен жылыту жүйесіне ауыстырылыпты. Бірақ газға қосылуы тиіс 25 мәдени мекеме бар. Оларды 2025 жылы газға қосу үшін аудан әкімдіктері сметаларын дайындап, бюджеттен қаржы күтіп отыр.
Мәдениет саласының дамуы негізінде осы салаға бөлінетін қаржы көлеміне тікелей байланысты екенін сөз басында айттық. Оның ішінде біз жаңа нысан салу, тозығы жеткен мәдениет үйлерін жөндеу, кітапхана мен музей инфрақұрылымын жаңарту, мекемелерді газға қосу мәселесін тілге тиек еттік. Десе де ұлтқа пайдасы тиер көптеген іс-шараларды өткізу өз алдына бөлек мәселе. Бастысы аталған салаға қаржылық қолдау көрсету толастамаса, бабадан қалған мұраларымыз сақталып, қазақы болмысымызға тән салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, ұлттық мәдениетіміз бен руханиятымыз өркендей беретіні хақ.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ